Түркістан шаһарында Құрылтай сайлауына дайындық пысықталды

Loading

Түркістан қаласында 23 тамызда өтетін Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауына дайындық жұмыстары пысықталды. Осыған байланысты қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен штаб отырысы өтіп, саяси науқанды заң талаптарына сай ұйымдастырудың негізгі бағыттары қаралды.

Жиында сайлау учаскелерінің әзірлігі, тұрғындарға қажетті ақпаратты уақытылы жеткізу, учаскелердің үздіксіз жұмыс істеуіне қажетті жағдай қалыптастыру мәселелері талқыланды. Қала аумағында барлығы 68 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Оның алтауында тұрғындарға мемлекеттік қызметтерді алуға мүмкіндік беретін шағын Халыққа қызмет көрсету орталығы ұйымдастырылған.

Сайлау учаскелері орналасқан ғимараттарды 20 тамызға дейін толық дайындау, нысандарды электр энергиясымен үздіксіз қамтамасыз ету және тиісті инфрақұрылымның әзірлігін бақылау жөнінде жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар берілді. Қала әкімі дайындық жұмыстарын күшейтіп, белгіленген міндеттердің сапалы әрі уақытылы орындалуын жеке бақылауға алуды тапсырды.

Сайлау күні тұрғындардың дауыс беру учаскелеріне еркін әрі кедергісіз жетуіне де жағдай жасалады. Осы мақсатта 23 тамызда Түркістан қаласында қоғамдық көлік жолаушылар үшін тегін қатынайды. Бұл шешім азаматтардың сайлау учаскелеріне баруын жеңілдетіп, қоғамдық көлікке тәуелді тұрғындардың дауыс беруге қатысуына қолайлы мүмкіндік береді.

Айта кетейік, Түркістан облысында сайлауға 1 204 659 дауыс беруші тіркелген. Өңір бойынша 952 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Сайлау күні Түркістанмен қатар Арыс қаласы мен Қазығұрт ауданында да қоғамдық көлік қызметін тегін ұйымдастыру көзделген.

Штаб отырысында сайлауға санаулы күн қалғанын ескерген қала басшысы жауапты қызметтердің үйлесімді жұмысының маңызын атап өтті.

«Уақыт аз. Сайлауға 5 күн қалды. Баршаңызды жауапкершілікпен, ұйымшылдықпен жұмыс істеуге шақырамын. Бірлесе отырып саяси науқанды жоғары деңгейде өткіземіз деп сенемін», – деді Әзімбек Пазылбекұлы.

Осылайша, қалада сайлау учаскелерінің материалдық-техникалық дайындығын қамтамасыз ету, электрмен жабдықтау, ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізу және тұрғындардың дауыс беру орындарына қолжетімділігін арттыру бағытындағы жұмыстар кешенді түрде жүргізілуде.

“ANYQ.KZ”-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You