Түркістан облысының әкімі Мақтаарал ауданына табан тіреді

Нұралхан Көшеров Мақтаарал ауданындағы мақта өңдеу кәсіпорындарының жұмысымен танысты

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Мақтааралға жасаған жұмыс сапары барысында ә дегенде мақта кластерін дамыту бағытында іске асырылып жатқан бірқатар өндірістік нысандарды аралады. Аймақ басшысы «Cotton Makta» ЖШС мақта шикізатын өңдеу зауытының және «Хамро ата» ЖШС мақта майын өңдеу зауытының жұмыс барысымен танысты.

«Cotton Makta» ЖШС мақта зауыты 2016 жылдан бері тұрақты жұмыс істеп келеді. 2023 жылы зауыт өндірістік қуатын арттыру мақсатында Қытай Халық Республикасынан әкелінген заманауи өндірістік құрал-жабдықтармен толықтай жаңғыртылған. Зауыттың жылдық қуаттылығы 90 мың тоннаға жуық. Қазіргі таңда кәсіпорында 150 адам тұрақты жұмыспен қамтылған, ал маусымдық кезеңде 250 адамға дейін қосымша жұмыс орындары ашылады. Жобаның жалпы құны – 3 миллиард теңге.

Биыл зауыт 57 мың тонна мақта шикізатын қабылдап, мақта дақылын еккен 800-ден астам шаруа қожалығымен келісімшарт жасасқан. Шаруа қожалықтарынан қабылданған мақта шикізатының 1 келісі сорттық ерекшелігіне қарай 250-270 теңге аралығында бағаланған. Биыл 11 мақта қабылдау бекеті жұмыс істеп, барлық шаруалармен толық есеп айырысу жүргізілген.

Бүгінгі күнге дейін 13 мың тонна мақта талшығы өңделіп, дайын өнімнің 80 пайызы Қытай Халық Республикасына экспортталса, қалған бөлігі Түркия мемлекетіне жөнелтілуде.

Облыс басшысына «Хамро ата» ЖШС-ның мақта майын өңдеу зауытының жұмысы туралы да баяндалды. Қазіргі таңда өндірістік нысанның құрылыс жұмыстары 80 пайызға аяқталған. Өндіріске қажетті барлық құрал-жабдықтар Қытай Халық Республикасынан толық көлемде сатып алынған. Бұл бастама толық іске асса, кәсіпорын жылына 5 мың тонна мақта майын өндіреді. Жобаның жалпы құны 1 миллиард теңгені құрайды. Құрылыс жұмыстары 2025 жылдың мамыр айында басталған. Нысанды пайдалануға беру 2026 жылға жоспарланған.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеров кәсіпорын басшылары мен басқарма басшыларына һәм аудан әкіміне өндірісті әртараптандыру, қосымша жұмыс орындарын ашу және дайын өнім экспортын ұлғайту бағытында нақты тапсырмалар беріп, мақта кластерін дамыту өңір экономикасы үшін маңызды екенін айтты.

Түркістан облысында мақта өңірде мақта кластерін дамыту жұмысы жалғасып келеді.

Өңір басшысы аудан ақсақалдары мен тұрғындарымен кездесуде облыста мақта кластерін дамыту бағытындағы жұмыстарды да баяндады. Мақтаны өсіруден бастап, терең өңдеп, киім тігуге дейін жоспар жасалғанын, мақта егуде жаңа технологияларды енгізу маңызды екенін жеткізді.

«Мақта өніміне экспорттық тәуелділікті жою, дайын өнім секторына кешенді өту бақытында өңірде мақта-тоқыма кластерін құру жобасы басталды. Бұл бағытта құны 201 миллиард теңгені құрайтын 5 жоба іске асырылады. Нәтижесінде, мақта өнімділігі 3 есеге дейін артады, 7 мыңнан астам жұмыс орны құру көзделіп отыр.

