
Соңғы жылдары Төлеби ауданында кәсіпкерлік саласы қарқынды түрде дамып, бірқатар маңызды жобалар қолға алынған. Аймақта шағын және орта бизнес өкілдері өңірдің экономикалық дамуына үлестерін қосып, инвестициялық жобаларға ден қойған. Бүгін Облыс әкімі Нұралхан Көшеров Төлеби ауданына барып, өндіріс орындарының жұмысын бақылады. Кәсіпкерлермен жүздесіп, өңірде өндіріс саласын дамыту жолында жан-жақты қолдаулар болатынын айтты.
Алдымен аймақ басшысы Киелітас ауылындағы битум өнімдерін шығаратын «QazaqBitum Processing» ЖШС нысанын аралап көрді. Кәсіпорын жетекшісі нысанның жұмыс жүйесін тарқатып, алдағы жоспарын баяндады.
Зауыт 2011 жылы іске қосылған, 2022 жылы модернизациялау жүйесінен қайта өткен. Бүгінде мұнда автокөлік жолдарына арналған битум өнімдері шығарылады. Кәсіпорын тәулігіне 1000 тонна, ал жылына 300000 тонна зат өндіруге қауқарлы. Зауытта 140 адам еңбек етіп, нанын тауып жүр. Мұнда ішкі және сыртқы экспорт ісі дамыған. Өнімдер республикадан бөлек көршілес Өзбекстан мен Қырғызстан елдеріне жөнелтіледі.
Одан кейін облыс әкімі Ленгір қаласында орналасқан тігін цехының жұмысымен танысты. Аралау барысында жұмыс жүйесіне оң баға беріп, бұл салаға жан-жақты қолдау болатынын жеткізді.
Мұнда жылына 250 мыңға жуық арнайы жұмыс формасы тігіледі. Кәсіпорында 150 адам жұмыс істейді. Цехта тігілген формалар еліміздің бірқатар өңірлеріне және Ресей мемлекетіне экспортталады.
Осы ретте атап өтерлігі, жалпы Төлеби ауданында ірі инвестициялық жоба жүзеге асуда. Зертас ауылында «AZIA MILK» маркасымен тауарлы сүт фермасының құрылысы қарқынды жүріп жатыр.
Жоба израильдік заманауи технологиялар негізінде толық автоматтандырылған. 10 гектар аумақта орналасқан фермада 1 200 бас голштино-фриз сиыры бағылады. Еуропалық үлгідегі фермада:
- Салқындату және желдету жүйесі;
- Метеостанция;
- Жарық пен бейнебақылау;
- Сүт жинау және өңдеу орталығы қарастырылған.
Жоба құны – 1,3 миллиард теңге. Сонымен қатар мұнда мал шаруашылығы қалдықтарын қайта өңдеу де жоспарланған.
Қазіргі уақытта 26 адам жұмыспен қамтылған. Іске қосылған соң 50 тұрақты жұмыс орны ашылады. Жуырда аудан әкімі Еркеғали Әлімқұлов ферманың құрылыс алаңында болып, жобаны қолдайтынын жеткізген-ді. Ферманы толық іске қосу 2027 жылға жоспарланған.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
