
14-20 шілде аралығында Корея Республикасының Чхунчхон қаласында таеквондодан (WT) «CHUNCHEON KOREA OPEN» халықаралық турнирі өтті.
Аталған дүбірлі додада Түркістан қаласының “Барыс” спорт клубының таеквондошылары сәтті өнер көрсетіп, ел намысын абыроймен қорғады. Жас спортшыларымыз шеберліктерін танытып, жүлделі орындарға ие болып, көк байрағымызды шет елде желбіретті.
Халықаралық деңгейдегі бұл жарысқа әлемнің түкпір-түкпірінен келген мықты спортшылар қатысып, тартысты бәсеке өрбіді. Осындай беделді турнирде топ жару – облыс спортындағы үлкен жетістік.
Түркістан қаласының спорт саласына қосқан бұл үлестері үшін “Барыс” спорт клубының бапкерлер құрамы мен жеңімпаз спортшыларға алғыс білдіреміз. Алдағы уақытта да ел абыройын асқақтатар биік белестерді бағындыра беруіне тілектеспіз.
Тақырыпқа орай тағы бір қосар ақпарат. Түркістан қаласы әкімдігі мен қалалық Мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі, сондай-ақ Балалар мен жасөспірімдер спорт клубының ұйытқы болуымен Балауса лагерінде жазғы демалыс ерекше әсерге толы спорттық мерекеге ұласты.
«Жазғы демалыс – спортпен!» ұранымен ұйымдастырылған бұл шарада 350-ден астам оқушы белсенділік танытып, түрлі ұлттық және заманауи спорт түрлерінен өз шеберліктерін ортаға салды.
Көпшіліктің қызығушылығын тудырған ойын түрлері:
Арқан тарту;
Ләңгі тебу;
Асық ату;
Белтемірге тартылу;
Секіргішпен секіру;
Сұрмерген;
Шеңберге доп лақтыру;
Тоғызқұмалақ.
Бұл – тек жарыс емес, балалардың рухын көтеретін, бірлігін арттыратын, ширақтық пен сергектікті дәріптейтін тағылымды күн болды. Қатысушылардың бойынан табандылық пен тапқырлық, жеңіске деген жігер мен достық лебі сезіліп тұрды.
Жеңімпаздар арнайы сыйлықтармен марапатталып, шаттыққа толы жазғы күннің естелігіне айналды.
Жаз – тек демалыс уақыты ғана емес, денсаулықты нығайтып, достықты бекемдейтін сәт. Түркістанда өткен осындай шаралар – ұрпақ болашағына жасалған жарқын қадам!
«ANYQ.KZ»-ақпарат.