Түркістан облысының әкімі индикаторды орындамаған басшылардың жауапкершілігі қаралатынын ескертті

Түркістан облысы экономикасының негізгі драйверлері – инвестиция, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы. Облыс әкімі аппаратының апталық мәжілісінде осы салалардағы жұмыстар мен жоспарлар талқыланды. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров жауапты басқарма басшыларының есептерін тыңдап, оларға және аудан, қала әкімдеріне осы салалардағы индикаторларды толық орындап, жұмысты жандандыруды тапсырды.

– Біздің мақсатымыз – облысты өзін-өзі қамтитын өңірге айналдыру. Ол үшін өндіріс орындарын көбейтіп, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу керек. Инвестиция тарту жұмыстары тұрақты әрі сапалы атқарылуы қажет. Индикаторды орындамаған басшылардың жауапкершілігі қаралады, – деді Нұралхан Көшеров.

Жыл басынан бері облыс экономикасына 1,4 триллион теңге инвестиция тартылып, өсім 123 пайызды құраған

Мәжілісте Өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қанат Шонбасовтың есебі тыңдалды. Оның айтуынша, 2025 жылғы 24-25 қараша аралығында Түркістан қаласында өткен «Turkistan Investment and Tourism Forum-2025» халықаралық инвестиция және туризм форумына шетелден 153 компания, жалпы 300-ден астам делегат қатысқан. Халықаралық форумда жалпы құны 432,2 миллиард теңгені құрайтын 9 меморандумға қол қойылды. Осы арқылы өңірде мақта кластері, металды терең өңдеу, индустриалды аймақ құру, қағаз өндіру, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу және өзге де ірі жобаларды жүзеге асыру көзделіп отыр. Аудан, қала әкімдері де шетелдік инвесторлармен меморандумдар жасаған. Осы жұмыстар нәтижесінде жыл басынан бері облыс экономикасына 1,4 триллион теңге инвестиция тартылып, өсім 123 пайызды құраған.

Жалпы, өңір экономикасына инвестиция тарту Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына сәйкес Инвестициялық саясаттың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы негізінде бекітілген көрсеткіштердің орындалуы арқылы жүргізіледі. Сондай-ақ облыс көлемінде форумдар мен іс-шараларды ұйымдастыру арқылы сырттан келген инвесторлармен бауырластық және ынтымақтастықты дамыту арқылы бірлескен жобалардың жүзеге асырылуы арқасында инвестиция тарту жұмыстары белсенді түрде жүргізіледі. 

Түркістан облысына биылға негізгі капиталға салынған инвестиция индикаторы 1427,1 миллиард теңге көлемінде бекітілсе, 10 айының (қаңтар – қазан айлары) қорытындысына сәйкес, 1178,4 миллиард теңге негізгі капиталға салынған инвестициялар құрады. Өткен жылғы тиісті кезеңімен салыстырғанда 124,2%-ға орындалды. Бекітілген жылдық жоспар орындалады деп күтілуде. Сонымен қатар облысқа 2025 жылға тікелей шетелдік инвестиция көлемі 475 миллион АҚШ доллары көлемінде бекітілсе, II тоқсан қорытындысына сәйкес, 543,5 миллион АҚШ долларын құрады. Жылдық жоспар артығымен орындалды. Одан бөлек, 2025 жылдың қорытындысына сәйкес, құны 340,0 миллиард теңге құрайтын 8270 жаңа жұмыс орнын ашумен 58 инвестициялық жоба іске асыру жоспарлануда. Бүгінгі күнге құны 180,5 миллиард теңге құрайтын, 5322 жаңа жұмыс орнымен 41 инвестициялық жоба жүзеге асырылды.