Бірінші кезеңде «Turan» арнайы экономикалық аймағында «Түркістан мақта агроөнеркәсіп кешені» ЖШС мақтаны терең өңдеу және дайын өнімді экспорттау бойынша көпсалалы нысанның құрылысы басталды. Жоба құны: 146,8 миллиард теңге. Толық циклді мақта өңдеуден, тоқыма, иіру, мата өндіру, бояу, өңдеу бойынша 4 зауыт салынады. Болашақта отандық дайын тоқыма өнімдері брендтерде ішкі және сыртқа нарықтарға шығарылатын болады», — деді Нұралхан Көшеров.

Иә, су үнемдеу технологияларын қолдана отырып, мақтаның элиталық сорттарын өсіруді және шикізатты терең өңдеуді қамтитын мақта-тоқыма кластері құрылды. Кластер – өндірістік процестің барлық кезеңдерін қамтамасыз етеді: мақта өсіруден бастап жіп, мата сияқты дайын тоқыма өнімдерін өндіруге дейін. Мақта кластерінде 5 жобаны іске асыру нәтижесінде 7 030 адам жұмыспен қамтылып, 201 миллиард теңге инвестиция тартылады. Мақта өнімділігі 2-3 есеге артып, көрсеткіші 60 центнерге артады. Жылына 229 мың тонна мақта өндіріледі. Биыл пилоттық жоба ретінде Отырар ауданында 32 мың гектар алқапқа жаңа әдіспен мақта егілді. Нәтижесінде, 45 центнер мақта жиналды. 2 мақта өңдеу зауыты іске қосылды. Жіп иіру фабрикасының құрылысы аяқталып келеді.

Мақтаарал ауданында 200 орындық мәдениет үйі ашылды

Сонымен қатар бүгін Түркістан облысы Мақтаарал ауданына қарасты Ынталы елді мекенінде жаңадан салынған 200 орындық мәдениет үйі мен кітапхананың салтанатты ашылу рәсімі өтті. Тұрғындар үшін маңызды ғимараттың ашылуына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров арнайы қатысып, ауыл тұрғындарын қуанышты сәтімен құттықтады.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Жаһан жұрты елімізді өнеріміз, мәдениетіміз арқылы танып біледі», — деп атап өткен болатын. Сондықтан мәдениет саласына қолдау көрсетудің маңызы зор. Биылғы 13 наурызда Мақтаарал тұрғындарымен өткен кездесуде халық тарапынан бірнеше маңызды мәселе көтерілген болатын. Сіздер құрылысы басталып, қаржының толық бөлінбеуіне байланысты тоқтап қалған екі мәдениет үйінің құрылысын аяқтау туралы ұсыныс бердіңіздер. Бұл – Ж.Нұрлыбаев және Достық ауылдық округіндегі мәдениет үйлері. Аталған нысандарды өз бақылауыма алып, құрылыс жұмыстарына қажетті қаражат толық қарастырылды. Нәтижесінде бүгінде бұл мәдениет ошақтары халық игілігіне табысталуда. Сонымен қатар А.Қалыбеков ауылдық округіндегі бір мәдениет үйінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ халықпен кездесуде көтерілген тағы бір маңызды мәселе – Мырзакент кентіндегі орталық саябақты қайта жаңғырту еді. Халықтың осы өтініші де назардан тыс қалмай, бюджеттен қажетті қаржы бөлініп, жоба толық жүзеге асырылды. Ауылдарды, өңірді дамыту жұмыстар жалғасады, – деді Нұралхан Көшеров.

Естеріңізде болса, 25 қазан – Республика күні мерекесі қарсаңында Мақтаарал ауданында Мырзакент кентінің орталық саябағы пайдалануға берілді. Сондай-ақ, дәл осы жаңа нысанда диқандар мен шаруалардың күзгі жиын-терім науқанын аяқтауына байланысты «Altyn Kuz-2025» мерекелік іс-шарасы мен гала-концерт өткен болатын.

Аудан әкімі бастаған топ жаңа нысанның лентасын қиып, ішін аралап көрді. Мұнда балаларға арналған ойын алаңшалары, амфитеатр, сәндік субұрқақ, жаяу жүргіншілер жолы, демалыс орындықтары мен көлікке арналған автотұрақ және көгалдандырылған аймақтар қарастырылған. Бұл нысан тек демалыс орны ғана емес, сонымен қатар жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне арналған мәдени орта болмақ.

