
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Түркістан облысына жұмыс сапарымен барып, жергілікті диқандарды суармалы сумен қамтамасыз ету жұмыстарының барысымен танысты.
Су ведомствосының басшысы Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы трансшекаралық суды бөлетін «Достық» мемлекетаралық каналына барды. Қазіргі уақытта су біздің елге бұрын қол жеткізілген халықаралық келісімдерге сәйкес жеткізіліп, Жетісай және Мақтаарал аудандарындағы егіс алаңдарын суаруға пайдаланылады.
Бүгінгі таңда «Қазсушардың» Түркістандағы филиалы Мақтаарал ауданының шаруаларымен суармалы су беруге 3 223 келісімшарт жасасты, Жетісай ауданы бойынша 1 492 келісімшарт жасалды. Қазіргі уақытта Жетісай ауданында суармалы жер көлемі — 47 332 гектар, Мақтаарал ауданында — 27 255 гектар.
Одан кейін министр «Машиналық әдіспен су көтеру каналының» жұмысымен танысты. «Қазсушардың» Түркістандағы филиалы нысанды механикалық жолмен тазалауды аяқтап қалды.
«Келісімшарт жасаған су пайдаланушылармен міндеттемелерді орындау үшін каналдар бойынша кезекпен су беру жүргізіледі, ал министрліктің жұмыс тобы мен Арал-Сырдария бассейндік инспекциясы су пайдаланудың заңдылығын қатаң бақылауда ұстайды. Сондай-ақ суды келісімшартсыз тұтынғандарға және су жеткізушінің келісімінсіз өсірілетін дақылдардың түрін өзгерткендерге айыппұл қарастырылған. Бірақ диқандар да су үнемдеу технологияларына көшіп, ылғалды көп қажет ететін дақылдарды егуді азайту арқылы су ресурстарын үнемдеуге өз үлестерін қосуы керек. Мемлекет бұл үшін субсидиялар түрінде барлық қажетті жағдайды жасады», — деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Биыл Түркістан облысында күріш егу жоспары 3,3 еседен асып кеткенін еске сала кетейік. Суармалы су тапшылығы қаупіне және 4000 гектар шекті көлемге қарамастан, «Қазсушардың» жергілікті филиалы диқандармен 13 258 гектар күріш алқаптарын суаруға 1 047 келісімшарт жасасқан. Осыған байланысты филиалдың бірқатар басшысына қатаң сөгіс берілді.
Бұған дейін Су ресурстары және ирригация министрлігі Қазақстанның оңтүстігінде суару кезеңінің тұрақты өтуін қамтамасыз ету үшін арнайы жұмыс топтарын құрған болатын. Бұл топтар жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп тәулік бойы кезекшілік жүргізеді. Түркістан облысындағы вегетациялық кезең министрліктің бақылауында тұр.
Иә, Түркістан облысында «Қазсушардың» жергілікті филиалының Шардара және Мақтаарал өндірістік учаскелерінің басшылары жұмыстан уақытша шеттетілді. Бұған дейін олар қатаң сөгіс алған болатын.
Оған аудандарда анықталған бұзушылықтар себеп болды. Атап айтқанда, Түркістан облысында күріш егу жоспары 3,3 еседен асып кеткен. Суармалы су тапшылығы қаупіне және 4000 гектар шегіне қарамастан, «Қазсушардың» жергілікті филиалы диқандармен 13 258 гектар күріш алқаптарын суаруға 1 047 келісімшарт жасасқан.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің өңірге жұмыс сапары жалғасып жатыр. Су ведомствосының басшысы Шардара ауданындағы су шаруашылығы жағдайымен танысты.
Бүгінгі таңда Қызылқұм каналы күріш, жүгері, мақта, көкөністер, жоңышқа, жүзім, бау-бақша дақылдары өсірілетін 28 366,1 гектар жерге су жеткізді. Вегетация кезеңі басталғалы бері канал арқылы су беруге 2 978 келісімшартқа қол қойылды.
«Министрліктің жұмыс топтары тәулік бойы кезекшілік жүргізіп, өңір каналдарындағы су деңгейін бақылауда ұстап отыр. Су беру кезекпен жүргізіліп, шаруалармен түнгі суаруға көшу және егіс айналымы бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Десе де судың «көлеңкелі нарығын» жою мәселесі өзекті болып қала береді. Шардара су қоймасының маңында 24 заңсыз сорғы қондырғысы анықталды. Бұған дейін біз заңсыз су алумен тиімді күресу үшін облыстың құқық қорғау органдарымен күш біріктірдік», — деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Сондай-ақ министр Шардара топтық су құбыры құрылысының барысымен танысты. Жобаны 2026 жылы аяқтау жоспарланып отыр. Нысанның ұзындығы — 39,28 шақырым. Жоба аясында I және II көтергіш сорғы станцияларын салу, сондай-ақ сегіз ұңғыманы бұрғылау жоспарда бар. Қуаттылығы тәулігіне 12 мың текше метр су құбыры Шардара қаласының және жақын маңдағы 22 елді мекеннің тұрғындарын «Шардара-Байырқұм» жерасты көзінен сумен қамтамасыз етеді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.