11 айдың қорытындысына сәйкес, 7 көрсеткіш толығымен орындалды

Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Файзулла Байдуллаев саладағы индикаторлардың орындалу барысын баяндады. Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемін 2 есеге ұлғайту жөніндегі тапсырмасы аясында, Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығы министрлігімен бекітілген жол картасы бойынша 2025 жылға негізгі 10 индикаторлық көрсеткіштер жоспары бекітілген. 11 айдың қорытындысына сәйкес, 7 көрсеткіш толығымен орындалды. Атап айтқанда, су үнемдеу технологияларын ендіру жоспары 140 %-ға, техника паркін жаңалау 143 %-ға, егіс алқаптарына минералды тыңайтқыштар енгізу 120 %-ға, жеміс-көкөніс сақтау қоймаларын салу, сүт фермасын құру, жұмыртқа бағытындағы құс фермасын ашу жоспарлары 100 %-ға орындалған. Ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім көлемін өндіруде облыс — республикада алғашқы орында, үлесі – 13%. 11 айда 1 триллион 154 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 101,2 % құрады. Жыл қорытындысына сәйкес, жалпы өнім көлемі 1 триллион 254 миллиард теңгеге жеткізіледі деп жоспарланып отыр.

Түркістан облысында әрбір сала бойынша индикаторлар бекітіліп, жоспарлар жасалған. Бұл жоспардың орындалуы облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тікелей бақылауына алынған. Оның ішінде ауыл шаруашылығына ерекше назар аударылып отыр. Себебі ол – облыс экономикасының негізгі драйвері.

Жүйелі жұмыстар нәтижесінде жыл басынан 487,7 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 100,1%-ды құрады. Бұл көрсеткіш жыл соңына дейін триллион теңгеден асады деп межеленіп отыр. Өндірілген өнім көлемі бойынша облыс республикада жоғарғы көрсеткішке ие. Нарықты отандық өніммен қамтамасыз ету мақсатында 2025-2027 жылдары 67 инвестициялық жоба іске асырылып (270,1 миллиард теңге), 2 488 жұмыс орны ашылады деп көзделген. Биыл 1 700 жұмыс орнымен 34 жобаны іске асыру жоспарланса, жыл басынан 22 жоба іске қосылып, 935 жұмыс орны құрылды.

2025 жылы ауыл шаруашылығы дақылдары алқабы өткен жылдан 34 мың гектарға ұлғайып, 907 мың гектарға (2024 жылы – 872,5 мың гектар) егілді. Ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыруда рентабельді дақылдарға басымдық беріліп жатыр.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының елімізді негізгі азық-түлік өнімімен толық қамтамасыз ету жөніндегі Үкіметтің алдына қойған міндеттері аясында ауыл шаруашылығы саласы қарқынды дамып келеді. Түркістан облысының агроөнеркәсіп кешені – жалпы өңірлік өнімнің 20%-ын құрайтын өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының драйвері.

Биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 907 мың гектарға орналастырылып, өткен жылдан 34 мың гектарға артты. 

Егіс құрылымына сәйкес:

— дәнді дақылдар көлемі 10 мың гектарға артып, 342 мың гектарға;

— майлы дақылдар 2 мың гектарға артып, 73 мың гектарға;

— мақта 38 мың гектарға артып, 145 мың гектарға орналастырылды.

— көкөніс, бақша алқаптары өткен жылғы деңгейде сақталып, 118 мың гектарды, мал азықтық дақылдар 230 мың гектарды құрады.

Дала жұмыстарына жанар-жағар май босату, кредиттік ресурстар, минералды тыңайтқыштар, тұқым бөлу шаралары мерзімінде жүргізілді. Нәтижесінде, 695 мың тонна дәнді дақыл, 54 мың тонна майлы дақыл, 1,5 миллион тонна көкөніс пен картоп, 1,7 миллион тонна бақша өнімі, 5 миллион тонна мал азықтық дақыл және 428 мың тонна мақта жиналды.

Өсімдік шаруашылығының әлеуетін арттыру мақсатында озық технологияларды енгізу бойынша кешенді шаралар қабылдануда. Су үнемдеу технологиялары жаңадан 59 мың гектар алқапқа енгізіліп, жалпы көлемі 114 мың гектарды құрады.

