Түркістан облысының әкімі Сарыағаш ауданына жұмыс сапарымен барды

2025 жылдың 1 тамызында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Сарыағаш ауданына жұмыс сапарымен барып, аудан активімен мәжіліс өткізді. Жиында аймақты дамытуға қатысты бірқатар маңызды мәселелер қаралды.

Облыстық басқармалар, аудан әкімдігі мен ауылдық округтердің басшылары, мәслихат депутаттары қатысқан мәжілісте облыс әкімі Сарыағаштың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыру, инфрақұрылымды жаңғырту, ауыл шаруашылығын қолдау және тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту бағытында нақты тапсырмалар берілді.

– Туризм саласы, инвестиция тарту, өзіндік кірістерді ұлғайту жұмыстарын жандандыру керек. Әсіресе, туризмнің мүмкіндігі мол. Ауданның, аудан орталығының тазалығына мән беріңіздер. Сарыағаш – облысымыздың ірі әрі әлеуеті жоғары аудандарының бірі. Халық саны көп, еңбекке қабілетті жастар жеткілікті. Сондықтан әрбір салада жүйелі жұмыс жүргізу қажет. Біз жанашырлықпен жұмыс істеуіміз керек. Күнделікті ізденбесек, іс өнбейді. Өндіріс орындарын ашу мен өзіндік кірістерді ұлғайту мәселесі күн тәртібінен түспейді, – деді Нұралхан Көшеров.

Мәжілісте тұрғын үй мен коммуналдық сала, тазалық сақтау мен көгалдандыру, білім беру мен денсаулық сақтау, жол жөндеу, ауыз су және газбен қамту салаларының өзекті мәселелері де қозғалды. Облыс әкімі аталған бағыттар бойынша нақты жобалардың жүзеге асуын үнемі бақылауда ұстайтынын атап өтті. Жоспарды орындамаған ауылдық округ әкімдері мен жауапты басқарма басшыларына сын-ескертпе айтты.

Аудан әкімі Арман Абдуллаев аймақты дамыту бағытында атқарылған жұмыстарды баяндады. Басқарма басшылары индикаторлардың орындалуы бойынша ауданның көрсеткіштеріне тоқталды.

Жиын соңында аудан активі облыс әкімінің тапсырмаларын қолдайтындықтарын білдіріп, Сарыағаштың дамуына өз үлестерін қоса беретіндіктерін жеткізді.

Айта кетейік, Сарыағаш ауданында негізгі экономикалық көрсеткіштерде оң өсім бар. Жалпы өңірлік өнім көлемі алты айда 141,5 миллиард теңгеге жетіп, НКИ 135 пайызды құраған. Ауыл шаруашылығы саласында 51,1 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, НКИ 118,1 пайызға жетті.

Алты айда ауданға 31 миллиард инвестиция тартылса, өнеркәсіп саласында 15,9 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өсімге қол жеткізілген.

Түркістан облысында өндіріс орындарының қатары артып, өнеркәсіп саласында оң өзгерістер байқалады. Соның ішінде кәсіпкерлік саласы қарқынды дамып жатқан Сарыағаш ауданын ерекше атап өтуге болады. Бүгін облыс әкімі Нұралхан Көшеров Сарыағаш ауданына арнайы іссапармен барып, өңірдің тыныс-тіршілігін бақылап, өндіріс орындарын аралады. Облыс басшысы ең алдымен профил пластик өндіретін ЖК «Ерғали» жеке кәсіпкерлік нысанының жұмыс жүйесімен танысты.

2017 жылы ашылған цехта есіктер мен терезелерге арналған және өзге де салаларға қажетті пластик пен профиль өнімдері шығарылады. Тауарлары ел ішінен бөлек, Қырғызстан, Тәжікстан мемлекеттеріне экспортталады. Мұндағы жабдықтар мен қондырғылар Италия және Ресей мемлекеттерінен әкелінген.

Кәсіпорын жетекшісі цехтың жұмыс жүйесін баяндап, өндірілетін тауар түрлерімен таныстырды. Нұралхан Көшеров өндіріс орнын аралап, өңірде кәсіпкерлік саласын одан әрі дамыту бағытында жан-жақты жұмыс жүргізуді тапсырды. Кәсіпкер кәсібін кеңейтетін болса, тиісті қолдау болатынын айтты.

Облыс әкімі ауданға қарасты Жібек жолы елді мекенінде орналасқан «Бесқара» ЖШС-нің мал сою бекетінің жұмысымен танысты.

Бұл кәсіпорын тәулігіне 128 ірі қара, 600 бас уақ мал союға қауқарлы. 30 тұрғын жұмыспен қамтылған. Заманауи кешен биыл пайдалануға берілді. Ірі қара малдар Орталық және Солтүстік Қазақтан облыстарынан тасымалданып, арнайы орында сойылады. Ал дайын болған өнім еліміздің барлық өңірлеріне және “Нәрлен” ет өңдеу цехына жөнелтіледі. Сонымен бірге ет өнімдері Өзбекстан еліне экспортталады.

Аралау жұмыстары аудандағы «Сарыағаш ТСЖ» су тазалау-дайындау кешенінде жалғасты. Мұнда тұрғындары таза ауыз сумен қамту жұмыстары жүргізіледі. Облыс әкімі ауыз сумен қамту өзекті мәселе екеніне тоқталды. Кешенге жауапты өкілдермен жүздесті. Жер аумағы – 5,2 гектар. Мұнда 15 дана су сорғы орнатылған. Тәулігіне 14 500 текше метр таза ауыз су шығарылады. 2 таза су қоймасы қарастырылған. Сонымен қатар ауыз судың сапасын қадағалайтын химия-бактериологиялық зертханасы жұмыс істейді. Мұнда барлық қажетті құрал-жабдықтар бар. Жалпы елді мекендерде 16 насос стансасы мен 42 таза су қоймасы және 14 қысымды су мұнарасы қызметін жалғастыруда. Аталған су тазарту кешені Сарыағаш, Келес аудандарына қарасты 25 елді мекенді оның ішінде 24 548 абонетті таза ауыз сумен қамтамасыз етеді.

Нысан басында Сарыағаш ауданын сумен толық қамту мәселесі қаралды. Нұралхан Оралбайұлы ауыз су мәселесі өзекті мәселе екенін айтып, мамандарға осы бағыттағы жұмыстарды сапалы атқаруды тапсырды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You