
Сайрам ауданы Қытай инвесторларымен меморандумға қол қойды
Түркістан қаласында өткен халықаралық инвестициялық форум Сайрам ауданы үшін жаңа мүмкіндіктердің есігін ашты. Форум аясында аудан мен Қытай Халық Республикасының инвесторлары стратегиялық маңызы жоғары екі меморандумға қол қойды.
Алғашқы келісім «KUZOV KARABULAK» және «DAYUN AVTO CENTRAL ASIA LIMITED» арасында жасалды.
Бұл жоба ауыр жүк көліктеріне арналған тіркемелер (прицептер) өндіретін жаңа өндіріс алаңын құруды көздейді. Өңір үшін ауқымы үлкен бұл бастама тек экономикалық инвестиция ғана емес, сонымен қатар жергілікті 500 азаматты жұмыспен қамтымақ. Жоба құны – 2,5 миллиард теңге.
Екінші меморандум «Qazaq Air Tecnology» ЖШС мен Қытайдың «Huankun Industrial Investment Limited» компаниясы арасында бекітілді.
Жоба заманауи технологиялар негізінде сапалы кірпіш өндіретін өндірісті іске қосуды қамтиды. Құны – 1 миллиард теңге. Құрал-жабдықтар орнатылғаннан кейін зауыт ай сайын 2,5 миллион дана кірпіш шығаруға мүмкіндік береді. Бұл өндірісте 30-дан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ.
Бұл екі келісім — Сайрам ауданының өндірістік әлеуетін арттырып қана қоймай, өңірдің экономикалық дамуына тың серпін беретін маңызды қадам. Инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу және заманауи өндірістерді енгізу – ауданның болашақ дамуының берік тірегі болмақ.
Төлеби ауданындағы туристік жобаларға шетелдік инвесторлар қызығушылық танытты
Халықаралық инвестициялық форум аясында Төлеби ауданының әкімі Еркеғали Әлімқұлов бірқатар инвесторлармен жеке кездесулер өткізіп, өңірдің туристік әлеуетін арттыруға бағытталған арнайы жобаларды таныстырды. Кездесулер барысында туризм инфрақұрылымын дамыту, жаңа туристік нысандар ашу, сервис сапасын жақсарту және экотуризм бағыттарын кеңейту бойынша ұсыныстар қарастырылды. Инвесторлар Төлеби өңірінің табиғи байлығы, қолайлы климаты мен географиялық артықшылықтарын атап өтіп, бірлескен жобаларға қызығушылық білдірді.
Аудан әкімі туризм саласын дамытудың аудан экономикасы үшін маңызын ерекше атап өтіп, жаңа жобалар жергілікті кәсіпкерлікті қолдауға, қосымша жұмыс орындарын ашуға және инвестициялық ахуалды нығайтуға мүмкіндік беретінін айтты. Форум аясындағы келіссөздер ауданның туристік саласын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған нақты бастамаларды іске асыруға жол ашпақ.
Сауран ауданында жалпы құны 16 миллиард теңгеге инвестициялық жоба жүзеге асады
Түркістан қаласында өткен халықаралық «TURKISTAN INVESTMENT AND TOURISM FORUM – 2025» форумында жалпы құны 432,2 миллиард теңге болатын 7 маңызды меморандум бекітілді. Оның бірі -Сауран ауданында іске асатын 16 миллиард теңгелік агроөнеркәсіптік жоба. Жоба аясында шетелдік «Xiang Hopi i Ma Aerial Machinery» компаниясымен екіжақты меморандумға қол қойылды.
Сауран ауданында жобаның жүзеге асырылуы ауыл шаруашылығы саласын технологиялық жаңғыртуға, жаңа өндіріс орындарын ашуға, заманауи агротехникалық шешімдер енгізуге мүмкіндік береді. Компания топырақ өңдеу, егін жинау және агроөндірістік процестерді автоматтандыруға арналған жоғары технологиялы ауыл шаруашылығы техникасын өндіруге маманданған. Олардың өнімдері тек Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар көрші елдерге де экспортталады.
Жетісай ауданында жаңа кәсіпорындар іске қосылады
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасына сәйкес аудан, қалаларда кәсіпкерлікті дамыту арқылы жаңа жұмыс орындарын ашуға, халықтың әлеуметтік ахуалын жақсартуға және өңірдегі жұмыссыздық деңгейін төмендетуге бағытталған нақты істер жүзеге асырылуда.
Сондай жобалардың бірі Жетісай ауданына қарасты Асықата кентінің аумағында жүзеге асырылуда. Жалпы ауданы 1 гектарды құрайтын шағын өндірістік паркінде құны 210 миллион теңгені құрайтын түйіршіктелген құрама жем өндіру, темір бұйымдарын дәнекерлеу, құрғақ құрылыс қоспаларын өндіру, құрғақ, сұйық ұнтақ, кір сабын мен сусабын өндіру, әжетхана қағазы мен майлықтар өндіру сынды 5 өндіріс орны іске қосылып, 100-ге тарта жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылатын болады.
«Белгіленген жоспарға сай өндірістік паркте 5 инвестициялық жоба жүзеге асырылады. Ауданда жаңадан салынып жатқан индустриялды аймақ пен шағын өндірістік паркті тиімді пайдалану, жаңа өндірістік орындарды ашу экономикалық дамуымызды еселеуде өте маңызды. Ауданда жаңа өндіріс орындары мен кәсіпорындарын ашуға ниет білдірген инвесторларға өз тарапымыздан инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға заң аясында барлық қолдауларды көрсетеміз. Бұл ретте аудан орталығына жақын орналасқан Асықата кенті мен Ынтымақ, Жаңа ауыл, Қазыбек би ауылдық округтерінің әлеуеті өте жоғары», — дейді аудан әкімі Серік Мамытов.
Соңғы 5 жылда 90,2 миллиард теңгенің инвестициясы тартылған ауданда іске қосылатын индустриялды аймақ пен шағын өндірістік парк мақталы өлкенің индустриялық әлеуетін арттырып, жаңа кәсіпкерлердің пайда болуына мүмкіндік жасайды. Осылайша ауданға тартылатын инвестиция көлемін 2030 жылы 419,6 миллиард теңгеге жеткізу жоспарланып отыр.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
