
Бүгін Түркістанда «Түркі өркениетінің ескерткіштері: зерттеу, сақтау және реставрациялау әдістері» атты ІІ Халықаралық симпозиум өтіп жатыр. Жиын аясында Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде қос бірдей тағылымды іс-шара өтті. Соның бірі – «Тіл – ізгіліктің бастауы» көрмесінің ашылуы.
Түркі әлемінің ортақ мұрасы – Махмұд Қашқаридің «Диуани лұғат ат-түрк» еңбегінің 950 жылдығына арналған көрменің ашылу салтанатына Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов, облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, Түркі мәдениеті мен мұрасы қорының президенті Ақтоты Райымқұлова, еліміздің және шетелдің ғалымдары, зиялы қауым өкілдері қатысты.
Түркі тілінің байлығын, тарихи сабақтастығын және мәдени мұрасын тереңінен сипаттаған көрмеде аталған оқу ордасының ректор Жанар Темірбекова бұл шараның рухани-тарихи маңызға ие ие екенін жеткізді. Сондай-ақ бауырлас елдің өкілдеріне алғысын жеткізді. Түркия Республикасының Түркістандағы Бас консулы Илкер Пак, Түрік мәдениеті мен мұрасы қорының басшысы Ақтоты Райымқұлова да пікір білдірді. Қатысушылар бұл жиынның жастарымыз бен болашақ ұрпаққа тәлім-тәрбие беруге, оларды тарихпен таныстыруға, түркі тілдес мемлекеттердің мәдениеті қаншалықты бай болғанын көрсететін қазына екендігін айтты.
Көрермен назарына көрмеден соң «Мың заман – бір Түркістан» спектаклі ұсынылды. «Өнер, медиа және дизайн» факультеті мен «OzgeEpic» креатив хабының бірлескен музыкалық драма қойылымының қоюшы режиссері – Шырын Мұстафина. Көрермен қойылымнан қазақ халқының тау тұлғасына айналған, ұлт жанашырлары мен білім адамдарының жарқын бейнесін тамашалады. Сонымен қатар Қорқыт ата, Томирис патшайым, Әл-Фараби, Қожа Ахмет Ясауи, Абайдан бастап, Алаш зиялыларының қазақ халқы үшін жүріп өткен тарихи жолы көрсетілді. Қиын күндерге қарамастан, татулығын сақтаған түркі халықтарының мызғымас бірлігі, қайсар мінезі сомдалды.
Жиын соңында спектакль жоғары бағаланып, қонақтар алған әсерлерімен бөлісті. Түркі халықтарының даналары, ойшылдары мен қоғам қайраткерлері арқылы рухани және тарихи мұраны арқау еткен музыкалық қойылым соңында көрермен тік тұрып, қошемет көрсетті.
Еске салайық, «Диуани лұғат-ат-түрк» — Махмұд Қашқари 1072-1074 жылдары Бағдат қаласында жазған түркіше-арабша сөздік. Ол түркі тілдері бойынша ең ауқымды және ең маңызды ежелгі тіл жәдігері. Оның қолжазба нұсқасы 638 беттен тұрады, онда 9000-нан астам түркі сөзінің араб тіліндегі егжей-тегжейлі түсіндірме-аудармалары қамтылған. Түркілердің тарихы, жағырапиялық таралуы, тайпалары, диалектілері және дәстүрлеріне бойынша қосымша мәліметтер берілген.
Классикалық араб лексикографиясының қағидалары бойынша дайындалған бұл сөздік Қашғарлы Махмұттың түркі тілі туралы білімінің ауқымдылығын ғана емес, араб филологиясы ғылымы бойынша дайындығының да көлемді екендігін айғақтайды.
Сөздіктің қазір бізге келіп жеткен жалғыз ғана жазба нұсқасы 1266 Дамаск (Шам) қаласында жаңадан көшіріліп жазылып, оны тек 1915 жылы ғана Әли Емірі ефенді Ыстамбұл қаласында кездейсоқ тауып алады. (Одан бұрынғы ғасырларда Антеплі Айни және Кәтіп Челеби сияқты ғалымдар сондай кітаптың бар екендігі туралы айтқан болатын.) Әли Емірінің көшірмесі 1917 жылы Талат пашаның (1874-1921 жылдары) қолдауымен және Кіліслі Рифат білгенің (1873-1953 жылдары) бақылауымен басылып шығып, бүкіл дүние жүзінің түркологтарының назарын өзіне аударды. 1928 жылы түрколог Карл Брокельманн сөздіктің егжей-тегжейлі түсініктемелермен жабдықталған алман тіліндегі аудармасын жариялады. Бесім Аталайдың қазіргі түрік тіліне аудармасын 1940 жылы Түрік тілі қоғамы басып шығарды. Соңғы жылдары шыққан Данковтың аудармасында соңғы ғылыми деректердің негізінде жасалған жаңа өзгерістер орын алған.
Жұмыс тек лексикографиялық тұрғыдан ғана емес, мәдени тұрғыдан да кітапқа түркі тайпаларының географиялық орны, мәдени және тілдік байланыстары көрсетілген түркі әлемінің алғашқы белгілі картасы енгізілген.
Әл-Қашқари жасаған карта түркі мемлекеттерінің қазіргі аумақтарымен сәйкес келуімен ерекше. Айта кетейік, «Диуани лұғат ат-түрк» түркі жазуының «Орхон ескерткіштерінен» кейінгі екінші маңызды ескерткіші деп аталады.
Аса құнды қолжазба мәтінінде географиялық анықтамалар (50 аймақ, 63 қала, 22 өлке және 49 елді мекен), мәдени-тұрмыстық анықтамалар (106 ыдыс-аяқ пен асхана ыдысы, 62 киім түрі, тоқымашылыққа қатысты 53 зат, 58 соғыс қаруы және 38 мал шаруашылығына сілтемелер), әдеби элементтер (758 өлең, 266 мақал-мәтелдер, олардың әрқайсысында өзіндік сөздік қоры бар).
«Диуани лұғат ат-түрк» жұмысы 1072 жылы 25 қаңтарда басталып, 1074 жылы 10 ақпанда аяқталды. Кітап орта ғасырлардағы ғылыми ортада тез танымал болды, бірақ кейіннен жоғалып кетті. ХХ ғасырдың басында қолжазбаны кітапханашы Бурхан Эфенди Стамбулдағы екінші қол кітап дүкенінде макулатуралардың арасынан кездейсоқ тауып алған еді.
Табылған олжаның тарихи құндылығын түсінген ол жергілікті шенеуніктерге жүгінеді, бірақ кітап кейінірек Ыстамбұлда Ұлттық кітапхананың негізін қалаған тағы бір ғалым Әли Эмир Эфендидің ынтасының арқасында ғана сатып алынды.
ХХ ғасыр бойы «Диуани лұғат ат-түрк» әртүрлі тілдерге аударылды. Оны 1994 жылы ақын, ғалым Асқар Егеубаев қазақ тіліне аударды. Орыс тіліне аударманы 2003 жылы шығыстанушы-арабтанушы Зифа-Алуа Әуезова араб түпнұсқасындағы қолжазбаның факсимилесынан жасап шықты.
«Диуани лұғат ат-түрк» дүниежүзілік мұра ретінде танылды: 2017 жылы ЮНЕСКО бұл кітапты «Адамзаттың жады» бағдарламасына енгізді, ал 950 жылдығын мерекелеу ұйымның 2024-2025 жылдарға арналған мерейтойлық іс-шаралар тізіміне енгізілді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.