![]()
Түркістан қаласында Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің Жоғарғы соттары төрағаларының II форумы өтті. Халықаралық жиынға Қазақстан, Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан және Түркияның жоғары сот органдарының басшылары қатысты.
Форум барысында сот жүйесін цифрландыру мен жасанды интеллект технологияларын енгізу, инвестициялық ахуалды жақсарту және инвесторлардың құқықтарын қорғау мәселелері талқыланды. Сондай-ақ ТМҰ аясында құқықтық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған бастамалар ұсынылды.
Іс-шара қорытындысында қатысушы елдердің делегация жетекшілері бірлескен мәлімдемеге қол қойып, цифрлық сот төрелігін дамыту мен құқықтық өзара іс-қимылды нығайтуға уағдаласты.
Форумнан кейін шетелдік делегация өкілдері Түркістанның тарихи-мәдени нысандарын аралап, өңірдің туристік әлеуетімен танысты.
Түркі мемлекеттері ұйымы аясындағы құқықтық ынтымақтастық соңғы жылдары жаңа деңгейге көтеріліп келеді. Бүгінде ұйым аясында сауда-экономикалық байланыстармен қатар, сот-құқықтық жүйелердің өзара тәжірибе алмасуы, цифрландыру, инвестициялық дауларды шешу және құқық үстемдігін нығайту мәселелеріне де басымдық берілуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымын өңірлік ықпалдастықтың маңызды тетігі ретінде бағалап, құқықтық институттарды жетілдіру, цифрлық технологияларды енгізу және инвесторлардың сенімін арттыру тұрақты экономикалық өсудің басты шарттарының бірі екенін атап келеді. Осы тұрғыдан алғанда, Түркістанда өткен Түркі мемлекеттері ұйымы Жоғарғы соттары төрағаларының II форумы сот төрелігін жетілдіру бағытындағы тәжірибе алмасуды жандандырып қана қоймай, Түркістанның халықаралық диалог алаңы ретіндегі мәртебесін де айқындай түсті. Мұндай жоғары деңгейдегі басқосулар қаланың туристік әрі инвестициялық тартымдылығын арттырып, түркі әлемінің рухани астанасы ретіндегі рөлін нақты істермен толықтыра түседі.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
