![]()
Түркістан қаласында абаттандыру, санитарлық тазалық талаптарын сақтау және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында сектор мамандарының қатысуымен қала аумағында тұрғындарға жаңадан енгізілген өзгерістер мен тәртіптік шараларға байланысты түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, хабарландыру парақшалары таратылды.
Жұмыс барысында тұрғындарға үй маңындағы аумақтарды таза ұстау, тұрмыстық қалдықтарды арнайы белгіленген орындарға шығару, сондай-ақ аулалар мен көшелердегі өсіп кеткен арамшөптерді уақытылы шабу қажеттігі мен айналаны күтіп ұстаудың маңыздылығы жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Сонымен қатар, 1 шілдеден бастап абаттандыру қағидаларын бұзуға, қоғамдық орындарды ластауға және тұрғын үйлердің аумағын күтіп-ұстамауға қатысты заң талаптарының күшейтілгені ескертілді. Тұрғындарға заң талаптарын сақтау қажеттігі түсіндіріліп, талаптарды бұзған жағдайда Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес әкімшілік жауапкершілік көзделгені айтылды.
“Тазалық – баршаға ортақ міндет, ортақ мәдениет пен жауапкершіліктің көрінісі. Сондықтан тұрғындарды өз аулалары мен көшелерінің тазалығына жауапкершілікпен һәм ұқыптылықпен қарап, қоршаған ортаны таза ұстауға, туған қаламыздың тазалығы мен көркеюіне бірге үлес қосуға шақырамыз!”, — дейді жауаптылар.
Еске салайық, 2026 жылғы 1 шілдеден бастап елді мекендерді абаттандыруға қатысты жаңартылған қағидалар қолданысқа енгізіледі. Жаңа талаптарға сәйкес, жеке тұрғын үй иелері өз үйлеріне іргелес аумақтың тазалығын қамтамасыз етуге міндетті. Аталған аумақта қоқыс, құрылыс қалдықтары, қураған шөп, арамшөп және ұзақ уақыт сақталған заттардың жиналуына жол берілмеуі тиіс.
Құқық бұзушылық анықталған жағдайда жауапкершілік Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес қаралады. Айыппұл мөлшері құқық бұзушылықтың нақты құрамына және қолданылатын заң бабының талаптарына байланысты белгіленеді.
Осы тұста ескерер маңызды жайт, әлеуметтік желілерде тараған «әр үйдің дәл 5 метр аумағы тазаланбаса, мміндетті түрде айыппұл салынады» деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Өйткені мұндай нақты талап Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2026 жылғы 3 маусымдағы бұйрығында тікелей көрсетілмеген. Құжатта негізгі міндет – үйге іргелес аумақты күтіп ұстау, қоқыс пен түрлі заттарды үйіп сақтамау екені белгіленген.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында тазалық мәдениетін қалыптастыруды бір реттік сенбіліктермен шектемей, әр азаматтың күнделікті өмір салтына айналдыру қажеттігін бірнеше мәрте атап өтті. Мемлекет басшысының айтуынша, заң мен тәртіп қағидаты ең алдымен адам тұратын ауладан, көше мен қоғамдық кеңістіктен басталады. Осы ұстаным негізінде биыл елді мекендерді абаттандыру қағидалары жаңартылып, азаматтардың іргелес аумақтарды күтіп-ұстауға қатысты жауапкершілігі нақтыланды. Бұл ретте құқық қолдану тәжірибесінде тұрғындарға талапты түсіндіру мен алдын алу шараларына басымдық беріледі. Түркістандағы түсіндіру жұмыстары да осы мақсатқа бағытталған. Себебі таза әрі көрікті қала тек коммуналдық қызметтердің емес, тұрғындардың ортақ жауапкершілігі арқылы қалыптасады. Азаматтық мәдениет пен заң талаптарын ұштастырған мұндай жұмыстар өңірдің экологиялық ахуалын жақсартып қана қоймай, туристік келбетін нығайтып, қоғамда жауапкершілік пен ұқыптылық құндылықтарын орнықтыруға қызмет етеді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
