
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «WOOSONG» білім беру қорының құрметті төрағасы және басқарма мүшесі Сонг Кён Ким бастаған делегациямен кездесті. Кездесу барысында Түркістанда ашылатын халықаралық университетті уақтылы тапсыру мен жұмысын бастау, құжаттарын реттеу мен оқу процесін жүйелеу бағытындағы мәселелер талқыланды.
Облыс әкімі бұл оқу ордасы аймақ үшін маңызды екеніне тоқталды. Әкімдік тарапынан міндеттемелер жоспарға сай орындалып жатқанын жеткізді.
– Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының ел аумағында танымал жоғары оқу орындарының филиалын ашу туралы тапсырмасы аясында тиісті жұмыстар жүруде. Өзіңізге белгілі, 2024 жылдың 1 сәуірінде Түркістан облысының әкімдігі мен Корея Республикасының арасында «WOOSONG» университетін құру туралы өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойылды. Бүгінгі таңда университеттің құрылыс жұмыстары 95 пайызға аяқталды. Облыста университеттің ашылуын қамтамасыз ету мақсатында арнайы «Өңірлік іске асыру алгоритмі» бекітіліп, тиісті жұмыстар атқарылуда. Облыс әкімдігі тарапынан осы оқу ордасына 100 білім грантын бөлу жоспарлануда. Бірлесе жұмыс істеуге дайынбыз, – деді Нұралхан Көшеров.
Кездесуде Сонг Кён Ким Түркістан өңіріндегі халықаралық университет аймақтың әлеуетін көтеруге серпін беретініне сенім білдірді. Шәкірттерге білікті ұстаздар, профессорлар білім беретінін мәлімдеді.
Айта кетейік, Түркістан облысының әкімдігі мен Корея Республикасының «WOOSONG» 2024 жылдың 1 шілдесінде «Түркістан қаласында әкімшілік ғимарат салу» инвестициялық жобасын іске асыру жөнінде бірлескен қызмет туралы келісім жасалды. Құрылысты аяқталу мерзімі – 2025 жылдың 15 маусымы. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары 95% орындалған. Филиалдың оқу бағдарламаларын анықтау, ҚР мемлекеттік білім стандарты талаптарына сәйкестендіру, реестрге енгізу жұмыстары жүйеленуде. ІТ университеті 4 факультеттен тұрады және 2340 студентке дейін қабылдай алады деп күтіліп отыр. Студенттер «Жасанды интеллект және үлкен деректерді талдау», «Бағдарламалық қамтамасыз ету», «Төртінші дүниежүзілік ІТ өнеркәсіптік революция (ақылды зауыт)», «Мультимедиа және веб дизайн» факультеттеріне қабылданады. Түркістан облысы әкімдігі тарапынан гранттар бөлу мәселесі бойынша қажетті жұмыстар атқарылуда. Студенттер үшін жергілікті жеке кәсіпкер есебінен 600 орындық жатақхана құрылысы жүргізіліп, аяқталуға жақын.
Бұл бастаманы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі және Түркістан облысы әкімдігі бірлесе жүзеге асыруда.
Қазақстандағы «WOOSONG» университеті 2025 жылғы күзгі семестрге қабылдау басталғанын хабарлайды
Қазақстандағы «WOOSONG» университеті (WSUK) 2025 жылғы күзгі семестрге қабылдау ашылғанын хабарлайды. Түркістанда ашылатын «Woosong University-дің» алғашқы халықаралық филиалы биыл қыркүйек айында жұмысын бастайды. Бұл – ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі және Түркістан облысы әкімдігімен ынтымақтастықтың нәтижесінде жүзеге асып жатқан жоба.
«WSUK» – Орталық Азияда ақпараттық технологиялар саласындағы білікті мамандарды даярлауға бағытталған. Университет Қазақстан студенттері мен жас мамандарына жоғары сапалы IT білімін, әсіресе, жасанды интеллект пен деректер ғылымына баса назар аударуды ұсынады. Екі жылдық оқуын аяқтаған студенттер Оңтүстік Кореядағы «WOOSONG» университетінде немесе әлем бойынша 630-дан астам серіктес университеттерде білімін жалғастыру мүмкіндігіне ие болады.
Жаңа кампуста не ұсынылады?
Жаңа кампуста ағылшын тілінде мынадай бағдарламалар ұсынылады:
Жасанды интеллект және «Data Science»;
Бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеу;
Киберқауіпсіздік;
Мультимедиа және веб-дизайн;
Бағдарлама түлектері Оңтүстік Кореяда арнайы визалық бағдарламалар арқылы жұмыс істеуге мүмкіндік алады.
Қабылдауға арналған минималды талаптар:
- Ағылшын тілі тестінің нәтижелері: IELTS бойынша кемінде 5.0 балл немесе оған тең балл:
- a) Эквивалентті тесттер: IELTS, TOEFL iBT, Оксфорд тесті, CEFR, Duolingo, Tips, PTE Academic, TOEIC;
- b) IELTS нәтижесі 5.0-ден төмен талапкерлер үшін: егер ҰБТ-дағы ағылшын тілі балы 65%-дан жоғары болса (100 балдық жүйе бойынша), қабылдау комиссиясы оны IELTS 5.0 баллына тең деп санайды.
- c) ҰБТ-да жоғары балл (ең жақсы 15%) жинаған талапкерлер ағылшын тілі тестінен босатылады.
- Эквиваленттілік кестесімен https://wsuk.wsu.ac.kr/sub04/01.html сайтынан танысуға болады.
- Орта мектепті аяқтаған түлек болуы қажет.
- ҰБТ нәтижелері (кемінде 50 балл), бұл талап Қазақстаннан тыс жерде оқыған оқушыларға қолданылмайды. Егер талапкерлердің IELTS нәтижесі 6.0 және одан жоғары болса, ҰБТ баллдары есепке алынбайды.
Қабылдау мерзімі: Күзгі қабылдау – 2025 жылғы шілде айының соңына дейін.
Қабылдауға қажетті құжаттар: талаптар, оқу және стипендиялар туралы толық ақпаратты Қазақстандағы «WOOSONG» университетінің ресми сайтынан таба аласыз: https://wsuk.wsu.ac.kr/index.html
Байланыс нөмірі: +7(707)-360-70-05.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