Тамшылатып суару технологиясының тиімділігі:

  • Су шығыны 30–50%-ға дейін аз жұмсалады.
  • Тыңайтқыштарды сумен беру арқылы өнімділік 20–30%-ға артады.

Мақта дақылы жаңа әдіспен 52 мың гектар алқапта егіліп, өнімділік екі есеге артты (50-60 ц/га). Дәстүрлі егісте бір гектарға 5 мың текше метр су пайдаланылса, жаңа технология арқылы ағын су 2 есе аз жұмсалды.

Сонымен қатар күріш дақылы елімізде пилоттық негізде алғашқы рет тамшылатып суару технологиясымен егілді. Қарапайым әдіспен гектарына ағын су 34,0 мың текше метр дейін пайдаланылса, технология есебінен ағын су 3,5 есе аз пайдаланылды (8-10 мың текше метр). Нәтижесінде өнімділік 1,3 есе артып 65 центнерден өнім жиналды («Лазер» сорты). Cу үнемдеу технологиялары өндірісін дамыту, қол жетімділігін арттыру мақсатында қуаттылығы 73,0 мың гектар алқапты қамтитын 3 кәсіпорын іске қосылды.

Бұдан бөлек, қуаттылығы 67 мың гектарды қамтитын 3 кәсіпорын іске асырылады. Алдағы уақытта осы кәсіпорындар есебінен су үнемдеу технологиясымен облыспен қатар, көршілес өңірлердің қажеттілігі қамтамасыз етілетін болады. 

Мақта өніміне экспорттық тәуелділікті жою, дайын өнім секторына кешенді өту бақытында өңірде мақта-тоқыма кластерін құру жобасы басталды. Бұл бағытта, құны 201 миллиард теңгені құрайтын 5 жоба іске асырылады. Нәтижесінде, мақта өнімділігі 3 есеге дейін артады, 7 мыңнан астам жұмыс орны құру көзделуде.

Бірінші кезеңде «Turan» арнайы экономикалық аймағында «Түркістан мақта агроөнеркәсіп кешені» ЖШС мақтаны терең өңдеу және дайын өнімді экспорттау бойынша көпсалалы нысанның құрылысы басталды. Жоба құны: 146,8 миллиард теңге. Толық циклді мақта өңдеуден, тоқыма, иіру, мата өндіру, бояу, өңдеу бойынша 4 зауыт салынады. Болашақта отандық дайын тоқыма өнімдері брендтерде ішкі және сыртқа нарықтарға шығарылатын болады.

Облыста жылыжай шаруашылығы қарқынды дамуда. Жылыжайлардың жалпы көлемі 75 гектарға ұлғайып, бүгінде 1 715 гектарды құрады. Түркістан облысының республикадағы үлесі 76%-ға жетті. Бүгінгі күнге, жылыжайлардан 150 мың тоннадан астам көкөніс өнімі жиналды.

Жылыжай шаруашылықтары соңғы жылдарда субтропикалық банан, лимон және табыстылығы жоғары құлпынай өнімдерін жылыжайларда өсіру технологиясын үйреніп, кеңінен қолдануға көшті. Биылғы жылы жылыжай шаруашылықтарынан 550 тонна банан, 3,2 мың тонна лимон, 13 мың тонна құлпынай өндірілді.

Мал шаруашылығының дамуы бойынша облыс республикада жетекші орында келеді. Республикадағы ірі қара малдың 14% (1109,4 мың бас), ұсақ малдың 22% (4825,6 мың бас), жылқының 11% (486,9 мың бас), түйенің 14% (43,4 мың бас) облыстың үлесінде. Мал шаруашылығының тұрақты дамуы өңірде ет экспортының әлеуетін арттыруға қарқынды серпін берді.

