Түркістан облысының орман алқаптарындағы қауіпсіздік – жергілікті биліктің қырағы назарында

Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков Ордабасы, Отырар және Созақ аудандарындағы орман және жануарлар әлемін қорғау мекемелерінің басшыларымен мәжіліс өткізіп, жұмысын саралады.

Айталық, Отырар ауданындағы мекеменің құрамында 4 орманшылық бар. Балтакөл, Байырқұм, Қаратау және Шәуілдір орманшылықтарының жер қоры 1 миллион 055 мың гектарды құрайды. Орманды алқап — 686 мың гектар. Уақытша 30 гектарда жасақталған тұқымбақта 6 миллион түп сексеуіл көшеті өсірілуде. 15 гектарға орналасқан негізгі тұқымбақта түрлі ағаш-бұталардың 844 мың түп көшеті бапталу үстінде.

Жыл басынан бері мекеме 94 рейд өткізіп, 41 заңбұзушылықты анықтаған. Нәтижесінде, құқық бұзушыларға 2 миллион 860 мың теңге айыппұл салынып, бүгінгі таңда 1 миллион 287 мың теңге айыппұл өндірілген.

Бадам орман шаруашылығы 3 аймақта жалпы 12 гектарға тұқымбақ орналастырып, көшет өсіруді қолға алған. Мекеме басшысы атқарылған жұмыстармен қатар, шешімін күткен мәселелерге де тоқталды. Боралдай орманшылығына өрт сөндіру станциясы және өрт сөндіретін көлік қажет, техникалар мен құрал жабдықтар үшін бастырма салу мәселесі де өзекті.

Теріскейде де орман қорын ұлғайту, толықтыру жұмыстары жоспарлы жүзеге асып келеді. Созақ, Мойынқұм, Шолаққорған орманшылықтары 1 миллион 34 мың гектар жерге орналасқан. Орманшылық өткен жылы 2 мың гектарға түрлі ағаш көшеттерін отырғызса, 20 гектарда сексеуіл көшетін баптауда. Сонымен қатар, 2 гектарға қарағаш тұқымбағы орналасқаны айтылды. Мекеме өкілі облыс әкімінің орынбасарынан орман қоры жеріне арнайы су жинайтын орындар жасақтауға ықпал етуді сұранды.

Нұрбол Тұрашбеков өртену қаупі басым алқаптарға бақылауды күшейту, орманды алқаптарда қауіпсіздік шараларының сақталуын қатаң қадағалау қажеттігін ескертті. Сонымен қатар, орман қорын толықтыру жұмыстарын жандандыруды тапсырды.

Мәжіліс қорытындысына сәйкес тапсырма-жоспар түзіліп, орындалу мерзімі мен жауаптылар бекітілді.

Орман демекші, кеше облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбековтің бүгінгі жұмыс күні жасыл аймақты аралаудан басталды. Жаңа әуежай бағытындағы жол бойына орналасқан алқап көктемде 8 мыңға жуық көшетпен толықтырылған.

Учаскеде тамшылатып суару жүйесіне түгендеу жүргізіліп, істен шыққандарын ауыстыру қолға алынған. Құбырларды реттеу, арықтарды тазалау бойынша берілген тапсырмалардың орындалуы тексеріліп, жауаптылардың жұмысы сараланды.

Мұндағы 11 шақырымға созылған жасыл белдеу 7 сусорғы (насос) арқылы суғарылады. Жас көшеттердің топырағын тыңайтып, қосымша суғаруға 5 трактор бекітілген.

Өндірістік парк төңірегіндегі жасыл желектердің жағдайы да мамандардың бақылауында. Бұл аймақ су таситын кезекші көлікпен қамтылған.

Жаңа әуежай тас жолының бойындағы екпелерге су жеткізу мәселесін шешу үшін учаскенің шығыс-солтүстік жақ бетінен жасанды тоған салынып, келетін суды жинайтын арнайы бассейін орнатылған. Су 3 орталық сорап арқылы тамшылатып суару жүйесіне жеткізіледі.

Нұрбол Тұрашбеков жасыл желектерді баптауға жаз мезгіліне арнайы кесте бекітіп, кезекшілік түзуді тапсырды. Сондай-ақ ағаштарды суғару уақытына өзгеріс енгізу қажеттігін де ескертті.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You