
Мал бордақылау алаңында 600-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылмақ
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Сауран ауданына жұмыс сапармен барып, кәсіпорындар мен әлеуметтік нысандардың құрылыс жұмыстарын бақылады. Аудан экономикасын дамытуға серпін беретін жобалармен танысып, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытындағы игі бастамаларға қашан да қолдау болатынын жеткізді. Кәсіпкерлермен жүздесіп, құрылыс сапасына немқұрайлы қарамай, бастаған істі жауапкершілікпен аяқтауды тапсырды.
– Сауран ауданы – облыс көлемінде даму қарқыны артып келе жатқан аймақтардың бірі. Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, және де өндіріс салалары ұдайы дамып келеді. Аудан халқының әлеуетін көтеру мақсатында атқарылып жатқан ауқымды жобалар облысымыз үшін де үлкен жетістік. Мұндағы басты мақсат – инвестиция тартуға бағытталған жобаларды көбейтіп, аймақтың даму сапасын одан әрі жетілдіру. Жаңа технологияларды пайдалана отырып, әрбір істі уақытында әрі сапалы орындауды ескертемін, – деді Нұралхан Көшеров.
Облыс әкімі Бабайқорған ауылдық округінде орналасқан «Мырзахан» шаруа қожалығының 10 мың басқа арналған мал бордақылау алаңын аралады. Нысан 20 гектар аумақта орналасқан. Жоба құны 8 миллиард теңгені құрайды. Мұнда 600-ге тарта жаңа жұмыс орны ашылады. Сонымен қатар бордақылау алаңында ет сақтау қоймасы, мал сою бекеті, тері, қан және тұяқ өңдеу зауыттары, ветеринарлық қызмет көрсету, жем, шөп жинау, мал азығын дайындау және тыңайтқыш өңдеу алаңдарының қызметтері іске қосылады.
Осы күні облыс басшысы Жібек Жолы ауылдық округіндегі «БИНЭКС» ЖШС-нің кірпіш өндіру зауытының жұмысымен танысты. Кәсіпорында күніне 20 мыңнан астам кірпіш өндіріледі. Ал жылына 3,5 миллион дана кірпіш шығаруға қауқарлы. Мұнда 32 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Нысан 5 гектар аумақта орналасқан. Өндірілетін кірпіш көлемі – 25х12. Жоба құны 500 миллион теңгені құрайды. Кәсіпорын заманауи технологиямен жабдықталған.
Іссапар Шорнақ елді мекенінде құрылысы жүріп жатқан спорт кешенінде жалғасты. Облыс әкімі спорт ғимаратын толық аралап, атқарылған жұмыстармен танысты.
Нысан 2023 жылы «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында бой көтеріп, биыл пайдалануға беріледі деп күтілуде. Жобаға қажетті қаржы қаралып, құрылыс жұмыстарын «ДОС и К СЕРВИС» ЖШС мердігер мекемесі жүргізуде. Нысан 300 адамға шақталған. Мұнда футбол, баскетбол, бокс, күрес және дене шынықтыруға бағытталған жаттығу залдары қарастырылған.
Өңірде әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсарту мен тұрғындардың сапалы өмір сүруі үшін қолайлы жағдай қалыптастыру мақсатында ауқымды жобалар жүзеге асырылып келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар облыс әкімінің жіті бақылауында тұр.
Коммуналдық қызметкерлерге 27 техника табысталды
Түркістан облысында коммуналдық қызметтердің материалдық-техникалық базасын нығайту бағытында нақты қадамдар жасалуда. Бүгін Сауран ауданындағы коммуналдық мекемелерге 12 трактор тіркемесімен, 2 жүк тиегіш, 12 трицикл, 1 су сорғыш техникалары табысталды. Жалпы саны 27 арнайы техниканы сатып алуға облыстық бюджеттен 250,0 млн теңге бөлінді.
Сауран ауданының Шорнақ ауылдық округіне арнайы жұмыс сапарымен барған Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров алдымен ауыл шаруашылығы және мемлекеттік грант есебінен кәсібін бастаған жас кәсіпкерлердің өнімдері жәрмеңкесін аралап көрді. Сонымен қатар облыс әкіміне ауданда тазалық жұмыстарына бағытталған коммуналдық техникалардың жұмыс істеу барысы таныстырылды.