Саябақтағы амфитеатрда Республика күні мен Мемлекеттік егемендік туралы декларациясының қабылданғанына 35 жыл толуына арналған «Қазақстан – туған елім, ұлы өлкем!» атты салтанатты іс-шарасы өтті.

Іс-шарада сөз алған аудан әкімі Бақыт Асанов: «Осыдан 35 жыл бұрын Мемлекеттік егемендік туралы декларация қабылданып, Қазақ елінің жаңа тарихының беті ашылды. Егемендік – ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы аңсаған арманының жүзеге асуы еді. Тәуелсіздік пен береке-бірліктің арқасында ауданымыз дамып, жылдан жылға жаңа нысандар бой көтеріп жатыр. Бүгін пайдалануға берілген Мырзакенттің орталық саябағы – соның айғағы», – деді.

Мереке аясында ел дамуына, мәдениет пен ауыл шаруашылығы саласына сүбелі үлес қосқан бірқатар азаматтар министрлік, облыс және аудан әкімінің марапаттарына ие болды. Сонымен қатар, Мақтаарал ауданы әкімінің алғыс хатымен мемлекеттік қызмет, құқық қорғау, ауыл шаруашылығы, мәслихат және әкімдік салаларында еңбек етіп жүрген бірқатар қызметкерлер марапатталды.

Іс-шара барысында «Ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күніне» арналған «Altyn Kuz – 2025» мерекесі де аталып өтті. Онда ауыл шаруашылығында озат көрсеткішке жеткен ауылдық округтер мен агроқұрылымдарға арнайы дипломдар мен естелік сыйлықтар табысталды. Мақта өндіруден, жүгері және бақша дақылдарын өсіруден, басқа да шаруашылықтардан, жеке кәсіпкерлікті дамыту мен инвестиция тартудан үздік танылған округтер мен шаруа қожалықтары атап өтілді.

Кеш соңы еліміздің эстрада жұлдыздарының қатысуымен гала-концертке ұласты. Онда Қазақ эстрадасының танымал әншілері – Асан Пердеш, Нұрмахан, Ержан Қайратұлы және «Баян Сұлу» триосы халыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. От шашулар атылып, халық қос мерекені ерекше қуанышпен қарсы алды.

Мәдениет үйінің құрылысын «Нүрі-Л-Жетісай» ЖШС жүргізген. Құрылысы 2024 жылдың мамыр айында басталған. Жер телімінің жалпы алаңы – 1 гектар, ғимараттың жалпы ауданы – 1 273 шаршы метр. Конкурстық құны – 794 002,7 мың теңге. Нысанның ашылуына байланысты 70-тен астам жаңа тұрақты жұмыс орны құрылды. Мұнда түрлі бағыттағы шығармашылық үйірмелер, концерттер мен мәдени іс-шаралар өткізуге толық мүмкіндік бар. Сонымен қатар ғимарат ішінен заманауи талаптарға сай кітапхана да ашылып, оқырмандарға есігін айқара ашты. Спорттық үйірмелерге де орын қаралған.

Айта кетсек, бүгінгі таңда ауданда 10 мәдениет мекемесі халыққа қызмет көрсетуде. Аталған мәдени мекемелерде жастар мен оқушылар би, домбыра, қолөнер, эстрада және тағы басқа бағыттар бойынша өз өнерлерін шыңдап келеді.

