
2025 жылдың 6–12 шілдесі аралығында классикалық шахматтан Қазақстан Республикасы Балалар кубогының 4-кезеңі өз мәресіне жетті. Бұл зерделі ойын мен зияткерлік сайыстың биік додасы ғана емес, жас дарындардың кемел ойы мен табандылығы сыналатын беделді бәсеке болды.
Аталған турнирде Түркістан қалалық балалар және жасөспірімдер спорт клубының жас шахматшысы, спорт шеберлігіне кандидат Нурислам Сұлтанхан ерекше көзге түсті. 9 тур нәтижесінде 7,5 ұпай жинаған ол жарыстың абсолютті жеңімпазы атанып, бірінші орынды иеленді.
Жас чемпионның бұл жарқын жетістігі – оның қажырлы еңбегі мен тұрақты дайындықтың жемісі. Шахмат өнерінің шыңына жол көрсеткен білікті бапкері Қуанышбек Жұмаділлаевтың еңбегі де айрықша атап өтуге тұрарлық.
Жеңімпазды Қазақстан шахмат федерациясының вице-президенті Марат Сағынтайұлы Есенов марапаттап, арнайы кубокты табыстады.
Бұл – Түркістан спортының ғана емес, бүкіл жас буынның мерейін үстем еткен маңызды жеңіс!
Атап өтерлігі, Қазақстанда шахматтың жалпыхалықтық сипат алғанына ғасыр толған жоқ. 1934 жылы I республикалық чемпионат өтіп, Бүкілқазақстандық шахмат турнирінен кейін ғана көпшіліктің қызығушылығы оянды. Сол уақыттан сабақтасақ, қазақ жеріндегі шахматтың дамуын шартты түрде үш кезеңге бөлуге болады. Алғашқысы – ҰОС жылдарына дейінгі кезең, кейінгісі – тәуелсіздік алған шақпен түйінделді, соңғы үрдіс – 90-жылдардан бүгінге дейін жалғасып келеді.
Қазақстанда шахмат XX ғасырдың басында пайда болып, кеңестік кезеңде кеңінен дами бастады. 1930–1940 жылдары республикалық жарыстар ұйымдастырыла бастады. Ал 1950 жылдан кейін шахмат мектептері мен үйірмелер жүйесі қалыптасып, дарынды балаларды анықтау жұмыстары жолға қойылды. КСРО құрамында болған кезде Қазақстан шахматшылары одақтық деңгейдегі жарыстарда табысқа жете бастады. Қазақ шахматшылары халықаралық деңгейде алғаш рет осы кезеңде танылды. Атап айтқанда, 1970–1980 жылдары бірнеше қазақстандық спортшылар КСРО чемпионаттарында жүлдегер атанды. Шахмат мектептерінің ашылуы, шахматты оқу бағдарламасына енгізу – сол кезеңнің елеулі жетістіктері болды. Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін шахматтың жаңа кезеңі басталды. Ел ішінде түрлі республикалық және халықаралық турнирлер ұйымдастырыла бастады. 1992 жылы Қазақстан Шахмат федерациясы құрылып, ол халықаралық ұйымдармен тікелей жұмыс істей бастады.
Қызығы, гроссмейстерлер арасында тәуелсіздік жылдарындағы буынның үлесі басым. Бұған мемлекеттік саясат пен спорт ұйымдарының шахматшыларды қаржылай қолдауы әсер етті деп айтуға негіз бар. Себебі, Үкімет әрбір бұқаралық спортты жетілдіру бағдарламасы кезінде шахматты қалыс қалдырған жоқ. Тіпті 2023 жылы Қазақстанда классикалық шахматтан әлем чемпионы атағын алуға арналған матч өтіп, Президент жаһандық додаға қатысқан Дин Лижэнь мен Ян Непомнящийді Ақордада қабылдағанын білеміз.
Дәл осы 2023 жылы қазақ шахмат мектебінің жаңа кезеңі бастауы болды. Олай дейтініміз, көп өтпей шахматты дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітілді. Кейінгі қолға алынған жобаның басым дені осы құжатқа сүйеніп жасалған-ды. Қысқаша айтсақ, 5 жылда жеті бағытта нәтиже байқалуы тиіс:
- Бастауыш сынып балаларының 20%-ын шахмат оқытумен қамту;
- Көппәтерлі тұрғын үйлерде кемінде 200 шахмат клубын ашу;
- Шахматтан Қазақстан құрамасын әлемнің ТОП-10 командасы қатарына қосу;
- 20 жасқа дейінгі шахматшылардың «халықаралық гроссмейстер» спорттық атағын алуы;
- Әлем, Азия чемпионаттары, шахмат олимпиадасы және FIDE ұйымының ресми сайыстарындағы шахматшылардың медаль санын ұлғайту;
- Шахмат бойынша кемінде 500 педагог даярлау;
- Кемінде 250 кадрдың біліктілігін арттыру межеленген.
Үкіметтің мәліметінше, елде 200 мыңнан астам адам шахматпен шұғылданады. Алда көрсеткішті екі есе ұлғайту мақсаты тұр. Ол үшін балаларға шахмат үйрету мақсатына басымдық берілмек. Жоғарыда атап өткен кешенді жоспардың бір тармағы осыған бағытталған.
Қазір бастауыш сынып оқушыларына арналған бағдарлама қарқынды: 2024 жылы – 5 пайыз – 350 мектеп; 2025 жылы – 10 пайыз – 700 мектеп; 2026 жылы – 15 пайыз – 1050 мектеп; 2027 жылы – 20 пайыз – 1400 мектеп қамтылмақ. Жобаға жауапты Қазақстан шахмат федерациясы (KazChess) 1-4 сынып оқушыларға арналған шахмат білім беру бағдарламасын әзірлеп, сол арқылы 550 мектепте бала оқытып отыр. Федерация дерегіне сенсек, жобаға 20 мың оқушы қатысуда, 797 мұғалім сабақ береді.
