
Биыл Қазақстан Полициясына — 33 жыл. Осынау айтулы күнде Түркістан облысы Полиция департаменті салтанатты шара өткізді. Жиынға ішкі істер органының ардагерлері, облыс әкімдігінің басшылығы мен жеке құрам қатысты.
Сахна шымылдығы мерекелік бейнероликпен бастау алып, ҚР Мемлекеттік туы құрметпен кіргізілді. Әнұран шырқалып, жиынға қатысушылар полиция қатарында қызмет етіп, жұмыс барысында қаза тапқан полиция қызметкерлерінің рухына бас иіп, тағзым етті. Полиция қызметінің асқан жауапкершілігі бейнеленген театрландырылған қойылым көрсетілді.
Ал алғашқы құттықтау сөзді облыс әкімі Нұралхан Көшеров алып, өңір тыныштығын күзетіп жүрген тәртіп сақшыларын марапаттады. Сондай-ақ Ұлттық қауіпсіздік генералы Болат Қалмырзаев та ыстық ықыласын арнап, полицейлерге алғыс білдірді. Одан әрі құттықтау сөзін полиция генерал-майоры Мұрат Қабденов алып, халыққа қалтқысыз қызмет етіп жүрген полицейлерге ризашылығын білдірді.
«Құрметті ішкі істер органдарының ардагерлері! Сіздерді мерекемен құттықтай отырып, арамызда ақыл кеңестеріңізді аямай, қоғамның дамуына үлес қосып жүргендеріңіз үшін алғыс білдіремін. Еліміздің қорғандары, қадірлі әріптестер! Заң мен тәртіп қағидаты мен қоғамдық тұрақтылық жолындағы еңбектеріңіз ел алдында елене берсін! Қызметте сәттілік пен абырой тілеймін!», — деп ақжарма тілегін жаудырды.
ҚР ІІМ-нен арнайы келген түрлі санаттағы марапаттар өз иелеріне салтанатты түрде табыс етілді. Түркістан облысы ПД басшылығы тарапынан жазылған грамота, алғыс хаттар өз иелеріне үлестірілді. Осылайша өңірдің өркендеуі мен дамуы үшін аянбай еңбек етіп, өздерінің қызметтік міндеттерін адал атқарып, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген ең үздік қызметкерлерге қошемет көрсетілді.
Естеріңізде болса, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа мәжілісінде сөз сөйлеген болатын. «Бүгін елімізде – Полиция күні және Мемлекеттік қызметші күні аталып өтуде. Сондықтан, алдымен, еліміздегі полиция қызметкерлері мен мемлекеттік қызметшілерді кәсіби мейрамдарымен құттықтаймын.
Мемлекетке қызмет ету – ең құрметті әрі аса жауапты міндет. Сіздер заң мен тәртіпті сақтауға және азаматтардың құқығын қорғауға зор үлес қосып жүрсіздер.
Қазір дүние жүзі алмағайып, бұлыңғыр, яғни, өте күрделі кезеңді бастан өткеруде. Осындай құбылмалы уақытта қоғамдық қауіпсіздікті сақтау, заңның мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз ету – айрықша маңызды міндет.
Сол себепті, бүгін біз алғаш рет осындай құраммен жиналып отырмыз. Құқық қорғау жүйесіндегі барлық жауапты құрылымдар жұмыла жұмыс істеуі қажет.
Елімізде «Заң мен тәртіптің» қатаң сақталуына қоғам өкілдерінің қосар үлесі де орасан зор. Қазір осы жиынға орталық және жергілікті атқарушы орган басшылары, депутаттар, сарапшылар және белсенді азаматтар қатысып отыр.
Күштік құрылымдарды жаңғырту ісінде жаңа буынның атқаратын рөлі ерекше. Сол себепті, бүгінгі басқосуға академиялардың курсанттары да арнайы шақырылды.
Трансұлттық қылмыстық топтармен күресу үшін халықаралық ынтымақтастықты дамыту өте маңызды. Осы жерде бүгін шетелдік полиция атташелері отыр. Құқық қорғау органдарымен жүргізіп жатқан халықаралық ынтымақтастық жұмысы үшін Сіздерге ерекше ризашылығымды білдіремін» — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айтулы іс-шара соңында еңбегі еленіп, марапатқа ие болған тәртіп сақшылары өздерінің шынайы алғыстарын жеткізіп, бұл марапаттар — алдағы жұмыстарына жаңа серпін беретінін айтып өтті. Сахна төріне Асқар Жүнісбеков пен облыстың өнер майталмандары шығып, ән шырқап, жиналғандарға мың бұралған бишілер биін тарту етті. Іс-шара соңында қонақтар естелікке суретке түсіп, ерекше көңіл-күйде тарқасты.
Ал 28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне орай Түркістан облысындағы «Eco Village Kaskasu» демалыс аймағында салтанатты іс-шара өтті. Оған аймақтың ардагер журналистері, еңбегімен дараланып жүрген үздік БАҚ өкілдері шақырылды. Салтанатты, шабытты мерекеге Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров арнайы қатысып, журналистерді құттықтады.
– Сіздерді Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын! Мемлекеттің дамуы үшін ақпарат құралдарының маңызы айрықша. Халық пен билік арасындағы «алтын көпірге» айналған БАҚ өкілдері қашанда құрметке лайық. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Журналистерге айрықша сенім мен зор жауапкершілік жүктеледі. Журналистің ағартушылық миссиясы алдыңғы қатарға шықты. Кез келген ақпаратты мұқият елеп-екшеп, жұртқа дұрыс жол көрсету өте маңызды» деген болатын. Осы сенімді ақтап, Мемлекет басшысының реформаларын жүзеге асыруға қосқан үлестеріңіз үшін сіздерге зор алғысымды білдіремін. Биыл облыс орталығының Түркістанға көшірілгеніне 7 жыл толды. Қысқа уақыт ішінде өңір үлкен өзгерістер мен даму жолынан өтті. Бұл өзгерістерге журналистер үлкен үлес қосты. Кәсіби ұстанымға адал болып, шынайы ақпарат таратып жүрген БАҚ өкілдеріне алғысым мол. Қаламдарыңыз қуатты, еңбектеріңіз жемісті болсын! Отбасыларыңызға бақ-береке және сіздерге шығармашылық табыстар тілеймін! – деді Нұралхан Көшеров.
Мерекелік іс-шарада ақпарат саласында жемісті еңбек етіп жүрген БАҚ өкілдері марапатталды. Атап айтқанда, журналистика саласының үздіктеріне «Құрмет» ордені, «Ерен еңбегі үшін» медалі, «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісі, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты тапсырылды. Сонымен бірге Түркістан облысы әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты, «AMANAT» партиясының облыстық филиалы төрағасының Алғыс хаты да өз иелерін тапты.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
