Түркістан облысының әкімі Франция мемлекетінің компанияларын өңірге инвестиция салуға шақырды

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Франция Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Сильван Гиогемен кездесті. Кездесу барысында әріптестікті нығайту мен инвестиция тарту, бірлескен жобаларды жүзеге асыру бағытында келіссөз жүргізілді. Өңір басшысы Түркістан облысының инвестициялық әлеуеті туралы баяндады. Франциялық танымал компаниялар мен брендтерді Түркістанда жұмыс істеуге шақырды.

– Сізді Түркістан облысында қарсы алғаныма қуаныштымын. Қазақстан мен Франция – маңызды экономикалық серіктестер, ал біздің қарым-қатынасымыз 1992 жылдан бері белсенді дамып келеді. Дәл сол жылы сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Франция үкіметаралық комиссиясы құрылған болатын. Елімізде француз капиталы бар 170-ке жуық компания табысты жұмыс істеуде. Ынтымақтастықтың жарқын мысалы – Түркістан облысындағы Мойынқұм және Төртқұдық уран кен орындарын игеріп жатқан «Orano» және «Қазатомөнеркәсіптің» бірлескен «KATCO» кәсіпорны. Оның жылдық өндірістік қуаты 4 мың тонна уранды құрайды. Түркістанда ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енген аса маңызды тарихи ескерткіш Қожа Ахмет Ясауи кесенесі орналасқан. Биыл Түркістан қаласына ерекше мәртебе берілуі туризм саласына инвестиция тартуда мультипликативтік әсер қалыптастырады. Өңірде тарихи және мәдени ескерткіштер, көркем табиғат ландшафттары және сауықтыру орындары шоғырланған. Түркістан қаласында жылына 3 миллионнан астам жолаушыны қабылдайтын халықаралық әуежай жұмыс істейді. Туристерді шақырамыз. Облыста табиғи ресурстар бар. Қолайлы табиғи-климаттық жағдайлар жыл бойы ауыл шаруашылығымен айналысуға мүмкіндік береді. Біздің өңір елімізде ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру бойынша бірінші орында тұр. Түркістанда қолайлы инвестициялық климат қалыптасқан. Индустриалды және арнайы экономикалық аймақтарымыз бар. Сонымен қатар «Шағын өнеркәсіптік парктер» желісін дамытып жатырмыз. Әріптестікті жаңа деңгейге көтеруіміз керек. Оған толық мүмкіндік бар. Біз француз компанияларымен байланыс орнатып, жобаларды жүзеге асыру үшін қолайлы жағдай жасауға дайынбыз, – деген Нұралхан Көшеров Франция елінің компанияларын Түркістан облысына инвестиция салуға шақырды.

Франция Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Сильван Гиоге мен елшілік өкілдері әріптестікті жан-жақты дамытуға мүдделі екендерін, Түркістан өңірінің әлеуетін франциялық компанияларға таныстыратындарын жеткізді. Жобаларды терең талдап, мәлімет алмасуды ұсынды. Атап айтсақ, ауыл шаруашылығы, туризм, білім, өндіріс, сауда салалары бойынша байланысты нығайтып, жобаларды қарастыру жөнінде уағдаласты.

Еске салайық, өткен жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 31%-ға артып, 5,5 миллиард АҚШ долларын құрап, рекордтық көрсеткішке жетті, оның ішінде экспорт көлемі 3,6 миллиард АҚШ долларын құрады. Қазақстандағы француз инвестициясы 20 миллиард АҚШ долларына жақындады, елімізде француз капиталының қатысуымен 200-ден астам компания белсенді жұмыс істеп келеді.

Бүгінде Қазақстан Франция үшін жетекші серіктес саналады, Орталық Азия елдерімен барлық сауданың 80%-ға жуығы оның үлесіне тиесілі. 

2008 жылдан бастап Қазақстан мен Франция арасындағы қатынас стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерілді. Бұл екі мемлекеттің сыртқы саясатында өзара сенімге негізделген ұзақмерзімді бағыттар белгіленді.

Бүгінгі таңда екі ел арасында 70-тен астам екіжақты келісім бар, олардың ішіндегі маңыздысы:

  • 2010 жыл – Стратегиялық серіктестік туралы декларация;
  • 2011 жыл – Құқықтық көмек көрсету және экстрадиция туралы келісім;
  • 2015 жыл – Ядролық қауіпсіздік және энергетика саласындағы ынтымақтастық туралы келісім;
  • 2022 жыл – Ауыл шаруашылығы, «жасыл энергетика» және көлік-логистика салаларында серіктестік туралы меморандумдар.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You