
Бүгін Қазығұрт ауданында «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында кең көлемді жалпыаудандық сенбілік өтті. Бұл игі шараға мекеме және ауыл округтері әкімдіктерінің қызметкерлері, жастар мен ауыл тұрғындары белсенді қатысты.
Сенбілік жұмыстары «Шымкент – Ташкент» бағытындағы республикалық маңызы бар автожол бойында және ауданға қарасты ауыл округтерінде ұйымдастырылды. Тазалық жұмыстары барысында жол жиегіне ретсіз тасталған тұрмыстық қалдықтарды арнайы техника көмегімен белгіленген орындарға тасымалданды. Бұдан бөлек, шөп-тікендер орылып, қураған ағаш бұталары кесілді. Көше бойларындағы ағаштар әктеліп. Жасыл желек аймақтарын күтіп-баптау мақсатында арнайы қоршаулар орнатылып, сырланып, абаттандыру шаралары да қолға алынды.
Аудан басшылығы тарапынан сенбілік жұмыстары үнемі ұйымдастырылып тұруы қажет екендігі айтылып, тиісті мекеме басшылары мен ауыл әкімдеріне экологиялық тазалық пен тәртіпті сақтау бойынша нақты тапсырмалар жүктелді.
Айта кетейік, «Таза Қазақстан» акциясы – қоршаған ортаны қорғау, халықтың экологиялық мәдениетін арттыру және табиғатқа жанашырлық таныту арқылы еліміздің экологиялық ахуалын жақсартуға бағытталған кең ауқымды бастама.
Туған өлкенің тазалығы – тек мемлекеттік міндет қана емес, әр азаматтың борышы. Қазығұрттықтар бұл жолы да бірлік пен ұйымшылдықтың үлгісін көрсетіп, табиғатты аялау жолында ортақ іске өз үлестерін қосты.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен бастау алған «Таза Қазақстан» науқаны аясында Сарыағаш ауданында да кең ауқымды сенбілік ұйымдастырылды. Аудан көлеміндегі тазалық шараларына тұрғындар мен еріктілермен бірге аудан әкімі Арман Абдуллаев белсене қатысып, қоршаған ортаны тазартуға өз үлестерін қосты. Оған қоса, аудан басшысы сенбілік жұмыстарын аралап, бақылады. Сала басшыларына тазалық және абаттандыру жұмыстарына қатысты бірқатар тапсырмалар жүктеді.
Сенбілік жұмыстары таңғы сағат 08:00-де басталып, әр мекеме өзіне бекітілген аумақтарда тазалау жұмыстарын жүйелі түрде жүргізді. Іс-шара барысында республикалық және облыстық маңызы бар автожолдар бойы, ішкі көшелер, қоғамдық орындар мен аулалар күл-қоқыстан тазартылып, шөптер орылды. Сонымен қатар, қураған ағаш бұтақтары кесіліп, ағаштар ретке келтірілді, әктеу-сырлау жұмыстары атқарылды.
Аудандық сенбіліктің басты мақсаты – тек тазалықты сақтау ғана емес, сонымен қатар тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, қоғам назарын қоршаған ортаны қорғауға бағыттау.
Жетісай ауданында да «Таза Қазақстан» акциясы жалғасуда. «Сенбілік – ортақ іске жауапкершілікпен қараудың жарқын үлгісі». Осылай деп ұрандатқан жетісайлық жұртшылық бүгін жаппай сенбілік жұмыстарын өткізді.
Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып келе жатқан «Таза Қазақстан» жалпыхалықтық тазалық шарасына мемлекеттік және квазимемлекеттік мекеме қызметкерлері мен ерікті азаматтардан, белсенді жастар мен экожанашырларынан 3 мыңға жуық адам, 24 техника жұмылдырылды.
«Таза Қазақстан» экошарасының басты мақсаты – қоғам мен қоршаған ортадағы тазалықты сақтаудың, оған айрықша мән берудің маңыздылығын ұғындыра отырып, әрбір тұлғаның туған жеріне деген жанашырлықтарын нығайту, экологиялық сауаттылықты арттыру мен қоршаған ортаның ластануына жол бермеу, айналаны қоқыстан тазарту, салауатты өмір салтын ұстануға дағдыландыру.
Санитарлық тазалық жұмыстарына қатысушылар негізінен аудан шекарасынан бастап қала, кент және ауылдық округтерге, елді мекендерге кіреберіс аумақтар мен көппәтерлі тұрғын үйлердің, саябақтардың, скверлер мен аллеялардың, автожолдар мен тұрғындар көп жүретін орындардың маңындағы тұрмыстық қатты қалдықтарды тазартып, шөптерін шапты. Қураған ағаштарды бұтады. 30 тоннаға жуық күл-қоқыс арнайы полигондарға шығарылды.
Мұнан өзге «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында облыс орталығы Түркістан қаласында да кезекті жалпықалалық сенбілік өтті.
Қала аумағын абаттандыру мен санитарлық тазалықты қамтамасыз ету мақсатында өткізілген тазалық шарасына Түркістан қаласы әкімдігіне қарасты дербес бөлімдер мен 6 сектордың қызметкерлері, сондай-ақ облыстық басқармалар мен департаменттердің өкілдері белсене атсалысты.
Кезекті сенбілікке 800-ге жуық тұрғын қатысып, қала тазалығына өз үлестерін қосты. Сонымен қатар тазалық жұмыстарына 4 арнайы техника жұмылдырылды.
Негізгі тазалық шарасы бұл жолы 1-2 мөлтекауданы аумағында ұйымдастырылып, шөптер шабылып, аяқ жолдар сыпырылып, тұрғындардың қатысуымен тұрғын үйлердің жертөлесі қоқыстардан тазартылды.
Нәтижесінде 5 тоннаға жуық тұрмыстық қалдықтар қоқыстары шығарылып, аумақтар толықтай тазартылды.
Түркістан қаласы әкімдігі мен тиісті мекемелер тарапынан қоршаған ортаны қорғау, өңірдің экологиялық ахуалын жақсарту және қала аумағында санитарлық талаптарды сақтау бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.