Түркістанда қысқы жылу маусымына дайындықтың сапасы мен қауіпсіздігіне басымдық беріліп жатыр

Loading

Түркістанда 2026–2027 жылдардағы қысқы жылыту маусымына дайындық жұмыстары күшейтілді. Қала үшін жылыту жүйелерінің тұрақты жұмыс істеуі – тұрғындардың жайлы тұрмысын қамтамасыз ететін негізгі міндеттердің бірі. Осыған байланысты жылу қазандықтары мен желілерінің жағдайын тексеру, магистральдық желілерді жаңғырту, көпқабатты тұрғын үйлердің ішкі жүйелерін дайындау жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде.

Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы кезекті нысандарды аралау барысында №1 мөлтекауданда болып, тұрғын үйлердің жылу жүйелерінің қысқы маусымға әзірлігін тексерді. Мұнда магистральдық жылу желілерін қайта жаңғырту жұмыстары атқарылуда. Қала басшысы жауапты сала басшыларымен көшпелі жиын өткізіп, құрылыс пен дайындық жұмыстарының барысын талқылады.

Жылу маусымы басталғанға дейін атқарылатын әр жұмыстың сапалы әрі уақытылы орындалуы маңызды. Осыны назарға алған қала әкімі бірқатар жауапты мамандарға ескерту жасап, дайындықтың әр кезеңін жіті бақылауда ұстауды тапсырды. Мердігерлерге жоспарланған жұмыстарды белгіленген мерзімде аяқтап қана қоймай, құрылыс сапасына қойылатын талаптарды қатаң сақтау міндеттелді.

«Талап – қыс келгенде тұрғындар жылуға қатысты мәселе көрмеуі керек. Сондықтан жұмыстарды белгіленген мерзімде ғана емес, сапалы аяқтау, ықтимал ақауларды алдын ала анықтап, жою маңызды. Жылу жүйелерінің тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз етіп, тұрғындарға жылуды үздіксіз жеткізу мәселесін ерекше бақылауда ұстау қажет», – деді Әзімбек Пазылбекұлы.

Қазіргі таңда қалада 18 жылу қазандығы және 56,3 шақырым жылу желісі жұмыс істейді. Орталықтандырылған жылумен барлығы 367 нысан қамтылған. Оның ішінде 204 көпқабатты тұрғын үй, 53 жеке тұрғын үй және 134 бюджеттік әрі кәсіпкерлік нысан бар.

Көпқабатты тұрғын үйлерді жылыту маусымына дайындау аясында жылу жүйелерін қысымдау жұмыстары да бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде. Бұл жұмыстар желілердің беріктігін тексеріп, жылыту маусымы кезінде туындауы ықтимал ақаулардың алдын алуға мүмкіндік береді.

Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, жауапты мамандар дайындық барысын тұрақты бақылауда ұстап, анықталған кемшіліктерді жедел жоюы тиіс. Жалпы, жылыту жүйелерінің толық дайындығын қыркүйек айында аяқтау жоспарланып отыр.

Қала басшысының нысандарды аралауы жылу инфрақұрылымымен ғана шектелген жоқ. №1 мөлтек аудандағы жұмыс барысында «Ататүрік» мектебінің жанындағы балалар ойын алаңшасының жағдайы да назарға алынды.

Балалардың қауіпсіздігі мен тұрғындардың қолайлы ортасын қалыптастыру да қаланың абаттандыру саясатындағы маңызды бағыттардың бірі. Бүгінде Түркістанда 250-ге жуық ойын және спорт алаңы бар. Биыл олардың қатарына тағы 8 жаңа балалар ойын алаңшасы қосылады.

Жаңа нысандарды салу барысында балалардың қауіпсіздігіне ерекше мән берілмек. Алаңдар заманауи талаптарға сай жабдықталып, олардың айналасын абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары да қатар жүргізіледі. Осылайша, балалардың бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасау мен тұрғындарға қолайлы қоғамдық орта қалыптастыру міндеттері қатар жүзеге асырылуда.

«Тұрғындар үшін жайлы қала – үлкен жобалар ғана емес, қыста үйде жылудың болуы, ал балалардың аулада қауіпсіз ойнайтын алаңы болуы. Бұл – күнделікті өмірдің маңызды бөлігі», – деді қала әкімі.

Түркістанда қысқы кезеңге дайындықтың негізгі мақсаты – жылыту маусымын тұрақты, қауіпсіз және іркіліссіз өткізу. Ал бұл міндет жылу қазандықтары мен магистральдық желілердің дайындығын қамтамасыз етумен қатар, тұрғын үйлердің ішкі жүйелерін тексеру, ақаулардың алдын алу және жауапты қызметтердің үйлесімді жұмысын талап етеді.

“Қаладағы жылу жүйелерінің техникалық дайындығын күшейту мен қоғамдық кеңістіктерді жақсарту бағытындағы жұмыстардың қатар жүруі бір мақсатқа – тұрғындарға жайлы, қауіпсіз әрі қолайлы қала ортасын қалыптастыруға бағытталған. Сондықтан алдағы апталарда жылыту маусымына дайындықтың әр кезеңін сапалы аяқтау қала әкімдігінің басты назарында болмақ”, — дейді жауаптылар.

“ANYQ.KZ”-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You