Мәдениет – ұлт­тың рухани діңгегі десек, бұл бағыт­та жүйелі түрде ауқымды жобалар іске асырылып келеді. Облыстың орталығы Түркістан шаһарына ауысқан 7 жылдық айтулы датада Қазақстанның халық әртісі, қазақ ән өнерінің падишасы Роза Рымбаеваның «Түркістан» атты концерті өтті. Одан бөлек 20-21 маусым күндері қазақстандық авторлардың үздік шығармаларын және түркі руханиятының алтын бесігі – киелі Түркістанды насихаттауға бағытталған халықаралық «Voice of Turan – 2025» фестивалі тың форматта, ашық аспан астында алтыншы рет шымылдығын түрді. Италия елінен келген талантты әнші Vincenzo Cantiello фестивальдің бас жүлдесіне ие болды. Ән додасына әлемнің 17 елінен келген кәсіби әншілер екі күн бойы қазақ әндерін шырқап, өзара бақ сынасты. Олардың өнерін елімізге танымал эстрада жұлдыздары бағалады. Фестиваль халықаралық, республикалық және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында, басылымдарда кеңінен таралды.
Жеті жыл ішінде күннен-күнге көркейіп, жаңа келбетке ие болған облысымыздың әлеуметтік-экономикалық, рухани-мәдени ахуалында оң өзгерістер орын алғанын айта кеткен жөн.
Бүгінде Түркістан облысы мәдениет пен өнердің ордасына айналды. Әсіресе, облыстық, республикалық, халықаралық деңгейдегі мәдени іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп жүр. Солардың бірі – «Өнерлі өлке» ат­ты облыстық өнер фестивалі. Бұл бастама аясында әр ауданнан келген өнер ұжымдары өз шығармашылығын көпшілікке паш етіп, киелі Түркістан төрінде төл өнерімен танылып жүр. Фестиваль аясында апта сайын көрмелер, концерт­тер, театрландырылған қойылымдар ұйымдастырылып, өнерсүйер жұртшылыққа рухани азық берілуде.
Сондай-ақ «Түркістан дауысы» республикалық байқауы – өңірден шыққан жас талант­тардың жолын ашып, оларды үлкен сахнаға жетелеуде маңызды рөл атқарып отыр. Бұл жоба арқылы еліміздің түкпір-түкпірінен келген жас әншілер ұлт­тық ән өнерін дәріптеп, көрерменнің қошеметіне бөленуде. Дәстүрлі музыканы дәріптейтін «Күй құдіреті» ат­ты республикалық күйшілер байқауы мен «Түркістан мақамдары» ат­ты термешілер байқауы да — ел ықыласына бөленген жобалар қатарында.
Балалар шығармашылығын дамытуға арналған «Turkistar» облыстық фестивалі, жазушы Б.Соқпақбаевтың 100 жылдығына орай ұйымдастырылған шығармашылық байқаулар – жас ұрпақтың өнерге құштарлығын арт­тырумен қатар, олардың мәдени дүниетанымын кеңейтуге сеп болуда.
Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай өткізілген республикалық командалық айтыс – ұлт­тық рухты асқақтатып, сөз өнерінің абыройын биіктеткен айтулы шара болды. Бұл аламанда Түркістан облысының командасы үздік өнер көрсетіп, ел ықыласына бөленді. Айтыс – тек сайыс емес, елдік пен бірлікті, өр рух пен шындықты ту ететін рухани мектеп екенін тағы бір дәлелдеді. Жуырда Түркі мәдениеті және мұрасы қоры мен облыс әкімдігі бірлесе отырып, Халықаралық түркі әлемі сәулетшілері мен реставраторларының симпозиумын ұйымдастырды. Бұл – мәдени мұраны сақтау, тарихи нысандарды жаңғырту бағытында тәжірибе алмасуға, терең ғылыми ізденістерге жол ашатын маңызы зор жиын.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан қаласына ерекше мәртебе беру жөніндегі заңға қол қойып, шаһардың даму бағытына тың серпін берді. Бүгінде сол заң аясында нақты жобалар жүзеге асырылып, Түркістанды нағыз мәдениет пен туризмнің орталығына айналдыру жұмыстары қызу жүріп жатыр. Бұл шаһарда республикалық, халықаралық деңгейдегі маңызы зор іс-шаралардың өткізілуі – заңды құбылыс. Түркістан – рухымен ұлт­ты ұйыстыратын, тарихымен болашаққа бағдар беретін мәңгілік мекен. Сондықтан осы бағыт­тағы жұмыстар жалғасын табарына сеніміміз кәміл.

