Түркістан облысының әкімі шахматтан әлемнің 3 дүркін чемпионын қабылдап, құрмет жасады

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров шахматтан жасөспірімдер арасындағы әлемнің үш дүркін чемпионы, қазақтың мақтанышы Айару Алтынбекті қабылдады. Сонымен бірге чемпионның атасы Ақжігіт Исабек пен әкесі Әлібек Амантаевты да қабылдап, ой-пікірлерін тыңдады. Өңір басшысы жас спортшының жетістігін жоғары бағалап, еңбегін атап өтті.

– Түркістан қаласына қош келдіңіздер! Сіздермен жүздесіп отырғаныма қуаныштымын. Айару қарындасымыз –Түркістан облысының тумасы. Бүгінде еліміздің абыройын асқақтатып, көк туымызды желбіретіп жүр. Біз өзіңіздей жас чемпиондармен мақтанамыз және қолдаймыз, – деген Нұралхан Көшеров Айаруға грамота мен бағалы сыйлықты тапсырып, құрмет көрсетті.

Чемпионның атасы мен әкесі талантты қыздың спорттық жетістіктері, алдағы жоспарлары туралы баяндады. Арнайы құрмет көрсеткен өңір басшысына ризашылықтарын білдіріп, спортшыны халықаралық жарыстарға жіберуге қолдау мәселесі бойынша ұсыныстарын жеткізді.

Айару Алтынбек шахмат спортындағы бәсекелестік жоғары екенін, ел сенімін ақтау үшін бар күш-жігерін салып жүргенін айтты. Әлемнің түрлі қалаларын аралағанын, солардың ішінде Түркістан қаласының да сәулеті айрықша екеніне тоқталды.

Тарқата айтсақ, Айару Әлібекқызы Алтынбек – шахматтан халықаралық дәрежедегі спорт шебері – «FIDE Master». 2011 жылдың 12 сәуірінде Түркістан облысының Сайрам ауданына қарасты Жібек жолы ауылында дүниеге келген. Әлемнің үш дүркін чемпионы (2023 жыл – Батуми, Грузия; 2024 жыл – Лима, Перу; 2025 жыл – Родос, Грекия). Қазақстанның 4 дүркін чемпионы. 2025 жылы өткен халықаралық «Queens Chess» турнирінің жеңімпазы. 13 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында әлемдік рейтингте 1-орынға шыққан.

Орайы келгенде атап өтерлігі, Түркістан өңірінде шахмат спортын дамыту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Бүгінде облыс аумағындағы 20 спорттық мекемеде 97 жаттықтырушы қызмет атқарып, 2475 спортшымен тұрақты жұмыс жүргізіп келеді. Оның үстіне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес шахмат спортына ерекше көңіл бөлініп жатыр. Шахмат спортын дамыту бойынша 2023-2027 жылдарға арналған Жол картасы бекітілген. Қала және аудандарда шахматшыларға қолайлы жағдай жасалған.

Қабылдау демекші, облыс әкімдігінің тыныс-тіршілігінен қоса кетер тағы бір ақпарат, бүгін Түркістан қаласындағы «Ашық әкімдік» кеңсесінде Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков өңір тұрғындарын жеке қабылдады. Азаматтардың өтініштерін тыңдап, сала басшыларымен бірге өзекті мәселелердің шешу жолдарын қарастырды.

Қабылдауға Түркістан, Кентау қалалары мен Жетісай, Түлкібас аудандарының тұрғындары келді. Азаматтардың басым бөлігі жер, ауыл шаруашылығына қатысты мәселелерді көтеріп, ұсыныстарын жеткізді. Мәселен, түркістандық азамат марокко шегірткесімен күресу бойынша өз тәсілін ұсынды. Айта кетейік, биыл облыста аса қауіпті зиянды организмдерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары 712 мың гектарға жүргізілді. Қазіргі таңда өңдеу жұмыстары толық аяқталып, фитосанитариялық ахуал толық бақылауға алынды.

Түркістан қаласының тұрғыны Б.Елекеев көшесінен автотұрақ үшін жер беруді сұрады. Өтініш иесіне қаланың Бас жоспарына сәйкес аталған көшеде автотұрақ үшін жер қарастырылмағаны айтылып, кәсіпкерлік мақсатындағы жерлер аукцион арқылы берілетіні түсіндірілді.

Одан бөлек, ауыл шаруашылығы субсидиясы, кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы мақсатында жер алу, салық төлеу, алаяқтық мәселелері ортаға салынды. Облыс әкімінің орынбасары жер дауы сот арқылы шешілетінін түсіндіріп, әкімдік құзіретіндегі мәселелер заң аясында зерделенетінін айтты.

Айта кетейік, өңір басшысы мен орынбасарларының жеке қабылдауында болу үшін «eOtinish» бірыңғай базасы арқылы немесе «Ашық әкімдік» кеңсесіне келіп, жазбаша өтініш тастау арқылы жазылуға болады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You