Түркістан облысының әкімі Сарыағаш ауданындағы жаңа дәрігерлік амбулаторияның ашылуына қатысты

Түркістан облысы Сарыағаш ауданына қарасты Нұрлы жол елді мекенінде жаңа дәрігерлік амбулатория бой көтеріп, ел игілігіне берілді.

Медициналық мекеменің ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, көпшілікті қуанышты сәтпен құттықтады. Облыс басшысы халықтың денсаулығын жақсарту – басым бағыттардың бірі екенін атап өтіп, өңірде денсаулық сақтау инфрақұрылымын жетілдіру мақсатында жаңа медициналық мекемелер бой көтеріп жатқанын айтты. Сондай-ақ шалғай ауылдарға дейін сапалы қызметтің қолжетімділігін артыру мәселесі назарда болатынын жеткізді.

– Құрметті сарыағаштықтар! Сіздерді жаңа дәрігерлік амбулаторияның ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Биыл өздеріңізбен кездесу барысында Нұрлы жол ауылында медициналық нысан салу мәселесін көтерген болатынсыздар. Мінеки, ол шешімін тауып отыр. Алдағы уақытта да ауылдардың инфрақұрылымын жақсарту жұмысы жалғасады, – деді Нұралхан Көшеров.

Нұрлы жол елді мекенінің ауыл биі Әділхан Андасов ауыл тұрғындары атынан алғысын айтып, көпшілікті құттықтады.

Сарыағаш ауданындағы 0,10 гектар аумақта орналасқан жаңа медициналық нысанның құрылысы 2025 жылдың мамыр айында басталған. Жаңа нысан заманауи талаптарға сай салынып, қажетті медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Дәрігерлік амбулаторияда жергілікті халыққа алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсетуге барлық жағдай қарастырылған. Нысан бір мезетте 25 адамды қабылдай алады.

Бұл – елді мекен тұрғындарының сапалы медициналық көмекке қолжетімділігін арттыру бағытындағы нақты қадам.

Айта кетейік, Түркістан облысында денсаулық сақтау инфрақұрылымын жақсарту мақсатында бірқатар медициналық нысан салынуда. Биылдың өзінде жергілікті бюджет есебінен 34 жаңа ғимараттың мәселесі шешіледі. Одан бөлек, 3 аудандық орталық ауруханаға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар алғашқы медициналық көмек сапасын арттыру мақсатында 60 жедел жәрдем көлігі сатып алынды. Ал медициналық ұйымдарды материалдық-техникалық жарақтандыру деңгейі 84,7 пайызға жетті. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.

ҚР ҰҚК Түркістан облысы бойынша департаменті Сарыағаш аудандық басқармасының ғимараты пайдалануға берілді

Мұнан өзге бүгін ҚР ҰҚК Түркістан облысы бойынша департаменті Сарыағаш аудандық басқармасының ғимараты пайдалануға берілді. Бұл нысанда қауіпсіздік қызметкерлеріне қолайлы жағдай жасалған. Нысанның ашылуына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров пен ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Болат Қалмұрзаев қатысып, мекеме қызметкерлерін құттықтады.

Облыс әкімі мен жиынға қатысушылар басқарманың ғимаратымен танысып, қауіпсіздік өкілдерінің жұмысына сәттілік тіледі.

Шардара ауданында 2 дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді

Тағы бір атап өтерлігі, Түркістан облысында медициналық нысандар салу, дәрігерлік көмекке қолжетімділікті арттыру мәселесі — облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің бақылауында. Осы ретте Шардара ауданындағы Сүткент және Ұзын-ата ауылдарында заман талабына сай жаңа дәрігерлік-амбулатория ғимараттары салтанатты түрде ашылып, ел игілігіне берілді. Бұл нысандар ауыл тұрғындарына алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған.