Жалпы, мектеп жанынан арнайы үйірме ашу – жақсы үрдіс. Оқушыға ғана емес, балабақшадағы бүлдіршінге де көмегі көп. Бүгінде халықаралық жетістікке жеткен шахматшылардың басым дені – мектеп жанындағы қосымша арқылы дағдысын дамытқандар. Мысалы, жуырда шахматтан әлем чемпионы атанған 7 жасар Абдул-Мәлік Қайрат жеңіс жолын мектеп үйірмесінен бастаған. 6 жасқа дейінгі ұлдар арасында Қазақстан чемпионы,7 жасқа дейінгі ұлдар арасында Әлем чемпионы атанып үлгерді.
Түсінгеніміз, елде балаларды шахмат үйірмелерімен қамту бірнеше сатыға бөлінген. Мектеп жасына дейінгі балаларға – вариативті компонент арқылы білім беру, 1-4 сыныптарға – ерікті пән ретінде енгізу, қосымша білім беру ұйымдарында – мемлекеттік тапсырыс арқылы үйірме ашу. Сондай-ақ жауапты министрлік «шахмат бойынша мұғалімдерді даярлау» білім беру бағдарламасын әзірлеп отыр. Оны ЖОО білім беру бағдарламаларының тізіміне енгізу жоспарланған.
Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, жасөспірімдердің әлем чемпионаттары үш жас санаты бойынша өткізіледі: 8, 10 және 12 жасқа дейінгілер – кадеттер; 14, 16-18 жасқа дейінгілер – бозбалалар; 20 жасқа дейінгі ойыншылар – жастар додасы. Әрбірінде отандастарымыздың жүлдесі мол. Мысалы, алғашқы екі санатты алайық, өткен жылы Бразилия мен Италиядағы жарыстарда 10 жасар Аланна Берікқызы және 12 жасар Марк Смирнов көш бастады. Ал Қазыбек Нөгербек 20 жасқа дейінгілер арасындағы әлем чемпионатында жеңімпаз атанды.
Мамандардың пікірінше, балалар арасындағы спорттық жетістіктің кілті шахматшылар мен жаттықтырушыларды қаржылай ынталандыруда жатыр. Бүгінде мемлекет пен федерация тарапынан қолдау жетерлік.
Мемлекеттің шахматтағы әлеуеті гроссмейстер санымен өлшенеді, яғни қай елде халықаралық атақ алған спортшы көп болса, сол жұрт үстем. Бұл орайда Қазақстанның көрсеткіші жаман емес. Бізде халықаралық дәрежедегі 20 гроссмейстер бар, 15 ер (GM), 5 әйелдер гроссмейстері (WGM) шыққан. Бұл жоғары атақты Халықаралық шахмат федерациясы (FIDE) үміткерлердің турнирлердегі нәтижесіне қарай береді. Талабы да қатаң. Алдымен үш турнирде тиісті норманы орындау қажет, кейін 2500 (GM) немесе 2300 (WGM) рейтингіне жету керек. Талапқа тура келсе, үміткер гроссмейстер атағын өмір бойына еншілейді.
Сондықтан Қазақстан Халықаралық шахмат федерациясы ұйымдастыратын додадан қалыс қалмауға мүдделі. Әр жарыстан жүлделі оралу шахматшылар үшін атақ алуға деген қадам саналады. Мысалы, 2024 жылы шахматшыларымыз «FIDE» аясындағы ресми жарыстарда 160 медаль жеңіп алды. Бұл еліміздің саладағы көшбасшылыққа ұмтылысын білдірсе керек.
Қазір ұлттық құрамада ел намысын 12 ер, 12 әйел шахматшы қорғап жүр. Аз уақыттың ішінде әлемдік деңгейде мойындалып, мықты қарсыласқа айнала білді. 2023 жылы «FIDE» мен «ACF» өткізген ресми жарыстарда шахматшылар 116 медаль жеңіп алған еді. Өткен жылы олжалаған 160 медальдің 55-і – «алтын», 54-і – «күміс», 51-і – «қола».
Кейінгі жылдары қазақ шахмат мектебінде қызық үрдіс байқалады. Ол – әйелдер құрамасының ерекше жетістігі. Байқасақ, 4-5 жыл төңірегінде халықаралық жарыста топ жарып, гроссмейстер атағын алғандардың көпшілігі — нәзік жандылар. Бүгінде Бибісара Асаубаева, Жансая Әбдімәлік, Динара Сәдуақасова, Меруерт Камалиденова, Лия Құрманғалиева, Ксения Балабаева, Алуа Нұрманова, Амина Қайырбекова, Әсел Серікбай сынды қыздарымыз әлемді мойындатып үлгерген. Халықаралық турнирден жұлдесіз қайтқаны жоқ. Тіпті, 2024 жылғы Дүниежүзілік шахмат олимпиадасында Қазақстанның әйелдер құрамасы ІІ орыннан көрінді. Жарыста біздің қыздар 8 жеңіске қол жеткізіп, екі ойынды тең аяқтады, тек бір ойында ғана жеңіліс тапты. Осылайша тарихи күміс жүлде қыздардың кәсіби деңгейін тағы бір паш етті.
Қазақстан шахмат державасына айналудың алдында тұр. 2027 жылға бағыт алған шаршы тақта жоспары жарты жолда бітпесе, халықаралық додалардағы жүлденің жемісін көретін күн жақын. Оған әлеует жеткілікті. Маңыздысы — білім жүйесі, шахматшылар ынтасы, мемлекеттік қолдау.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.