Республикада экспортқа шығарылатын ірі қара мал етінің 80%, қой етінің 75% облыстың еншісінде. Осы жылдың 10 айына 27,2 мың тонна ірі қара мал еті, 20,0 мың тонна қой еті экспортқа бағытталды. Ет кластерін дамыту бағытында құны 48,9 миллиард теңгені құрайтын 7 инвестициялық жобалар жүзеге асырылуды. Нәтижесінде жылына қосымша 35 мың тонна ет өндіріліп, ет экспортының көлемі 2 есеге ұлғаятын болады.

Отандық нарықты азық-түлік өнімдерімен толықтыруда ірі инвестициялық жобалардың маңыздылығы жоғары. Бұл бағытта, облыстың агроөнеркәсіптік кешені саласында 2025–2027 жылдарға инвестициялық жобаларды іске асырудың Жол картасы бекітілді. Жол карта аясында жалпы құны 295,5 миллиард теңгеге 78 инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жоспарланған (2 652 жұмыс орны, оның ішінде 833 тұрақты, 1819 уақытша). Биыл құны 116,3 миллиард теңгеге 31 жоба жүзеге асыру көзделіп, бүгінгі күнге құны 60,8 миллиард теңгеге 27 жоба іске асырылып, 1030 жаңа жұмыс орындары құрылды.

Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде агроөнеркәсіп кешенінде экономикалық өсім қамтамасыз етілді.

Тиісті кезеңмен салыстырғанда, 10 айда:

Ауыл шаруашылығы негізгі капиталына 155,6 миллиард теңге инвестиция тартылып 1,1 есе ұлғайды (112,4%);

Тамақ өндірісінің негізгі капиталына 31,5 миллиард теңге инвестиция тартылып 1,3 есе ұлғайды (130,6%); Ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты АҚШ доллары355,5 миллион-ды құрап, 1,1 есеге артты (110,4%). 

Жалпы өнім көлемі 182,5 миллиард теңгеге ұлғайып 1 триллион 86,9 миллиардты құрады, үлесі Республика алғашқы орында. Жыл қорытындысына сәйкес,  жалпы өнім көлемі 1 триллион 207 миллиард теңгеге, нақты көлем индексі 105% жеткізіледі.

Түркістан облысында ауыл шаруашылығы дақылдары өткен жылдан 907 мың гектарға орналастырылды. Соңғы үш жылда тамшылатып суару және жаңбырлатып суару технологияларының енгізілуі есебінен егіс көлемі 43,4 мың гектарға ұлғайтуға қол жеткізіліп отыр. Дала жұмыстарына жанар-жағар май босату, кредиттік ресурстар, минералды тыңайтқыштар бөлу шаралары мерзімінде жүргізілді. Дала және жиын терім жұмыстарына 93,3 мың тонна жанаржағармай бөлінді, өткен жылдан 2 есе артты. Көктемгі дала жұмыстарына бөлінген 55,3 мың тонна жанар-жағар май толық сатып алынып, 41,7 мың тонна (3032 ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші) босатылды, күзгі дала жұмыстарына 38 мың тонна жанар-жағар май толық сатып алынып, бүгінгі күнге 12,4 мың тонна (1768 ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші) босатылды. Мемлекет басшысының минералды тыңайтқыштарды ғылыми негізде енгізу жөніндегі тапсырмасына сәйкес, 2025 жылға бюджеттен 12,2 миллиард теңге қаржы бөлінді. Нәтижесінде, 781 мың гектар егіс алқаптарына 227,1 мың тонна минералды тыңайтқыштар енгізілді, жоспар 120,0% орындалды (Жоспар 190 мың тонна). 

Жалпы 3 жылда егіс алқаптарына тыңайтыштар енгізу көлемі 2 есе артып отыр. Дала жұмыстарын несиелендіру бойынша облыста «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ, «Оңтүстік» АИО» ЖШС, «Ырыс» МҚҰ» ЖШС жұмыс жүргізуде. Осы жылдың 10 айына 2 329 жобаға 26,4 миллиард теңге қаржы бөлініп, өткен жылдан 1,6 есе артты. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы 5,8 миллиард теңге (262 жоба); «Оңтүстік АИО» ЖШС, «Ырыс» МҚҰ»ЖШС арқылы 12,7 миллиард теңге (1704 жоба); «Түркістан» ӘКК» АҚ арқылы 8,0 миллиард теңге (363 жоба). Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қаржыландыру жұмыстары жалғасуда. Ауыл шаруашылығы техникалар паркін жаңалау жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Бүгінгі таңда, қолданыста 25 мың бірлік техникалар бар. Оның ішінде, 16 мың трактор, 1,8 мың комбайн және 11,6 дана қосалқы агрегаттар бар. 