Жаңа амбулаториялар заманауи медициналық жабдықтармен толық қамтылып, тұрғындарға сапалы әрі уақтылы медициналық қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Аталған жобалар аудан халқының денсаулығын нығайтып, медициналық инфрақұрылымды дамытуға оң серпін бермек.

Салтанатты ашылу рәсіміне Шардара ауданының әкімі Арман Қарсыбаев қатысып, ауыл тұрғындары мен медицина саласы қызметкерлерін маңызды әлеуметтік нысандардың іске қосылуымен құттықтады. Аудан басшысы өз сөзінде ауылдық жерлерде денсаулық сақтау саласын дамытуға мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлініп отырғанын атап өтті.

Іс-шара барысында бірқатар медицина қызметкерлері «Шардара ауданына – 60 жыл» мерекелік төсбелгісімен марапатталды. Сонымен қатар облыстық денсаулық сақтау басқармасы тарапынан берілген жедел жәрдем автокөліктерінің кілттері салтанатты түрде табысталды.

Аталған жобалар – өңірдегі әлеуметтік инфрақұрылымды жүйелі түрде дамытуға және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған мемлекеттік саясаттың нақты нәтижесі.

Төлеби ауданындағы бір ауылда медициналық нысан ашылды

Сонымен қатар бүгін Төлеби ауданына қарасты Тағайна ауылында алғашқы медициналық көмек көрсетуге арналған фельдшерлік-акушерлік пункт пайдалануға берілді. Ашылу салтанатына аудан әкімі Еркеғали Әлімқұлов қатысып, ауыл тұрғындарын маңызды әлеуметтік нысанның ашылуымен құттықтады.

Іс-шара барысында аудан әкімі Мемлекет басшысының халыққа қолжетімді әрі сапалы медициналық қызмет көрсету жөніндегі тапсырмасына сәйкес, аудан аумағында денсаулық сақтау саласын дамыту, әсіресе ауыл тұрғындарына алғашқы медициналық көмекті жақындату бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Жаңа медициналық пункттің негізгі мақсаты – ауыл тұрғындарына алғашқы медициналық-санитариялық көмекті уақытылы әрі сапалы көрсету. ФАП тәулігіне 12 адамды қабылдайды. Сонымен қатар нысанның іске қосылуы нәтижесінде 3 жаңа жұмыс орны құрылды. Ғимарат заман талабына сай салынып, барлық қажетті медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Жобаның жалпы құны – 62 миллион теңге. Құрылыс жұмыстарын «Нефтестроймонтаж» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізді.

Ауыл тұрғындары медициналық нысанның салынуына қолдау көрсетіп, елді мекенде алғашқы медициналық көмектің қолжетімді болуына жағдай жасағаны үшін аудан әкімдігіне алғыстарын білдірді.

85%-дан астам пациент дәрілерді цифрлық сервистер арқылы алады

Орайы келгенде еліміздің медицина саласына қатысты жаңалықтарды назарларыңызға ұсына кетсек. 2026 жылдан бастап амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілген пациенттердің 85%-дан астамы «Әлеуметтік әмиянды» қоса алғанда, цифрлық сервистерді пайдаланады. Жеке кабинеттерде барлық жазылған және алынған электронды рецепттер қолжетімді.

Диспансерлік бақылауда тұрған 3,3 миллион пациенттің цифрлық есебі дәрі-дәрмектерге қажеттілікті дербестендірілген жоспарлауға мүмкіндік берді. Бұл сатып алу көлемін дәлірек болжауға және тапшылық қауіптерін азайтуға мүмкіндік береді.

Жеке дәріханалардың қатысуымен және бірге төлеу механизмі арқылы амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді орталықсыздандыру бойынша пилоттық жобаны іске қосуға дайындық жүргізілуде. Болашақта бұл азаматтарға дәріханалар мен дәрілерді таңдау мүмкіндігін кеңейтеді, сондай-ақ әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры арқылы өтемақы есебінен жеке шығындарды азайтуға септігін тигізеді.

