
Түркістан облысына Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов жұмыс сапарымен келіп, су қоймаларының жай-күйімен, гидротехникалық құрылыстарды қайта жаңғырту жұмыстарының барысымен және еліміздің оңтүстік өңірлерін тұрақты сумен қамтамасыз ету бойынша атқарылып жатқан шаралармен танысқан болатын.
Үкімет басшысына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров өңірде қолға алынған жобалар мен алдағы жоспарларды баяндады.
– Соңғы жылдардағы ауа райының құрғақ болуы мен су көлемінің азаюына байланысты ағын су мәселесі өзекті болып келеді. Сондықтан біз су үнемдеу технологияларын енгізуге күш салып жатырмыз. Су нысандарын реттеу мен салу жұмыстары да бақылауда тұр, – деді Нұралхан Көшеров.
ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов «Шардара» су қоймасын көрді. Сонымен бірге «Көксарай» су реттегіш нысанын да қадағалады. Жауаптыларға ағын сумен қамту жұмысын күшейтуді тапсырды.
«Мемлекет басшысы көктемгі және еріген қар суын жинап, оны егістікке тиімді пайдалану үшін 20 жаңа бөген салу, кемінде 15 су қоймасына күрделі жөндеу жүргізу жөнінде тапсырма берген болатын. Таяу уақытта “Бәйдібек ата” және “Боралдай” су қоймалары арқылы “Бөген” су қоймасына қосымша 113 миллион текше метр су берілгенінің арқасында Түркістан қаласы кепілді түрде сумен қамтамасыз етілетін болады. Трансшекаралық су көздерінен келетін су көлемі жылдан-жылға азайып келеді. Соған байланысты біз ішкі су қорларын барынша пайдалану үшін қосымша су қоймаларын салу жолдарын қарастыруымыз қажет», – деп атап өтті Олжас Бектенов.
Естеріңізде болса, Түркістан облысына кешегі іссапарының алдында Премьер-министр Олжас Бектенов 17 шілдеде оңтүстік өңірлерді суармалы сумен қамтамасыз ету мәселелері жөнінде жиын өткізген болатын. Онда Су ресурстары және ирригация министрлігінің мәліметіне сәйкес, суармалы су көлемінің 98 проценті Жетісу, Алматы, Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстарына кететіндігін білгенбіз. Ол аймақтарда 1,2 миллион гектар жер суарылады.
“Бекітілген жоспарға сәйкес, аталған өңірлерге биылғы суару маусымында 10,1 миллиард текше метр су беру жоспарлануда. 15 шілдедегі жағдай бойынша әзірге 7 миллиард текше метр су жұмсалған, вегетациялық кезеңнің соңына дейін тағы 3,1 миллиард текше метр су берілмек”, — деген-ді министр Нұржан Нұржігітов.
Оның айтуынша, Түркістан облысында ылғалды көп қажет ететін дақылдарды рұқсатсыз егу, сондай-ақ, оңтүстік өңірлерде суды заңсыз пайдалану фактілері бар. Премьер-министр ондай фактілерге жол бермеуді тапсырды. Ал ылғалды көп қажет ететін дақылдарды рұқсатсыз егуге жол берген лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылатын болады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.