Бүгінгі күнге тауар өндірушілер 1 531 дана жаңадан техникалар сатып алды. Техникалар паркін жаңалау 8,8%-ды құрады. Жыл соңына дейін 10%-ға дейін жаңалау қамтамасыз етілетін болады. Биыл «Оңтүстік» АИО» ЖШС арқылы 470,0 миллион теңге қаржы бөлініп, Жетісай ауданында «Мақталы Жер» ЖШС МТС-і құрылды. Серіктестіктің жалпы 87 бірлік техникалары бар (Несие қаржы есебінен 37 бірлік сатып алынды).

Түркістан облысы ауыл шаруашылығын дамытуға қолайлы өңір болып табылады. Заманауи технологияны қолдану арқылы, салада терең қайта өндеуді дамытуға күш салынған. Өңірдің географиялық-климаттық ерекшелігін ескере отырып, 3 кластерлік бағытты дамытуды қолға алынды.

Су үнемдеу технологияларын қолдана отырып, мақтаның элиталық сорттарын өсіруді және шикізатты терең өңдеуді қамтитын мақтатоқыма кластері құрылды.

Кластер – өндірістік процестің барлық кезеңдерін қамтамасыз етеді: мақта өсіруден бастап жіп, мата сияқты дайын тоқыма өнімдерін өндіруге дейін. Мақта кластерінде 5 жобаны іске асыру нәтижесінде 7 030 адам жұмыспен қамтылып, 201 миллиард теңге инвестиция тартылады. Мақта өнімділігі 2-3 есеге артып, көрсеткіші 60 центнерге артады. Жылына 229 мың тонна мақта өндіріледі.

Биыл пилоттық жоба ретінде Отырар ауданында 32 мың гектар алқапқа жаңа әдіспен мақта егілді. Нәтижесінде, 45 центнер мақта жиналды. 2 мақта өңдеу зауыты іске қосылды. Жіп иіру фабрикасының құрылысы аяқталуда.

Жүгері кластері бағытында Шардара ауданында «Казкрахмал» зауыты салынуда. Желтоқсан айында іске қосылады. Құны 35 миллиард теңге, 251 жұмыс орны ашылады.

Жылына 150 мың тонна жүгеріні терең өңдеп, 26 түрлі өнім шығарады. Жобаны іске асыру есебінен жүгері алқабын 40 мың гектардан 2030 жылы 70 мың гектарға жеткізу жоспарлануда. Ет кластері бағытында 7 жоба жүзеге асырылуда. Жоба құны 50 миллиард теңге, қуаттылығы 35 мың тонна, 802 жұмыс орны ашылады.

Орталық Азияда теңдесі жоқ 50 мың бас ірі қара мал бордақылау және ет өнімдерін терең қайта өңдейтін ірі кешендер, заманауи мал биржасы салынуда. Бүгінгі күнге «Kaz Eco Meat», «Turkestan Agro.kz» және «Бес қара» ет өңдеу кешендері іске қосылды. Бұл қосымша 35 мың тонна ет өңдеуге мүмкіндік береді. Жалпы кластерлік бағыт, отандық терең қайта өңдеуді дамытып, шаруалардың өз өнімін кепілді түрде нарыққа сатуына мүмкіндік береді. Түлкібас ауданында «Қарқын Трейд» компаниясымен ет бағытында ірі құс фабрикасының құрылысы басталды. Жоба құны 53 миллиард теңге. Жылына 48 мың тонна құс етін өндіруге мүмкіндік береді. 8 мың жаңа жұмыс орны ашылады.