Нұралхан Көшеров коммуналдық сала қызметкерлеріне жаңа техникалардың кілттерін табыстап, халық игілігі жолындағы еңбектеріне табыс тіледі.
– Өздеріңізге мәлім, бір жыл бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен бәріміз бір ел болып «Таза Қазақстан» акциясын бастағанбыз. Осы жалпыұлттық акцияға алғашқы күннен бастап белсене қатысып келе жатқан әрбір азаматқа шын жүректен алғысымды білдіремін. Президентіміз «Тазалық әр адамнан, әр үйден, әрбір көше мен әр қаладан басталуы керек. Өйткені, «Таза Қазақстан», бұл – бір күндік науқан емес. Бұл – біздің өмір салтымыз», деген болатын. Бүгін тазалық жұмыстарын жүргізу, тұрғындардың өмір сапасы мен ауыл тазалығын жақсарту мақсатында ауданға 27 техниканы табыстағалы отырмыз. Бұл жаңа техникалар коммуналдық қызметтерді жаңартып қана қоймай, ауданның таза әрі көрікті болуына өз септігін тигізеді. Ел мүддесі жолындағы еңбектеріңізге жеміс, отбасыларыңызға амандық, бақ-береке тілеймін. Қазақстанымыз таза әрі қуатты болып, дами берсін! – деді облыс басшысы.
Айта кетейік, ауданда абаттандыру және санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізу үшін жалпы 39 техника пайдалануға тапсырылды. Нақтырақ айтқанда, коммуналдық мекемелер 12 трактор тіркемесімен, 3 жүк тиегіш және 15 трицикл, 1 қоқыс тасығыш, 2 әмбебап трактор, 1 экскаватор, 2 «КамАЗ», 3 «УАЗ» техникасымен қамтамасыз етілді.
«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында облыс аумағындағы коммуналдық мекмелерді заманауи техникалармен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жалғасады.
Сауран ауданында «Әлеуметтік бақша» жобасы бастау алды
Түркістан облысының Сауран ауданында аз қамтылған отбасыларды қолдау және жергілікті өзін-өзі жұмыспен қамтуды дамытуға бағытталған ерекше әлеуметтік жоба іске қосылды. Жергілікті билік бастамасымен қолға алынған «Әлеуметтік бақша» жобасы аясында жаңа әлеуметтік дүкендер тегін пайдалануға беріледі. Жобаның басты мақсаты – әлеуметтік осал топтарды қолдау және жергілікті өзін-өзі жұмыспен қамту деңгейін арттыру.
Дүкендер әлеуметтік осал топтардың өкілдеріне тегін ұсынылады. Енді зейнеткерлер, көпбалалы отбасылар және басқа да мұқтаж жандар өздері өсірген немесе дайындаған өнімдерін сата алады. Дүкен сөрелерінде жаңа піскен көкөністер, жемістер, жидектер, үйде дайындалған тағамдар, сүт өнімдері және басқа да табиғи өнімдер бар.
Бұл бастаманы Түркістан облысының әкімі Нұралыхан Көшеров те қолдап, жұмыс сапары барысында жаңа сауда орындарын аралап, тұрғындармен сөйлесіп, өнім түрлерімен және сауда шарттарымен танысты. Ол мұндай жобалардың ауылдық өңірлердің тұрақты дамуы үшін маңыздылығын атап өтті.
– Бұл – жай ғана сауда орны емес, өмірдің қиын жағдайларына қарамастан өз еңбегімен табыс табуға ұмтылатын адамдарды қолдайтын алаң. Жоба облыстың басқа аудандарына да үлгі болады, – деді өңір басшысы.
Сонымен қатар бүгін тұрғындарға қолжетімді бағамен ауыл шаруашылығы өнімдері ұсынылған арнайы жәрмеңке де ұйымдастырылды. Жәрмеңкеде Сауран ауданының шаруашылықтары өндірген экологиялық таза ауыл шаруашылығы өнімдері ұсынылды. Мемлекеттік грант алған жас кәсіпкерлердің өнімдері де саудаға шығарылды. Бұл жастарды кәсіпкерлікке тартуға ықпал етіп қана қоймай, жергілікті нарықты сапалы отандық өнімдермен қамтамасыз етудің бір жолы болып табылады.
Жаңа жоба жергілікті халық пен билік тарапынан жоғары бағаланып, алдағы уақытта облыстың басқа аудандарына таралуы мүмкін.
