![]()
Түркістан қаласында облыстық мәслихат депутаты Бекарыс Шойбеков қала тұрғындарымен кездесті. Жиынға Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Айдос Тоғызбаев қатысып, халықпен ашық пікір алмасуға мүмкіндік жасалды.
Кездесу барысында депутат атқарылған жұмыстар туралы есеп беріп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған бастамалар мен алдағы жоспарларға тоқталды. Әсіресе, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған жобаларды іске асыру, оларды қажетті қаржымен қамтамасыз ету және бюджет қаражатының тиімді жұмсалуы мәселелеріне назар аударылды.
Жиынның негізгі бөлігі тұрғындардың ұсыныс-пікірлері мен сауалдарына арналды. Қала тұрғындары өздерін толғандырған мәселелерді көтеріп, әлеуметтік және инфрақұрылымдық бағыттағы ұсыныстарын ортаға салды.
Тұрғындардың сауалдарына қала әкімінің орынбасары Айдос Тоғызбаев пен депутат Бекарыс Шойбеков жауап берді. Көтерілген мәселелердің әрқайсысы қолданыстағы заңнама аясында қаралатыны және тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп, шешу жолдары пысықталатыны айтылды.
Кездесу барысында депутаттық корпустың өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған жобаларды қолдауға және бюджет қаражатының тиімді әрі мақсатты жұмсалуына бақылау жүргізуге басымдық беретіні атап өтілді.
Жиын соңында тұрғындардың ұсыныстары назарға алынып, халықпен кері байланысты нығайту мақсатындағы мұндай кездесулердің маңыздылығы айтылды. Тұрғындардың мәселелерін тыңдау, көтерілген ұсыныстарды зерделеу және олардың шешілу барысын бақылау бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таппақ.
“ANYQ.KZ”-ақпарат.
