
2025 жылғы 27–31 мамыр аралығында Түркістан қаласында өткен 2015–2017 жылы туған ұлдар мен қыздар арасындағы асық ату бойынша Қазақстан Республикасының чемпионаты өз мәресіне жетті.
Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешенінде өткен ел біріншілігіне республиканың 16 өңірінен 100-ге жуық жас спортшы қатысып, өз шеберліктерін ортаға салды.
Жарыстың салтанатты ашылу рәсімінде Түркістан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияров пен асық ату спортынан Қазақстан Республикасының мемлекеттік жаттықтырушысы Жомарт Оразов құттықтау сөз сөйлеп, жас спортшыларға сәттілік тіледі.
Чемпионаттың негізгі мақсаты – ұлттық спортты насихаттап, жасөспірімдер арасында асық ату өнерін дамыту. Бұл – аталған жас санатындағы спортшылардың шеберлігін бағалайтын ең ірі бәсеке. Сонымен қатар әр аймақтағы асық ату спортының даму деңгейін анықтауға мүмкіндік береді.
Айтулы жарыста Түркістан облысының командасы жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, басты жүлдеден үмітті екендерін дәлелдеді.
Айта кетейік, қазіргі таңда асық ату спортын Азия балалары ойындарының бағдарламасына енгізу бағытында нақты жұмыстар қолға алынған. Игі бастама – ұлттық спортты халықаралық деңгейге көтерудің маңызды қадамы болмақ.
Сонымен, жарыс қорытындысы туралы айтсақ.
Ұлдар арасындағы асық ату (командалық есеп):
1-орын — Алматы облысы;
2-орын — Түркістан облысы;
3-орын — Жамбыл облысы;
Қыздар арасындағы бес асық (командалық есеп):
1-орын — Алматы қаласы;
2-орын — Түркістан облысы;
3-орын — Ақтөбе облысы.
Барлық қатысушылар мен жүлдегерлерді шын жүректен құттықтаймыз!
Ұлттық спорт – ұлт рухының айнасы!
Асық ату — қазақ халқының дәстүрлі ойыны. Асық ойыны күндіз де, түнде де ойналады. Күндізгісі – мергендікке, түнгісі – ептілікке баулиды. Иіргенде түскен қалпына қарай асық – алшы, тәйке, бүк, шік деп, ал атуға арнап арнайы қорғасын құйылып жасалғаны – сақа, жақсылары – оңқы аталады. Асық ойынының мынадай түрлері бар: құмар, тәйке, омпы, алшы, хан (хан ату), қақпақыл, т.б. Мысалы, құмар ойынға 2 – 4 адам қатысады. Олардың жақсы жонылып, табаны қайралған төрт асығы болуы керек. Ойыншылар өзара келісіп жеңімпазға жүлде тағайындап алады да кезек-кезек төрт асықты иіреді. Егер иіруші: төрт бүк, не төрт шік, не төрт алшы, не төрт тәйке түсірсе, жүлденің жартысын алады, төрт асық төрт түрлі түссе, онда тігілген жүлдені түгелдей алады. Осылайша ойын жалғаса береді. Асықты мұртынан не жамбасынан тұрғызуды омпы дейді. Омпы ойыны тегіс алаңда, жазық жерде, тіпті үлкен бөлме ішінде де ойнала береді. Ойыншы саны неғұрлым көп болса, ойын соғұрлым қызықты өтеді. Мақсат – көп асық ұтып алу. Ойнаушылар арасы 20 қадам екі көмбе сызады да көмбенің тең ортасына сызық бойына әрқайсысы екі асықтан тігеді. Тігілген асықтардың тап ортасына бір асықты омпысынан тұрғызады. Балалар кезек-кезек сақаларымен он қадам жердегі омпыны атып түсіріп, асық ұтып алуға кіріседі. Егер атушы омпыға бірден тигізсе, онда тігілген бар асықты сол алады, ал омпыға тигізе алмай, тұрған асықтардың біреуіне тигізсе, сол асықты ғана алады. Асық жаңартыла тігіліп, ойын жалғаса береді. Асық ойынының халық арасына кең тараған, басқа да түрлері бар.
Асық ату — қазақ халқының дәстүрлі ұлттық ойыны. Ұсақ малдың (қой, ешкі) асықты жілігінен алынған жұмыр сүйек — асықтай ойналады. Иіргенде түскен алпына қарай асық — алшы, тәйке, бүк, шік деп, ал атуға арналған арнайы қорғасын құйылып жасалғаны — сақа, оң қолмен атуға ыңғайлысы — оңқы асық аталады. Асық ату ойынының мынадай түрлері бар: құмар, тәйке, омпы, алшы, хан (хан ату), қақпақыл, т.б.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.