
Нидерланд елінің Эйндховен қаласында өткен «Eindhoven Box Сup» халықаралық турнирі мәресіне жетті. Байрақты бәсекеде Қазақстан Ұлттық құрамасының сапында ел намысын қорғаған түркістандық Нұрлан Сапарбай аса ауыр салмақта бақ сынап, алтын медаль иегері атанды.
Ол ақтық сында германиялық Деннис Охиодан айласын асырып, үздік атанды.
Ал 90 келіде қолғап түйістірген Сағындық Тоғамбай қола медальді қанағат етті. Ол жартылай финалда өзбекстандық боксшы Турабек Хабибуллаевқа есе жіберіп алды.
Айта кетейік, Eindhoven Box Cup – Еуропадағы ең беделді әуесқой бокс турнирлерінің бірі. Қазақстан Ұлттық құрамасының былғары қолғап шеберлері аталған жарыстан 5 алтын, 3 қола медальді қоржынға салды.
Түркістан облысының спортшылары – спартакиада жеңімпаздары
Сонымен қатар Көкшетау қаласында көру қабілеті бұзылған спортшылар арасында шахматтан VII республикалық спартакиада өтті. Ауқымды додаға Астана, Алматы, Шымкент қалаларымен қатар еліміздің 16 облысынан 100-ге жуық спортшы қатысты. Бұл сайыс ерекше жандардың спорттағы ерік-жігері мен қайсар рухын танытатын маңызды алаңға айналды.
Жарыс жекелей және командалық форматта ұйымдастырылды. Түркістан облысының намысын Арыс қаласының танымал шахмат шебері, білікті жаттықтырушы Асатулла Супбаев, Түркістан қаласынан Қуанышбек Жұмаділдаев және Кентау қаласынан Әсел Амангелді қорғады.
Жерлестеріміз жоғары деңгейде өнер көрсетіп, командалық есепте І орынды иеленіп, тарихи жеңіске қол жеткізді. Бұл табыс спортшылардың табанды еңбегі мен жүйелі дайындығының жемісі екендігі сөзсіз.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.