Түркістан облысының әкімі Сайрам және Төлеби аудандарындағы жаңа мектептердің ашылуына қатысты

Білім күні Түркістан облысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 8 жаңа мектеп өз есігін айқара ашты. Атап айтқанда, Төлеби ауданының Достық ауылында 900 орындық, Сайрам ауданының Ақсу ауылында 600 орындық жаңа мектептер пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, Шардара, Сауран, Келес, Сарыағаш, Ордабасы аудандары мен Арыс қаласында да жаңа оқу ошақтары іске қосылды. Жалпы, бүгін Түркістан облысында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 8 жаңа мектеп пен 2 жалпы орта білім ошағы ашылды.

Жаңа білім ұясының салтанатты ашылу рәсіміне қатысқан Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров ұстаздар мен оқушыларды Білім күнімен құттықтап, бұл бастаманың маңыздылығына ерекше тоқталды.

– Білім – ел болашағының алтын діңгегі. Соңғы жылдары елімізде білім саласын дамытуға айрықша көңіл бөлініп келеді. Соның айқын дәлелі – Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Келешек мектептері» жобасы. Бұл жоба – жай ғана жаңа ғимараттар салу емес, сапалы білім беру жүйесін қалыптастыруға бағытталған кешенді реформа. Биылғы оқу жылы қарсаңында Түркістан өңірінде 8 жаңа мектептің пайдалануға берілуі – осы бастаманың нақты нәтижесі. Бұл тек өңір үшін емес, бүкіл ел үшін маңызды оқиға, – деді облыс әкімі.

Жаңа мектептер заман талабына сай толық жабдықталған. Жалпы аумағы 3 гектарды қамтитын үш қабатты нысандарда 120 орындық акт залы, заманауи шеберханалар, кең көлемді кітапхана, асхана, спорт залы, медициналық кабинет және бейнебақылау жүйелері қарастырылған. Бұл – оқушылардың қауіпсіздігі мен сапалы білім алуы үшін жасалған маңызды қадам. Мұғалімдер үшін де барлық жағдай жасалған: әдістемелік кабинеттер, демалыс аймақтары және цифрлық құралдармен жабдықталған жұмыс кеңістіктері қолжетімді.

Айта кетейік, «Келешек мектептері» жобасы аясында Түркістан облысында 46 мың бала білім ала алатын жалпы саны 29 мектептің құрылысы жүргізілуде. Оның 13-і өткен оқу жылында пайдалануға берілсе, биылғы жаңа оқу жылында тағы 16 мектеп оқушыларға есік ашпақ.

Бұл – өңірдегі демографиялық өсім мен урбанизация үдерістерін ескере отырып, білім инфрақұрылымын дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстың нақты көрінісі. Сондай-ақ ауыл мен қала балаларына жайлы мектептерде білім алуына тең мүмкіндік жасалады.

Түркістан облысы – халық саны қарқынды өсіп келе жатқан аймақтардың бірі. Облыстық білім басқармасының дерегінше, қазіргі таңда 1-11 сынып аралығында 600 мыңнан астам оқушы білім алып жатыр. Бұл көрсеткіш жыл сайын 5–7 пайызға артып келеді.

«Келешек мектептері» – тек жаңа мектеп ғимараттарын салу жобасы ғана емес. Ол педагог кадрларды даярлау, цифрлық білім ресурстарын енгізу, қауіпсіз әрі инклюзивті орта қалыптастыруды мақсат еткен ұлттық бастама. Жобаның түпкі мақсаты – білім беру инфрақұрылымын жаңғырта отырып, әрбір балаға сапалы білімге қол жеткізу мүмкіндігін жасау.

Бүгінде Түркістан облысында ашылып жатқан жаңа мектептер – осы бастаманың нақты нәтижесі. Мұнда оқушылар тек білім алып қана қоймай, ғылыммен, өнермен, спортпен айналысуға мүмкіндік алады. Ең бастысы – олар өз болашағына сеніммен қарайтын, бәсекеге қабілетті тұлға ретінде қалыптасады.

Сайрам ауданының орталығы Ақсу ауылындағы жаңа мектептің ашылу рәсіміне қатысқан Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров ұстаздар мен оқушыларды Білім күнімен құттықтап, бұл бастаманың маңыздылығына ерекше тоқталды.

– Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Келешек мектептері» жобасы – жай ғана жаңа ғимараттар салу емес, сапалы білім беру жүйесін қалыптастыруға бағытталған кешенді реформа. Биылғы біздің өңірде осы жобамен 8 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Бұл – болашаққа салынған көпір. Мұғалімдер мен оқушылардың заманауи, қолайлы ортада еңбек етіп, білім алуы – еліміздің интеллектуалды әлеуетін арттыратын басты құрал. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырамыз, – деді Нұралхан Көшеров.

Жаңа мектеп заман талабына сай толық жабдықталған. Кең көлемді мәжіліс залы, заманауи шеберханалар, кітапхана, асхана, спорт залы, хореография залы, медициналық кабинеттер және бейнебақылау жүйелері қарастырылған. Бұл мектептерде тек білім берудің сапасы ғана емес, сонымен қатар оқушының шығармашылық әлеуетін ашуға, цифрлық сауаттылығын арттыруға, қауіпсіз және ыңғайлы орта қалыптастыруға баса мән беріледі.

Сондай-ақ Мемлекет басшысының «Мектептерді жаңғырту» (реновация) тапсырмасына орай, үш жылда 115 мектеп жаңартудан өтетін болады. Биыл облыста 100 мектеп жөндеуден өтті.

Жаңа форматтағы бұл оқу орындары білім берудің жаңа мазмұнын іске асыруда, педагогтардың кәсіби өсуіне мүмкіндік туғызып, келешек ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беруге негіз болмақ.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You