Түркістанда қаланың әр секторындағы жұмыс нәтижесі сараланып, жаңа міндеттер айқындалды

Loading

Түркістан қаласында тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру, инфрақұрылымды жақсарту, қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру және мәдени-спорттық өмірді жандандыру бағытындағы жұмыстар қатар жүргізілуде. Қала аумағындағы әр сектордың нақты нәтижесі сараланып, өзекті мәселелерді шешуге басымдық берілуде.

Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен өткен жиында Отырар, Бекзат, Сауран, Бірлік, Шауғар және Яссы секторларының биылғы жеті айдағы жұмысы қорытындыланды. Сектор басшылары атқарылған жұмыстар мен негізгі көрсеткіштер бойынша есеп беріп, инфрақұрылымды жақсарту, абаттандыру, тұрғындардың өтініштерімен жұмыс және аумақтардағы өзекті мәселелердің шешілу барысын баяндады.

Қала әкімі секторлардағы жұмыстардың нәтижелілігін атап өтіп, әр аумақта салықтық көрсеткіштердің тұрақты өсімін қамтамасыз етуді, газбен қамту мәселесін шешуді, ойын алаңдарының жай-күйіне көңіл бөлуді және тазалық шараларын күшейтуді тапсырды. Сонымен бірге халықпен тікелей байланысты нығайтып, тұрғындардың ұсыныс-пікірлері мен мәселелерін назардан тыс қалдырмау қажеттігін атап өтті. Алдағы кезеңдегі жұмыс әр сектор бойынша нақты көрсеткіштермен бағаланатын болады.

Қаланың жайлылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуде жол инфрақұрылымының да маңызы зор. Осыған байланысты Түркістанда жол қозғалысын реттеу және қауіпсіздікті арттыру мақсатында 26 көшеде жол бөлу сызықтарын жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Жұмыс жоспарына Б.Саттарханов даңғылы, 9, 11, 32 көшелер, Шымкент тас жолы және басқа да негізгі көше учаскелері енгізілген.

Жол таңбаларын жаңарту көлік қозғалысына кедергі келтірмеу әрі тұрғындарға қолайлы жағдай жасау үшін түнгі уақытта атқарылуда. Бұл тәсіл негізгі көшелердегі қозғалыс қарқынын сақтай отырып, жол қауіпсіздігі талаптарын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Қала өмірінің тағы бір маңызды бағыты – мәдениет пен спорт. Жыл басынан бері Түркістанда 128 мәдени және 79 спорттық іс-шара ұйымдастырылып, оларға 65 982 адам қамтылды. Олардың қатарында 4 халықаралық, 9 республикалық және 14 облыстық деңгейдегі ауқымды іс-шара бар. Бұл туралы қала әкімінің төрағалығымен өткен аппараттық мәжілісте айтылды.

Жиында мәдениет саласының сегіз айдағы жұмысы қорытындыланып, сыртқы жарнама мен көрнекі ақпараттардың тіл заңнамасына сәйкестігін бақылауды күшейту тапсырылды. Анықталған кемшіліктерді 10 күн ішінде жою міндеті қойылды. Сонымен қатар тұрғындар арасында кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, бұқаралық спортқа тарту және халық үшін тұрақты мәдени-спорттық шаралар ұйымдастыру бағытындағы насихатты күшейту қажеттігі айтылды.

Қаланың келбетін жақсарту және жасыл желекті көбейту бағытында да ауқымды жұмыс жоспарланған. Биыл күзде Түркістан аумағына 200 700 дана ағаш пен бұта отырғызу көзделген. Алайда қала әкімі көгалдандырудың басты нәтижесі көшет санымен емес, оның жерсінуі және кейінгі күтімімен өлшенетінін атап өтті. Осыған байланысты ағаш отырғызылатын 30 нысанның суару жүйесін алдын ала қамтамасыз етіп, инфрақұрылым дайындығын бір апта ішінде тексеру тапсырылды.

Осылайша қаладағы жұмыстар тек жекелеген бағыттармен шектелмей, тұрғындардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін мәселелерді кешенді шешуге бағытталып отыр. Секторлардағы басқару тиімділігі, жол қауіпсіздігі, мәдени-спорттық белсенділік пен көгалдандырудың сапасы – Түркістанда жайлы әрі қауіпсіз қалалық ортаны қалыптастырудың өзара сабақтас бағыттары.

“ANYQ.KZ”-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You