
Түркістан қаласында жаңа оқу жылының басталуына орай дәстүрлі «Мектепке жол» акциясы аталып өтті. Оқушылар сарайында өткен шараға қала басшысы Әзімбек Пазылбекұлы мен мәслихат төрағасы Ғаппар Амантайұлы, қала прокуроры Қаукен Бахтыбайұлы мен полиция басқармасының бастығы Жасұлан Қаржаубайұлы да арнайы қатысып, балаларды оқу жылының басталуымен құттықтады.
Шарада 500-ден астам оқушыға мектепке қажетті құрал-жабдықтары табысталды. Қыркүйек айының соңына дейін 5000-нан астам оқушыға мектепке қажетті құрал-жабдықтар мен сый-сияпаттар үлестіру жоспарланып отыр.
Оқу жылының басталуымен құттықтаған Әзімбек Пазылбекұлы барлық оқушылар мен ата-аналарына және ұстаздарға сәттілік тілеп, білім саласында атқарылған жұмыстарға тоқталып өтті.
— Бұл күн – білім мен ғылымға жасалған маңызды қадам, болашаққа бастар жолдың алғашқы белесі. Түркістан қаласында бүгінде 85 мектепте 55 мыңнан астам оқушы білім алуда. Сондай-ақ, 150 балабақшада 17 мыңнан аса бүлдіршін тәрбиеленіп жатыр. Биыл 4 мектепке күрделі жөндеу, 7 мектепке ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Сонымен қатар, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 3 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Жаңа білім ордаларында балалардың сапалы білім алуымен қатар, спортпен, өнермен және ғылыммен айналысуына толық мүмкіндік жасалған, – деді қала әкімі.
Айта кетейік, түркістандық оқушылардың жетістіктері де орасан. Өткен оқу жылында 178 түлек «Алтын белгі» иегері атанса, 250 түлек «Үздік аттестатқа» ие болды. Сондай-ақ, мектеп бітірушілердің 80 пайыздан астамы мемлекеттік грант негізінде жоғары оқу орындарына түсті.
Шаһар басшысы дәстүрлі Тамыз конференциясында білім саласының дамуына үлес қосқан ұстаздар қауымына арнайы марапаттарын табыстады
Бұдан бөлек бүгін жаңа оқу жылы қарсаңында қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы ұстаздармен кездесіп, дәстүрлі Тамыз конференциясына қатысты.
Осы ретте Әзімбек Пазылбекұлы ұстаздар қауымын жаңа оқу жылымен құттықтап, білім саласындағы жетістіктер мен алдағы міндеттерге тоқталды.
— Өткен оқу жылында қаламызда төрт жаңа мектеп пайдалануға беріліп, үш «Жайлы мектеп» және №35 мектеп іске қосылды. Сонымен қатар, білім сапасы бойынша жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді. Оқушыларымыз республикалық, халықаралық олимпиада мен байқаулардан жүлделі орындармен оралды. Тағы бір жақсы жаңалығымыз, биыл екі бірдей мекеме – Өнер мектебі мен Балалар-жасөспірімдер орталығы жаңа ғимаратқа көшірілетін болады, — деп атап өтті қала басшысы.
Сондай-ақ, Әзімбек Пазылбекұлы өз сөзінде білім саласын дамыту мақсатында үш жылдық стратегиялық жоспар әзірлеп, ұлттық құндылықтарды дәріптеудің маңыздылығын атап, мектептерде «Ясауитану» пәнін енгізуді ұсынды.
Жиын соңында қала әкімі білім саласының дамуына үлес қосқан ұстаздар қауымына алғысын білдіріп, арнайы марапаттарын табыстады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
