
Бүгін Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Шардара ауданына жұмыс сапарымен барып, «Шардара» су қоймасы маңындағы жағажайларды аралап көрді. Туристік нысандардың жай-күйімен танысып, санитарлық тазалық және қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін қадағалады.
Жауапты тұлғалар мен жағажай жұмысын жүргізіп жатқан кәсіпкерлерге анықталған кемшіліктер бойынша сын-ескертпе айтып, нақты тапсырмалар берді.
Туристер жиі баратын негізгі орындар – «Nurdelux», «ER I ZHAN», «Алтын жағалау» және өзге де демалыс орындары демалушылардың назарын көбірек аударып отыр.
– Мемлекет басшысы елдегі барлық туристік бағыттың жағдайын ретке келтіруді тапсырды. Бұл мәселе назарымыздан түскен емес. Өңірде туристік орындарды реттеу және санитарлық тазалығын сақтау бойынша екі жылдан нақты тапсырмалар беріліп, жұмыстар атқарылып келеді. Бірақ әлі де кемшілік көп. Жағажайларды жедел ретке келтіріңіздер. Тазалық пен қауіпсіздік талаптарын сақтамағандарына заң шеңберінде жұмыс жүргізілсін. Осы демалыс орындарына иелік етіп отырған кәсіпкерлер өз міндетін адал атқарсын. Жағажайларға қажетті талаптар сақталмаса, келісімшартты тоқтату керек. Жауапты басқарма басшылары, аудан әкімдігінің жауапты тұлғалары осы мәселе бойынша шұғыл жұмыс атқарыңыздар. Демалыс орындарында тіркелген жұмысшылар санын, салық төлемдерін де жүйелеңіздер. Ең басты мәселе – демалушылардың қауіпсіздігі. Егер туризм дамысын десек, тазалық пен қауіпсіздік басты назарда болуы керек. Жағажайға келушілердің тазалық талаптарын сақтауы да қадағалансын, – деген Нұралхан Көшеров жауапты басшыларға нақты міндеттер жүктеді.
Жағажайларды аралап көрген облыс әкімі аудан әкімдігінің ғимаратында жағажайлар мен туристік нысандардың жұмысын реттеу бойынша мәжіліс өткізді.
– Туристік нысандар – біздің келбетіміз. Мемлекет басшысы осы бағытта нақты міндеттер жүктеп отыр. Жаңа жағажайларды аралап шықтық. Қауіпсіздік, тазалық бойынша кемшіліктерді көрдік. Төтенше жағдайға жауапты мекемелер жұмысты күшейтіп, кемшіліктерді жоюы керек. Полиция тарапынан тазалық талаптарының орындалуы, алкогольді ішімдіктердің сатылмауы, жалпы тәртіптің сақталуы қадағалансын. Тұрғындардың қауіпсіздігі – ең басты мәселе. Екіншіден, осы туристік нысандардың салық төлемдеріне қатысты да сұрақтар бар. Жергілікті кірістер басқармасы жұмысты ширатсын, – деген Нұралхан Көшеров «Қазсушар» мекемесі мен Шардара ауданы әкімдігіне және Түркістан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына демалыс орындарын тіркеу, заңдылығын сақтау бойынша тиісті тапсырмалар берді. Туризмге жауапты салғырттыққа жол берген басшылар пен қызметкерлерге тиісті тәртіптік шара көруді міндеттеді. Сонымен бірге жағажайларда құтқарушылар санын көбейту, суға тым жақын орналасқан сәкілерді талапқа сай алыстату, автотұрақты реттеу және өзге де тапсырмалар берілді. Мониторинг жұмыстары бұдан әрі тұрақты түрде жалғасатын таппақ.
Бұдан бөлек осы іссапар барысында Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Шардара ауданындағы инфрақұрылым нысандарын тексерді.
Естеріңізде болса, Президент өз Жолдауында 2025 жылға дейін халықты 100% таза ауыз сумен қамтуды тапсырған болатын. Осыған орай облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов Шардара ауданына арнайы іссапармен барып, елді мекендердегі ауыз су мәселесіне қатысты жағдаймен танысты.
Іссапар барысында ауданға қарасты бірнеше ауылдық округке барып, жергілікті тұрғын үйлерге кіріп, тұрғындармен тікелей жүздесті. Кездесу барысында халық тарапынан ауыз су сапасы мен қолжетімділігіне қатысты көтерілген мәселелер назарға алынып, жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктелді. Сондай-ақ бірқатар инфрақұрылым нысандары мен су ұңғымалары тексеріліп, су тарту жүйелерін жаңғырту және тұрғындарды тұрақты таза ауыз сумен қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстар сараланды.
Іссапар қорытындысы бойынша Зұлпыхар Жолдасов тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар беріп, ауыз су мәселесін шешуді ерекше бақылауға алатынын жеткізді.
Айта кетейік, 83 997 тұрғыны бар Шардара ауданының ауыз сумен қамту көрсеткіші 90,9 пайызды құрайды. Жалпы 22 елдімекеннің 20-ы ауызсумен қамтылған. Бенс елді мекенге кесте арқылы су беріліп келеді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.