Ауданның жалпы өңірлік өнімі 36,9 миллиард теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 43,6%-ға өскен
Бүгін Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров жұмыс сапарымен Сауран ауданына барып, аймақ активімен кездесті. Кездесу барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері, өзекті мәселелер мен шешу жолдары талқыланды.
Актив отырысында Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша есеп беріп, негізгі бағыттар мен жүзеге асқан жұмыстарға тоқталды. Сондай-ақ басқарма басшыларының ұсыныс-пікірлері тыңдалды. Ауданда өндірісті, инвестиция саласын, туризмді, ауыл шаруашылығын дамыту және өзге де бағыттар бойынша нақты міндеттер жүктелді.
Сауран ауданы соңғы жылдары даму қарқынын үдетіп келеді. Ауданның жалпы өңірлік өнімі 36,9 миллиард теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 43,6%-ға өскен. Негізгі экономикалық салалар – ауыл шаруашылығы (40%), өнеркәсіп (35%), құрылыс (19%) және сауда (6%). Жыл соңына дейін 135 миллиард теңгенің өнімі өндірілмек.
– Ауыл шаруашылығы саласы мен кәсіпкерлікті, инфрақұрылымды дамыту тоқтамау керек. Сауран ауданының экономикалық даму әлеуетін толық пайдалана отырып, тұрғындар үшін барлық жағдай жасау қажет. Салықтан жалтарудың жолын кесіп, халықты бұл мәселеде үйретуіміз керек. Қаржылық сауаттылықты арттыру маңызды. Орта кәсіпті дамытуымыз қажет, осы бағытта нақты әрі жүйелі жұмыс жүргізуіміз керек. Бұл бойынша кірістер басқармасымен бірлескен жұмыстарды күшейту қажет, – деді Нұралхан Көшеров.
Аудан экономикасына тартылған инвестиция көлемі – 29,5 миллиард теңге. Шаға өндірістік аймағында 10 кәсіпорын іске қосылып, 500-ге жуық адам жұмыспен қамтылды. Жыл соңына дейін 254 жоба жүзеге асырылып, 4 162 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Облыс әкімі бұл көрсеткіштерді оң бағалап, жұмысты әрі қарай жандандыру қажеттігін атап өтті. “Экономиканы әртараптандыру, инвестициялық жобаларды сапалы әрі уақтылы жүзеге асыру – басты міндет. Әкімдер мен басқарма басшыларына салғырттыққа жол беруге болмайды,” – деді Көшеров.
Сауран ауданында туризмді дамыту – облыс әкімінің ерекше бақылауында. Ауданға биылғы 7 айда 65 мыңнан астам турист келген. Атап айтқанда, Сауран қалашығы, Үкаша ата мен Жүсіп ата кесенелері туристердің сүйікті орындарының бірі болып отыр.
Ауданға 3,8 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылып, 7 туристік нысанның құрылысы жүргізілуде. Ақсу шатқалында экотуризмді дамыту, инфрақұрылымды жақсарту және экологиялық жобаларды енгізу жоспарланған.
Ауданда инфрақұрылымдық мәселелер кезең-кезеңімен шешімін табуда. Құрылыс көлемі 5,4 миллиард теңгеге жетіп, 29,2 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Ағымдағы жылы 7 елді мекенге ауыз су желілері тартылуда. Газдандыру деңгейі – 43,3%.
Жеті айдың ішінде 18 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, бұл өткен жылмен салыстырғанда 114,3% өсімді көрсеткен. 45 493 гектар жерге егіс егілген. Қарбыз, қауын және көкөніс өнімдері Ресей мен Беларусь елдеріне экспортталып отыр.
Облыс әкімі кәсіпкерлік саласындағы серпінді жобаларға ерекше назар аударды. Сүт зауыты, тері өңдеу өндірісі – алдағы уақытта іске асырылатын маңызды жобалар қатарында. Бұл жобаларға мемлекет тарапынан жеңілдетілген несие беру қарастырылады.
Нұралхан Көшеров аймақтың әлеуеті жоғары екенін атап өтіп, аудан әкімдігі мен басқарма басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. Аймақтың экономикалық қарқынын бәсеңдетпей, халықтың әл-ауқатын арттыру жолында бірлесе жұмыс істеу қажеттігі айтылды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
