
Түркістан облысында өңірлік нышан әзірлеу бойынша байқау жарияланған болатын. Осыған орай, облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаевтың төрағалығымен мәжіліс өтті. Жиынға облыстық қоғамдық даму, мәдениет және сәулет басқармасының жауапты тұлғалары қатысты.
Басқосуда өңірлік нышан жобасына қойылатын талаптар мен байқау ережелері талқыланды. Нақтырақ айтсақ, өңірлік нышан жобасы бұрын қолданылмаған, ерекше әрі жергілікті жердің болашақ даму бағытын көрсететін жаңа жұмыс болуы тиіс. Ұлттық этнографиялық элементтерді, ою-өрнектерді пайдалануға рұқсат етіледі. Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Туы мен Мемлекеттiк Елтаңбасының бейнесін, сондай-ақ дiни, рулық және тайпалық белгiлердiң бейнесін пайдалануға тыйым салынады.
Жиын барысында байқауға қатысушылардың жұмыстары сараланып, ұсыныстар талқыланды. Облыс әкімінің орынбасары мәжіліс барысында бұл жоба – өңірдің ұлттық дәстүрлерін, тарихи, мәдени және георграфиялық, әлеуметтік-экономикалық ерекшеліктерін айшықтайтын маңызды жоба екенін атап өтті. Сондай-ақ ол конкурсқа қатысушыларды өз идеяларын ұсынып, Түркістан облысының ерекше символын жасауға белсенді атсалысуға шақырды.
Айта кетейік, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңның 27-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрінің «Өңірлік нышан жобасын әзірлеу қағидаларын бекіту туралы» 2024 жылғы 30 қазандағы № 503-НҚ бұйрығы бекітілген.
Өңірдегі қоғамдық-саяси тұрақтылық мәселелері талқыланды
Сонымен қатар бүгін облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаевтың төрағалығымен өңірдегі қоғамдық-саяси даму мәселелері талқыланған жиын өтті. Облыс әкімінің орынбасары қоғамдық-саяси ахуалды бақылауда ұстап, дер кезінде тиісті шараларды атқару керектігін баса айтып, этносаралық бірлікті сақтау, тұрғындармен тығыз байланыс орнату қажеттігін жеткізді.
– Бүгін өзекті мәселелер талқыланып отыр. Ел бірлігін сақтау, тұрақтылықты нығайту бағытындағы жұмыстар тоқтамауы тиіс. Әр басшы өзі жауапты саланы терең зерттеп, сапалы жұмыс атқарсын, – деген Ертай Кенжебекұлы осы бағыттағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды.
Жиында бірқатар басқарма өкілдері қоғамдық-саяси ахуал бойынша баяндама жасап, өңірдегі өзекті мәселелер мен олардың шешу жолдарын талқылады. Сонымен қатар басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдерінің орынбасарларына тиісті тапсырмалар берілді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
