Түркістан шаһарында өткен жалпықалалық сенбілікке 2 мыңға жуық адам жұмылдырылды

Loading

Бүгін «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасы аясында «Жасыл болашақ» іс-шаралар жоспарына сәйкес Түркістан қаласында жалпықалалық сенбілік өтті.

Тазалық шарасына қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы қатысып, қала аумағын көркейту жұмыстарына белсене атсалысты. Сонымен қатар сенбілікке қала тұрғындары мен қоғамдық ұйым өкілдері, ақсақалдар мен мемлекеттік мекеме қызметкерлері, жастар ұйымдары, мәслихат депутаттары және түрлі сала мамандары қатысты. Тазалық шарасына 2 мыңға жуық адам жұмылдырылды.

Сенбілік жұмыстары қала кіреберісі аумағынан басталып, шаһардың барлық бөлігін қамтыды. Кәсіпкерлік нысан иелері де өздеріне тиесілі аумақтарды тазалап, қоқыстарды шығарып, ортақ іске үлес қосты. Іс-шараның тиімділігін арттыру мақсатында қала аумағы 6 секторға бөлініп, әр сектор бойынша жүйелі тазалық жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде көшелер, саябақтар мен қоғамдық орындар тазартылып, тұрмыстық қалдықтар шығарылды. Сонымен қатар, абаттандыру және көгалдандыру бағытында бірқатар жұмыстар атқарылды.

Бұдан бөлек облыс орталығына іргелес Кентау қаласына қарасты Қарнақ ауылындада “Таза Қазақстан” эко бағдарламасы аясында қоршаған ортаны қорғау, санитарлық тазалықты сақтау және ауылдың көркін арттыру мақсатында су жағалаулары бойында ауқымды сенбілік жұмыстары ұйымдастырылды.

Шараға қала әкімі Жандос Тасов қатысып, ауыл тұрғындарымен бірге тазалық жұмыстарына белсене араласты. Сонымен қатар қала басшысы тұрғындарды туған жердің тазалығына бейжай қарамай, сенбілік жұмыстарын тұрақты түрде өткізіп, қоршаған ортаны қорғауға үлес қосуға шақырды.

Сенбілікке жергілікті тұрғындар, қалалық маслихат депутаттары, еріктілер, жастар және мекеме қызметкерлері белсенді түрде қатысып, аумақты күл-қоқыстан тазарту, қураған талдарды қырқу, су жағалауларын ретке келтіру жұмыстарын жүргізді. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 20 тоннаға жуық қоқыс шығарылып, 15-тен астам арнайы техника жұмылдырылды. Сонымен қатар ауылдың экологиялық жағдайын жақсарту және жасыл желекті көбейту мақсатында су жағалаулары бойына ауыл мен қалада 1000-нан астам ағаш егілді.

Естеріңізде болса, бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев экологиялық мәдениетті қалыптастыру ісінде білім жүйесіне баса мән беруді маңызды мәселе ретінде атады.

– Тазалықтың тірегі – тәрбие. Балаларды экологиялық мәдениет пен еңбекке мектеп жасынан баулу қажет. Сондықтан экологиялық акцияларға оқушылар мен студенттердің белсене қатысқаны жөн. Осыған орай, Оқу-ағарту министрлігіне «Жасыл сабақтар» жобасын қабылдауды тапсырамын. Білім ордаларында суды және қуат көзін үнемдеу, қоршаған ортаны қорғау ісін дәріптейтін бастамаларды қолға алу қажет. Сондай-ақ оқушылар мен студенттердің экология мәселесіне арналған ғылыми ізденістеріне жан-жақты қолдау көрсету керек. «Таза Қазақстан» халқымызды жаңа сапалық деңгейге көтеретін ұлттық идея болуға тиіс. Оны қоғамда терең орнықтыру үшін мәдениет саласының, әсіресе, креативті индустрияның әлеуетін барынша пайдаланған жөн. Еңбекқорлық, ұқыптылық, адалдық, жасампаздық құндылықтары фильмдер, сериалдар арқылы да насихатталуға тиіс. Бұл жұмыста бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желінің де мүмкіндігін дұрыс қолдану керек, – деді Мемлекет басшысы.

Президент қазір елімізде түбегейлі өзгерістерді қолға алынып, ауқымды реформалар жүзеге асырылып жатқанын мәлімдеді.

– Наурыз айында өткен республикалық референдумда жаңа Конституциямызды қабылдадық. Осылайша, ел тарихының жаңа парағын аштық. Біздің түпкі мақсатымыз – «Заң мен тәртіп» қағидаты берік орныққан қауіпсіз және әділетті қоғам құру. Жас ұрпаққа, яғни сіздерге өркениетті, беделді, дамыған мемлекетті аманат етіп қалдыру. Осы жолда бәріміз табанды еңбек етуіміз керек. Ал Отанға қызмет қарапайым дүниелерден басталады. Тал егу, айналаңды таза ұстау арқылы елге пайдалы болуға, яғни ұлтқа қызмет етуге болады. Мен жастардың, еріктілердің елімізді көркейтуге қосқан орасан зор үлесін жоғары бағалаймын. Адал еңбектеріңізді ерекше құрметке лайық деп санаймын. Тазалық – ең алдымен, ішкі мәдениеттің өлшемі. Ой-ниеті және ары таза адам ешкімге ешқашан қиянат жасамайды, ондай адам елін де сатпайды. Тәртіпке бағынып, түзу жолдан да адаспайды. Айналасына қамқор, жақындарына жанашыр болады. Елдің көшін алға бастап, ұлт сапасын жақсартуға атсалысады. Мен бәріңізді дәл осындай азамат деп есептеймін. Баршаңызға тағы да сәттілік тілеймін! – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясына қатысып, экобелсенділермен бірге елорданың «Самал» саябағында ағаш отырғызды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You