
Түркістан облысында халықаралық талаптарға сай атшабар мен ескек есу каналының құрылысы жалғасуда. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров аталған нысандарды аралап, құрылыс барысымен танысты.
Көпфункционалды кешен ретінде салынып жатқан атшабар Халықаралық ат спорты федерациясының талабына сай бой көтеруде. Мұнда болашақта халықаралық жарыстарды өткізу көзделген. Атап айтқанда, Олимпиада ойындары бағдарламасына енгізілген конкур, үшсайыс және ұлттық спорт түрлері бойынша жарыстар өткізуге мүмкіндік тумақ.
Бұл нысанда 30-дан аса техника мен 71 адам жұмыс істеуде. Облыс әкімі нысанның құрылыс жоспарымен танысып, қолданылатын материалдары туралы мамандар пікірін тыңдап, жауапты басшылар мен мердігерге нақты міндеттер жүктеді.
Одан кейін Нұралхан Көшеров халықаралық деңгейдегі ескек есу каналының құрылыс барысын қалағалады. Ғимараттарын аралап, сапалы материал қолдану әрі сәулетін келісті ету жөнінде тапсырма берді.
Бұл кешен елімізде ескек есу, академиялық есу спорт түрлерін, сонымен бірге туризмді дамытуға мүмкіндік береді. Түркістан қаласының суару жүйесіне оң ықпалын тигізеді. Нысанның құрылысы 2021 жылы басталды. Үш кезеңнен тұрады. Бүгінгі таңда үшінші кезеңнің құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Құрылыс алаңында 165 адам және 24 техника жұмылдырылған.
Кешенде 1000 орындық трибуна, қайықтар мен спорттық жабдықтарды сақтауға арналған эллинг ғимараты, төрешілер мұнаралары, аэрация және сүзу жүйелері, инженерлік инфрақұрылым, сондай-ақ көрермендерге арналған табло, көгалдандыру және абаттандыру элементтері қарастырылған.
Мұхтархан Ділдәбеков атындағы халықаралық бокс турнирі басталды
Спорт демекші, бүгін Түркістан қаласындағы «Olympic Center» спорт кешенінде бокстан Сидней Олимпиадасының және әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Азия ойындарының чемпионы, ҚР Бокс федерациясының вице-президенті Мұхтархан Қобыланбекұлы Ділдәбековтың жүлдесіне арналған жастар арасындағы XIII халықаралық турнирдің салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Шарада Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, Қазақстан бокс федерациясының президенті Шахмұрат Мүтәліп және Сидней Олимпиадасының чемпионы Ермахан Ибраимов сөз сөйлеп, жарысқа қатысушы жас спортшыларға сәттілік тіледі.
– Түркі әлемінің алтын бесігі – қасиетті Түркістан қаласына қош келдіңіздер! Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының бұқаралық спортты дамыту жөніндегі бастамалары өңірде нақты жүзеге асуда. Бүгінгі турнир – сол бастамалардың жарқын көрінісі. Облысымыздан өте талантты спортшылар көп шыққан. Солардың бірі – Сидней Олимпиадасының және Әлем чемпионатының күміс жүлдегері – Мұхтархан Қобланбекұлы. Бүгін біз сайыпқыранымыздың жүлдесіне арналған жастар арасындағы XIII халықаралық турнирде кездесіп отырмыз. Айта кетейік, бүгінде Түркістан облысында 40 спорт ұйымында 6000-ға жуық жас боксшы шұғылдануда. Аймақта бокс қарқынды дамып жатыр. Қатысушыларға әділ, таза әрі табысты бәсеке тілеймін! – деді Ертай Алтаев.
Биылғы турнирге Қазақстанның барлық өңірлерінен, сондай-ақ Әзербайжан, Тәжікстан, Өзбекстан және Қырғызстаннан, еліміздің бар өңірінен келген 20 команда сапында 140-тан астам жас боксшы қатысуда. Олар 10 салмақ дәрежесі бойынша бақ сынап, мықтыны анықтайды.
Жарыстың басты мақсаты – талантты жастарды ұлттық құраманың сапына іріктеу және 1-13 тамыз күндері Таиландтың Бангкок қаласында өтетін Азия чемпионатына қатысатын үздік спортшыларды іздеу. Жастар құрамасының аға жаттықтырушысы Мақсат Бақтыбазаровтың айтуынша, турнир деңгейі жоғары, ал қатысушылар өз дайындықтарын толықтай көрсетуде.
Ауқымды жарысты Түркістан облысының әкімдігі, Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы, сондай-ақ облыстық №5 олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жоғары деңгейде ұйымдастырды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.