Цифрландыру фармацевтикалық бизнеске де қатысты. Дәрі-дәрмектерді тіркеу мерзімі «бір терезе» қағидаты бойынша 210 күннен 100 жұмыс күніне қысқартылды.

Дәрілерді белгілеу және толық бақылау жүйесі енгізілді: бүгінгі күнге 667 миллионнан астам бірлік белгіленді. Бұл нарықтың ашықтығын арттырды – фармацевтикалық сектордағы салық төлеушілер саны 5%-ға өсті, ал салықтық түсімдер 24%-ға артты.

Мұнан бөлек денсаулық сақтау жүйесінде медициналық ұйымдарды, кадрларды, жабдықтар мен медициналық техниканы онлайн режимде есепке алуға мүмкіндік беретін ресурстарды басқарудың жаңғыртылған жүйесін енгізу басталды.

Жүйенің негізгі міндеті — деректерді қолмен енгізуді азайту арқылы жоспарлау дәлдігін арттыру және адам факторының әсерін азайту.

Жаңа жүйе ресурстарға қажеттілікті бес жылға дейінгі мерзімге болжауға және мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен интеграциялана отырып, медициналық ұйымдардың активтерін есепке алуды жүргізуге мүмкіндік береді.

Ағымдағы кезеңде жоба пилоттық режимде іске асырылуда. Оған еліміздің барлық 20 өңірі бойынша 672 медициналық ұйым қатысады. Пилоттың қорытындысы бойынша ТБЖ жүйесін одан әрі масштабтау жоспарлануда.

Тағы бір пилоттық жоба хақында. 2025 жылы Қазақстан ана денсаулығын сақтау жүйесін күшейтіп, әйелдерге арналған профилактикалық және мамандандырылған қызметтердің қолжетімділігін кеңейтті.

«Аналар саулығы» бағдарламасы жүктілік басталғанға дейін әйелдерді зерттеп-қарауға және сауықтыруға қолжетімділікті жақсартты. Зерттеудің барлығы 12 түрі бар. Прегравидалдық даярлықпен қамту 23%-ға өсіп, 46,1%-ды құрады. Ерте мерзімде есепке тұрған әйелдердің саны 10%-ға өсті.

«Салауатты Ана» бағдарламасы шалғайдағы және жету қиын ауылдық елді мекендерден қиын босанғаннан кейін жоғары қауіп тобындағы жүкті әйелдерді алдын ала емдеуге жатқызу үшін пансионаттар жасайды. Қазіргі уақытта 15 облыста пансионаттар ашылды, онда 3 мың жүкті әйел көмек алды.

«Аңсаған сәби» экстракорпоралдық ұрықтандыру бағдарламасы ең сұранысқа ие жобалардың бірі болып қала береді. Жыл сайын ЭКҰ-ға 7 мың квота бөлінеді. Төрт жылдың ішінде 30 мыңнан астам әйел емшарадан өтті, көптен күткен 10 мыңнан астам бала дүниеге келді.

Жоғары технологиялық көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында 22 Облыстық перинаталдық орталықта жүкті әйелдерді мамандандырылған зерттеп-қарау мен емдеуге жедел жіберу мүмкіндігімен ұрықты қорғау орталықтары құрылды.

15 қыркүйектен бастап Қазақстанда «Онлайн медицина» жобасы басталды, ол ең шалғай ауылдық өңірлердің тұрғындары үшін медициналық көмекті жақын әрі қолжетімді етуге бағытталған.

Пилот еліміздің тоғыз өңірін — Ақмола мен Ақтөбеден Жамбыл, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды облыстары, Алматы облысы мен Астанаға дейін қамтып, 100 медициналық ұйым мен жеті телемедициналық шешім өнімберушілерді біріктірді.

Жобаны іске асыру барысында 39 569 қашықтықтан медициналық қызметтер көрсетілді, олардың ішінде диагностикалық қызметтер басым — 24 923, алайда мамандардың консультациялық қызметтері де айтарлықтай бөлігін — 12 645, сондай-ақ 2 000-нан астам зертханалық зерттеуді құрайды.

