
Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов Қытай Халық Республикасында жұмыс сапарымен жүр. Бүгінгі күнін Ханчжоу қаласында жалғастырды. «World Tourism Alliance» (WTA) – Халықаралық туризм альянсының басшылығымен ресми кездесу өткізді.
Кездесу барысында тараптар Түркістан өңірінің туризм әлеуетін талқылап, халықаралық туристік серіктестікті кеңейту жолдарын қарастырды. Түркістан облысының Туризм басқармасы «WTA» құрамына мүшелікке өту жөнінде ресми өтінім берді. Альянс басшылығы бұл бастамаға оң көзқарасын білдіріп, қабылдау 2025 жылдың күз айларында өтетінін растады.
Халықаралық деңгейдегі бұл қадам Түркістанның жаһандық туристік картадағы орнын айқындап, шетелдік нарықта бәсекеге қабілеттілігін арттырады. «WTA» алаңында өңірдің мәдени мұрасы мен киелі орындарын таныстыру, инвестициялық жобаларды ілгерілету және туризм саласында үздік тәжірибе алмасу мүмкіндігі артады. Зұлпыхар Жолдасов өңiрдiң туристік әлеуетін жандандыру бойынша Еуразиялық туризм ассоциациясымен бiрлесе, WTA ұйым мүшелерін облыста қарсы алуға дайын екенін жеткізді.
«World Tourism Alliance» (WTA) – әлемдік туризм саласындағы ықпалды коммерциялық емес ұйым. 2017 жылы құрылған ұйымның штаб-пәтері Ханчжоу қаласында орналасқан. Әлемнің 40-тан астам елінің 150-ден астам ұйымымен тығыз байланыста. Бұл ұйымдар құрамында ұлттық туризм басқармалары, туристік агенттіктер, әйгілі ғаламдық корпорациялар, ғылыми-зерттеу орталықтары және туристік БАҚ өкілдері бар.
«WTA-ға» мүше болу – Түркістан облысына халықаралық форумдар мен көрмелерге қатысуға, сондай-ақ әлемдік туризм трендтерін ескеріп, өз стратегиясын жетілдіруге мол мүмкіндік бермек.
Еске салайық, Ханчжоу — Қытайдың Чжэцзян провинциясының астанасы, ежелгі уақытта салынған және Пекинде пайда болған ұлы каналдағы ең Оңтүстік қала. Қала өзінің Сиху көлімен танымал, оған IX ғасырдан бастап ақындар поэзия, ал суретшілер картиналар арнаған. Қайықпен жүзуге болатын көлде жатқан аралдар, сондай-ақ оның айналасындағы храмдар, павильондар, бақтар мен арка көпірлері туристер арасында танымал. Сихудың оңтүстік жағалауында 975 жылдан басталған және ХХ ғасырдың басында құлағаннан кейін қалпына келтірілген бес қабатты Лейфенг пагодасы орналасқан.
Кеше Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов жұмыс сапарымен Қытайдың ірі экономикалық орталығы — Шанхай қаласына барды. Сапар барысында түркістандық делегация мен «KYMS» және «BEESENERGY» сынды Қытайдың жетекші компания басшыларының арасында ресми кездесулер өтті.
Кездесуде тараптар инвестициялық әріптестікті нығайту, жаңартылатын энергия көздері, инфрақұрылым және туризм салаларындағы жобаларды бірлесіп іске асыру мәселелерін талқылады. Әсіресе, Түркістан өңірінде экологиялық таза энергия көздерін дамыту және көлік инфрақұрылымын жаңғырту салалары бойынша нақты ұсыныстар қарастырылды.
Қытайлық компаниялар Түркістан облысының экономикалық әлеуетіне қызығушылық танытып, бірлескен жобаларды іске асыруға дайын екендіктерін білдірді. Тараптар тиімді серіктестік орнату үшін алдағы уақытта нақты техникалық және инвестициялық келіссөздерді жалғастыруға уағдаласты.
Бұл сапар Түркістан облысының халықаралық деңгейдегі инвестициялық тартымдылығын арттыру жолындағы маңызды қадам болып табылады.
Қытай Халық Республикасының Шанхай қаласындағы ғасырға жуық тарихы бар «Broadway Mansions» қонақ үйінде «Visit Turkistan» туристік ақпараттық кеңсесі ашылды. Кеңсенің негізгі мақсаты – әлемнің түкпір-түкпірінен келетін саяхатшыларға Түркістан облысының туристік әлеуетін таныстыру және өңірге туристерді тарту.
Қазақстан туризмін халықаралық деңгейде насихаттайтын бұл кеңсенің ашылуына Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов қатысып, ізгі ниетін жеткізді.
– Екі ел арасындағы байланыс бірнеше ғасырға жалғасып келеді. Ұлы Жібек жолы бойындағы бұл тарихи сабақтастық әлем үшін де маңызды. Біз Қытаймен арадағы осы байланысты іскерлік бағытта жаңғыртып, Түркістан облысының туризмін жаңа деңгейге шығарғымыз келеді. Кеңсеміздің ашылуына үлес қосқан «SkyWay» туроператоры мен Шанхай туристік қауымдастығына алғысымыз шексіз, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Шара аясында Түркістан облысының туризм басқармасы мен «China Corporate United Pavilion Group (CCUP)» және «SkyWay» туристік операторы арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Қытайлық туристік операторлардың қызығушылығы Түркістанға жаңа туристік ағым қалыптастырады деген сенім бар. Бұл келісім өңірдің халықаралық имиджін көтеріп, туризм саласына инвестиция тартуға және мәдени байланысты нығайтуға мүмкіндік береді.
Қос тараптың қолдауымен Шанхайда ашылған кеңсе тұрақты әрі жүйелі жұмыс істейді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.