Мәдениет – ұлт­тың рухани тірегі, елдің болмыс-бітімін айқындайтын басты құндылықтардың бірі. Бұл бағыт­та Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлт­тық құрылтайдың IV отырысында мәдениет саласын жүйелі дамыту жөнінде нақты тапсырмалар беріп, бірқатар маңызды мәселелерге назар аударды. Атап айт­қанда, Президент анимация өнерін өркендету, кино саласында сапаға басымдық беру қажет­тігін атап өт­ті. Осы тапсырмаларды басшылыққа ала отырып, Түркістан облысында да бірқатар іргелі жобалар жүзеге асырылуда.
Бүгінде өңірде кино және анимация саласын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. «Оңтүстікфильм» мекемесі мен «Сақ» киностудиясының бірлескен жұмысының нәтижесінде бірнеше анимациялық фильм жарық көрді. Олардың қатарында «Қошқар мен теке», «Оқсыз оқиғасы», «Отырарды қорғау», «Ордабасы – бірлік туы», «Бәйдібек би», «Қажымұқан», «Киелі Қазығұрт» сынды туындылар бар. Бұл фильмдер республикалық «Балапан» және «Қазақ­стан» телеарналары арқылы тұрақты түрде көрерменге ұсынылып келеді. Алдағы уақыт­та киноөндірісті одан әрі дамыту жоспарда бар. Әсіресе идеологиялық және тәрбиелік мазмұнға негізделген туындыларға басымдық беріледі.
Облыстың мәдениет саласында қолға алынған жобалардың ауқымы кең. Бүгінгі күні 705 мәдениет және өнер мекемесі тұрғындарға қызмет көрсетуде. Бұл – өңірдің мәдени тынысын айқындайтын елеулі көрсеткіш. Былтыр үш кәсіби театрда 16 жаңа спектакль сахналанса, биыл тағы 15 жаңа қойылым көрермен назарына ұсынылмақ. Соның бірін атап өтсек, Түркістан музыкалық драма театры IV маусым шымылдығын Байділдә Айдарбектің «Вальс королі» спектаклімен ашты. Төрт күн бойы көрерменге ұсынылған премьера аншлагпен өтті. Бұл туынды республика бойынша «Kazakhstan Ticketon Awards – 2025» байқауында «Жылдың ең үздік аймақтық қойылымы» номинациясына ие болды.
Осы театр қойған «Келіндер көтерілісі» спектаклі де «Kazakhstan Ticketon Awards – 2024» байқауында «Жылдың ең үздік аймақтық қойылымы» деп танылды.
Сондай-ақ Р.Сейтметов атындағы Түркістан қалалық сазды драма театры Көкшетауда өткен С.Жүнісовтің туғанына 90 жыл толуына орайластырылған «Сәлем» ІІ халықаралық комедиялық фестивалінде «Қазылар алқасының жүлдесімен» марапат­талды. Ал Келес ауданының Халық театры сатирик Шона Смаханұлының туғанына 100 жыл толуына орай ұйымдастырылған «Жүз шымшыма…» республикалық әзіл-сықақ байқауында жүлделі ІІ орынды жеңіп алды. Түркістан музыкалық драма театрының тағы бір туындысы – «Фариза» қойылымы ІІІ халықаралық «Театр all» театр фестивалінде суырылып алға шықты. Бұл – қазақ руханиятының көркемдік көкжиегін кеңейткен жетістіктердің бірі.
Облыстық Ш.Қалдаяқов атындағы филармония мен «Конгресс Холл» көпсалалы кешенінде 272 мәдени іс-шара, концерт­тер ұйымдастырылып, көрерменнің рухани сұранысын қамтамасыз етуде. Белоруссияда өткен ХХХІV халықаралық «Звіняць цымбалы і гармонік» фестивалінде «Саялы Сарыағаш» этно-фольклорлық ансамблі ұлт­тық аспаптар номинациясы бойынша І орынға ие болды. Бұл – қазақ өнерінің шекарадан асып, әлемдік деңгейде мойындалып жатқанының дәлелі.
Жалпы айт­қанда, Түркістан облысында мәдениет саласы тың серпінмен дамып келеді. Кино, театр, музыка, анимация сынды бағыт­тарда атқарылып жатқан жұмыстар – ұлт­тық болмысымызды жаңғыртуға, жас ұрпақты тәрбиелеуге, рухани бірлікті нығайтуға бағыт­талған маңызды қадамдар.

