Түркістан облысының әкімі «Шардара» су қоймасының жағалауында орналасқан бірқатар демалыс орындарын кезекті рет аралады

Шомылу маусымы басталғалы Түркістан облысына қарасты жағажай аумақтарында қауіпсіздік және тазалық шаралары күшейген. Шардарадағы жағажайда осыған дейін анықталған кемшіліктер бойынша нақты жұмыстар жүргізіліп, демалушыларға қолайлы жағдай жасалды.

Бүгін облыс әкімі Нұралхан Көшеров «Шардара» су қоймасының жағалауында орналасқан бірқатар демалыс орындарын кезекті рет аралап, тазалығы пен қауіпсіздігін, өткен сапарда берілген тапсырмаларының орындалу барысын бақылады. Облыс басшысы жағажайларға жауапты тұлғалармен, кәсіпкерлермен жүздесіп, мұнда санитарлық тазалық шараларын күнделікті ұқыпты орындауды тапсырды.

– Тазалық пен қауіпсіздік – туризмді дамытудың бір тетігі. Демалушыларға, саяхатшыларға қолайлы жағдай жасалуы керек. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады, – деді Нұралхан Көшеров.

Шардарадағы жағажайлар ретке келтірілген. Мониторинг жұмыстары тұрақты жүргізіліп, полиция қызметкерлері тарапынан қауіпсіздік талаптары қатаң қадағалануда. Тексеру барысында 409 сәкінің 171-і талапқа сай болмағандықтан, алынып тасталды. Қалған 238 сәкі су жағасынан 50 метрге жылжытылды. Бүгінде мұнда 6 биоәжетхана, 160 қоқыс жәшігі, және 10 киінуге арналған кабина орнатылды. Тазалық жұмыстарына 11 техника, 80 жұмысшы жұмылдырылған. Сонымен қатар жағалаулардың түбін тазалау жұмыстары атқарылды. Орман шаруашылығымен 5 келісімшарт тоқтатылды, полиция қызметкерлері тарапынан 196 құқықбұзушылық анықталып, жалпы 36 хаттама толтырылып, тиісті айыппұлдар салынды. Бір демалыс орнына тексеру жүргізіліп, талапты бұзғаны үшін сотқа материал жолданды. Кәсіпкерлер де заң шеңберінде жауапкершілікке тартылған.

Қазіргі уақытта жағажай аумағына 16 құтқарушы бекітіліп, қалқымалы қауіпсіздік белгілері орнатылған. Жалпы, су қоймасының көлемі 5,2 миллиард текше метрді құрайды. Ал ұзындығы 80 шақырымды құрайды.

Нұралхан Көшеров жауаптыларға қолда бар мүмкіндіктерді пайдалана отырып, демалушыларға қолайлы жағдай жасауды міндеттеді. Шомылу маусымын ойдағыдай атқаруды тапсырды.

Айта кетейік, Түркістан облысына келуші саяхатшылар саны жыл сайын артып келеді. Биылғы 5 айда Түркістан өңіріндегі тарихи орындарға 424 мың адам саяхаттап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 9 пайызға артқан. Табиғи аумақтарға саяхаттаушылар саны 58 мыңға жуықтап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2 есеге көбейген. «E-qonaq» жүйесіндегі деректерге сәйкес, биылғы 5 айда Түркістан облысына 18699 шетелдік турист келген. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңіне қарағанда, 2 есе көп. Әсіресе, Өзбекстан, Түркия, Ресей, Қытай, Қырғызстан елдерінен саяхатшылар көп келген.

Тағы бір атап өтер мәселе. Облыс көлемінде өңдеу өнеркәсібі ұдайы даму үстінде екені мәлім. Бұл бағытта бірқатар жобалар жүзеге асса, енді бірі ашылуға жақын. Соның бірі – Түркістан облысының Шардара индустриалды аймағындағы құрылысы жүріп жатқан «Казкрахмал» ЖШС жүгеріні терең өңдеу кәсіпорны. Мұнда жылына 150 мың тонна жүгері дақылы терең өңделеді деп жоспарланған. Бүгін облыс әкімі Нұралхан Көшеров Шардара ауданына іссапары барысында зауытты аралап, құрылыс жұмыстарымен танысты.

Осыған дейін зауыттың алғашқы кезеңі бойынша дәнді дақылдарды сақтау және кептіру қоймасы өз жұмысын бастаған болатын. Биыл крахмал сірнесін өңдеу зауыты іске қосылып, мұнда 500-ден аса жаңа жұмыс орны ашылмақ. Жер аумағы – 35 гектар. Инвестиция көлемі 35 миллиард теңге көлемін құрап отыр. Зауытта крахмал, глютен, жүгері сечкасы, жүгері сірнесі, мальтоза және карамель сірнесі өндіріледі. Сонымен қатар экспорт жүйесі дамыған. Өнімдер ішкі нарықтан бастап, шетелдің Ресей мен Қытай, Бельгия мен Англия елдеріне жөнелтіледі.

Одан кейін облыс басшысына дайын өнімдер көрмесі таныстырылды. Зауыт жетекшісі атқарылған жұмыстар мен құрылыс барысын баяндады. Аралау жұмыстары астық сақтау, әкімшілік, дайын өнімдерді сақтау, асхана, жатақхана ғимаратының құрылыс алаңында жалғасты. Облыс әкімі кәсіпорынның жұмысымен толық танысып, өндіріс саласын одан әрі дамытуды және құрылыс жұмыстарын жеделдетуді тапсырды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You