Сондай-ақ Түркістан облысында өнеркәсіптік жылыжайларды дамытуды қолға алынды. Жалпы еліміздегі жылыжайлардың 71%-ы облыстың еншісінде. Биыл жылыжайлар көлемі 75 гектарға ұлғайып, жалпы алаңы 1 715 гектарға жетті. Нәтижесінде, республикадағы үлесі 76%-ға өсті. Жылыжайлардың бірінші айналымынан 102 мың тонна көкөніс жиналды. Келесі жылы көлемін қосымша 62 гектарға ұлғайтып, үлесін 80%-ға жеткіземіз. Келес ауданында 500 гектарда «ЕcocultureЕurasia» ірі жылыжай кешені салынуда. Бұл, жыл бойы 240 мың тоннадан астам көкөніс өсіруге мүмкіндік береді (7 мың жұмыс орны). Биыл жобаның 1-ші кезеңі іске қосылады. Аталған 3 кластерді дамыту өз кезегінде 2026 жылы жеңіл өнеркәсіпті 220 миллиард теңгеге, ауыл шаруашылығын қосымша 338 миллиард теңгеге ұлғайтуға оң әсерін тигізеді.

Созақ ауданының шаруаларына 70 тоннаға жуық бидай жеткізілді

Биыл ауа райының қалыптан тыс құрғақ әрі жауын-шашынсыз болуы салдарынан облыс аумағындағы жайылымдық жерлерде табиғи шөптердің шығымдылығы айтарлықтай төмендеді. Осыған байланысты «ALTYN NAN» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арқылы өңірдегі агроқұрылымдарды қажетті мал азықтық бидаймен нарықтағы бағадан 20–30 пайызға төмендетілген бағамен (90 теңге/келі) тікелей қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде.

Табиғи-климаттық ерекшеліктерін ескере отырып, қысы қатал саналатын Созақ ауданы шаруашылықтарына бірінші кезекте 500 тонна мал азықтық бидай жеткізу жоспарланған. Осы ретте, Созақ ауданына 68 тонна бидай жеткізіліп, Сызған, Қарақұр, Қаратау және Шолаққорған ауылдық округтеріндегі 35 шаруа қожалығына таратылды.

Жоспарға сәйкес, өңірдегі агроқұрылымдарға қажетті мал азықтық бидай кезең-кезеңімен жабық вагондар арқылы Түлкібас станциясына жеткізіліп, одан әрі Бәйдібек, Төлеби, Түлкібас, Арыс, Ордабасы, Сайрам және Сауран аудандарының шаруаларына бөлініп берілетін болады. Ендігі кезекте 200 тонна бидай Түлкібас станциясына жеткізіліп, Арыс, Отырар, Бәйдібек аудандарының шаруаларына үлестіріліп берілетін болады. Аталған шаралар алдағы қысқы маусымды қалыпты деңгейде өткізуге мүмкіндік береді.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректеріне сүйенсек, 2025–2026 жылдардағы қысқы маусымға дайындық аясында ауыл шаруашылығы жануарларына арналған мал азығын дайындау жұмыстары қарқынды болып, жергілікті атқарушы органдардың деректері бойынша барлығы 38 миллион тонна мал азығы дайындалды. Оның ішінде: пішен – 25 миллион тонна (жоспардың 103%), сенаж – 1,9 миллион тонна (113,3%), құрама жем – 4,3 миллион тонна (77,7%), сүрлем – 2,1 миллион тонна (107,1%), сабан – 4,7 миллион тонна (101,7%).

Жоспардың орындалуы бойынша ең жоғары көрсеткіштер Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Алматы, Қызылорда, Жамбыл, Қостанай, Павлодар облыстарында, сондай-ақ Ұлытау және Жетісу өңірлерінде тіркелді. Дайындалған мал азығының көлемі 2025–2026 жылдардағы қыстату науқанын тиімді өткізуге және мал шаруашылығы субъектілерін жем-шөппен тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You