Соңғы жылдары Түркістан өңірінің мәдениет саласында айтарлықтай серпіліс бар. Қаланың туризм мен руханият­тың орталығына айналуы, түрлі халықаралық іс-шаралардың өтуі – осының дәлелі. Театр, музей, кітапхана – ұлт руханиятының басты тіректері. Бұл салада да бірқатар игі істер жүзеге асуда.
Мәселен, Мемлекет басшысы Ұлт­тық құрылтайдың Бурабайда өткен отырысында аймақтық театрларды дамыту қажеттігін тілге тиек етті. Ел Президентінің Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы заңға қол қоюының бір нәтижесі – Түркістан музыкалық драма театры жанынан «Түркістан» ансамблі құрылды. Оркестрлік құрам толық жаңа, арнайы театр логосы бейнеленген аспаптармен қамтамасыз етілді. Облыс әкімінің қолдауымен жаңа ұжым наурыз айында тұсауын кесіп, ел руханиятына тың леп әкелді. Бұл – ұлттық өнерімізді жаңғыртып, әлемге таныту жолындағы маңызды қадам.
Президент атап өткендей, музейлер – ұлт­тық жадымыздың, тарихи санамыздың сақтаушысы. Бүгінде бұл нысандарға мемлекет тарапынан ерекше мән беріліп отыр. Облыстағы 24 музейде өткен жылы 739 көрме, 9240 экскурсия және 600-ден астам мәдени іс-шара ұйымдастырылды. Сонымен қатар Кентау қалалық музейі, Шәмші Қалдаяқов, Нұрсұлтан Оңдасынов, Сат­тар Ерубаев, Қазығұрт, Төлеби, Мақта және Ордабасы тарихи-өлкетану музейлері ағымдағы жөндеуден өт­ті.
Кітапхана саласы да назардан тыс қалған жоқ. Қазір облыс бойынша 399 көпшілік кітапхана жұмыс істейді, оның ішінде екеуі – облыстық деңгейде. Жалпы кітап қоры 6 миллионнан асты. Кітапханалардың жұмысын жандандыру үшін түрлі жобалар қолға алынған. «Бір ел – бір кітап», «Ақылдыммен – ақылдымын», «Әлемді кітап арқылы танимын», «Қазыналы керуен», «Тарихыңды таны – тұлғаңды құрмет­те» сынды рухани-ағартушылық жобалар жүйелі түрде өтіп келеді.
Оқырман тарту бағытында мектеп оқушылары мен студент­терге арналған «12 айда – 12 кітап» және жазғы мезгілде ұйымдастырылған «Кітап оқып, сыйлық ал» акциясы да сәт­ті жүзеге асырылды. Бұл жобалардың бәрі жастардың кітап оқуға деген қызығушылығын арт­тырып, рухани әлемін байытуға бағыт­талған.

Түркістан облысында балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық әлеуетін дамытуға, ұлт­тық өнер мен мәдениетке баулуға бағыт­талған жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Ауылдық клубтар мен аудандық, қалалық мәдениет үйлері жанында түрлі үйірмелер мен шығармашылық бағыт­тағы секциялар жұмыс істейді. Бұл – жас ұрпақтың бос уақытын тиімді өткізуіне, олардың тұлғалық қалыптасуы мен ұлт­тық құндылықтарды меңгеруіне мол мүмкіндік беріп отыр.
Ел Президентінің бастамасымен 2021 жылдан бері балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық және спорт­тық секцияларды жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесі енгізілді. Осы бағыт­та Түркістан облысы да белсенді түрде жұмыс атқаруда. Облыстық мәдениет басқармасы мен «QazTiQet» ЖШС арасында 3 жылға тегін басқару жөнінде келісімшарт түзілген. Бұл мемлекет­тік шығармашылық тапсырыс «DamuBala.kz» платформасы арқылы жүзеге асырылып келеді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You