Қызметтер фельдшерлік-акушерлік пункттерден және 3 718 қызмет орындалған дәрігерлік амбулаториялардан бастап тағы 35 851 қызмет көрсеткен аудандық және қалалық ауруханаларға дейін барлық деңгейлерге бөлінді.

Ең көп қызмет Алматы қаласында — 12 646, Қарағанды қаласында — 2 545 және Астана қаласында — 22 672 көрсетілді. Алматы облысында ауылдық аумақтар үшін ерекше әсер байқалады: барлық қашықтықтан көрсетілетін қызметтердің 94,3%-ы дәл сол жерде көрсетілген.

Деректерді талдау диагностикалық зерттеулердің көптігіне қарамастан, халықтың негізгі сұранысы мамандандырылған мамандардың — терапевттердің, кардиологтардың, эндокринологтардың, педиатрлардың консультацияларымен байланысты екенін көрсетті.

Телемедицинаның ең сұранысқа ие функциялары экспресс-диагностика, ЭКГ — 20 мыңнан астам зерттеу, цифрлық стетоскопты, отоскоп пен офтальмоскопты қолдану, сондай-ақ созылмалы пациенттерді қашықтықтан бақылау болды.

Технологиялармен сенімді жұмыс істеу үшін 300-ден астам медицина қызметкері оқытылды.

Жобаны үйлестіруді, әдіснамалық қолдауды және енгізуді мониторингтеуді С. Қайырбекова атындағы Ұлттық ғылыми денсаулық сақтауды дамыту орталығы көрсетілетін қызметтердің бірыңғай тәсілі мен сапасын қамтамасыз ете отырып жүзеге асырды.

«Онлайн медицина» пилоттық жобасы іс жүзінде өңірлердің қашықтықтан қызмет көрсету қажеттілігінің қаншалықты жоғары екенін және олардың сапалы медициналық көмекке қолжетімділікті кеңейтуге қаншалықты тиімді көмектесетінін дәлелдеді.

Түркістан облысының орталығындағы ауруханада дәрігерлер қызылшаның ауыр асқынуларымен түскен жүкті әйел мен бала өмірін сақтап қалды

Түркістан облысы Денсаулық сақтау басқармасының өңірлендіру туралы бұйрығына сәйкес, науқас алыс ауданнан медициналық авиация желісі арқылы Түркістан қалалық орталық ауруханасына жеткізілді.

Науқас қызылшаның ауыр ағымымен, интоксикация, сусыздану және ауыр пневмониямен асқынған жағдайда жеткізілді. Клиникалық жағдайдың күрделілігіне байланысты ана мен баланың өміріне тікелей қауіп төнді.

Науқастың өмірін құтқарып қалу мақсатында Республикалық көлемдегі кеңейтілген консилиум ұйымдастырылып, телемедицина арқылы жетекші сарапшылардың ұсынымдары алынды. Өмірлік маңызды көрсеткіштері, жүктіліктің ағымы және ықтимал асқынулар жан-жақты бағаланды.

Денсаулық сақтау министрлігінің қатаң бақылауымен, республикалық клиникалар мамандарын жұмылдыра отырып, облыстық Денсаулық сақтау басқармасының қадағалауымен, облыстық бейінді мамандардың 9 тәулік бойы тәуліксіз жүргізілген қарқынды емі мен бақылау нәтижесінде ана мен бала өмірі сақталды.

Бұл жағдай — Түркістан облысының медицина қызметкерлерінің жоғары кәсібилігі мен үйлесімді командалық жұмысының айқын дәлелі. Дәрігерлердің бірлескен, жауапты әрі жанқиярлық еңбегінің арқасында тағы бір күрделі клиникалық жағдай сәтті аяқталып, екі бірдей өмір аман қалды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You