Түркістанда Шәмші әндері әуелеп, көрерменге ерекше рухани әсер сыйлады

Loading

Түркістан төрінде қазақ музыкасының көрнекті өкілі, ән падишасы, Қазақстанның Халық әртісі Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығын ұлықтауға арналған «Шәмші әндері» өнер фестивалі өтті. Ұлттық ән өнерінің жауһарларын жаңғыртқан мәдени кеш қала тұрғындары мен қонақтарына көтеріңкі көңіл күй сыйлап, композитор мұрасының мәңгілік мәнін тағы бір мәрте айшықтады.

«Керуен сарай» туристік кешенінде өткен өнер мерекесіне Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров пен Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы, зиялы қауым өкілдері, мәдениет және өнер саласының қайраткерлері, өңір тұрғындары мен қала қонақтары қатысты.

Фестивальдің негізгі мақсаты – Шәмші Қалдаяқовтың қазақ музыкасының алтын қорына енген шығармаларын кеңінен насихаттау, ұлттық өнерге деген құрметті арттыру, жас орындаушылардың шығармашылық әлеуетін қолдау және ән өнеріндегі сабақтастықты нығайту.

Кештің концерттік бағдарламасында елімізге танымал эстрада жұлдыздары мен жас өнерпаздар композитордың көпшілік сүйіп тыңдайтын әндерін орындады. Сахнада «Жігіттер» квартеті, «Melomen», «Сарын», «Turan Boys» топтарымен қатар Мөлдір Әуелбекова, Маржан Арапбаева, Алтынай Жорабаева, Досымжан Таңатаров, Әли Оқапов, Ғазизхан Шекербеков, Асқар Жүнісбеков, Қанай, Руслан Ақынбаев, Аяжан Нұрмаханбет, Маржан Ерланқызы, Данияр Барыс, Эльвира Мамытова және өзге де өнерпаздар өнер көрсетті. Мерекелік кешті Нұрсұлтан Есжан мен Алла Гаврина жүргізді.

Кеш барысында Шәмшінің ел жүрегінен орын алған таңдаулы әндері шырқалып, көрермен де өнерпаздарға қосылып ән салды. Осылайша фестиваль композитордың шығармашылық мұрасын дәріптейтін тағылымды мәдени жоба ғана емес, ұрпақты ұлттық өнерге баулитын рухани басқосудың жарқын үлгісіне айналды.

Шәмші Қалдаяқовтың әндері – қазақ халқының сыр-сезімін, елге, жерге, туған Отанға деген сүйіспеншілігін әуезді әуенмен жеткізген асыл мұра. Сондықтан оның шығармаларын дәріптеу – ұлттық мәдениеттің сабақтастығын сақтап, кейінгі буынға рухани құндылықтарды жеткізудің маңызды жолы.

Түркістанның мұндай ауқымды мәдени іс-шараларды өткізуі шаһардың түркі әлемінің рухани және мәдени орталығы ретіндегі әлеуетін де арттыра түседі. Президент бастамасымен қалаға ерекше мәртебе беріліп, Түркістанды мәдени, рухани, тарихи және туристік орталық ретінде дамытуға бағытталған жұмыстар жүйелі жүргізілуде. Бұл ретте ұлттық өнерді насихаттайтын фестивальдер қаладағы мәдени өмірдің мазмұнын байытып, Түркістанның туристік тартымдылығын арттыруға да ықпал етуде.

«Шәмші әндері» фестивалі осындай игі бастамалардың жалғасы ретінде өтіп, өнер сүйер қауымға ұмытылмас әсер қалдырды.

“ANYQ.KZ”-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You