Түркістанның бүгінін көркейтіп, ертеңін қалыптастыратын күш – жастар

Loading

Түркістанның келешегіне көз салғанда, ең алдымен, жас буынның жігері мен талпынысы көрінеді. Білімге ұмтылған, ғылымға қызыққан, спортта жеңіс тұғырынан көрінген, өнері арқылы танылған, кәсіп бастауға және жаңа технологияларды меңгеруге ұмтылған жастардың қатары қалада жыл санап артып келеді. Бұл – шаһардың бүгінгі тынысын айқындап қана қоймай, оның ертеңіне деген сенімді нығайтатын маңызды күш.

Қазір Түркістанда 78 361 жас тұрады. Бұл қала халқының 31,4 пайызын құрайды. Яғни шаһар тұрғындарының үштен біріне жуығы – жастар. Мұндай көрсеткіш бір жағынан Түркістанның демографиялық әлеуетін танытса, екінші жағынан жас ұрпаққа жағдай жасап, олардың білімін, қабілетін және азаматтық белсенділігін дамытуға үлкен жауапкершілік жүктейді.

Жас түркістандықтардың жетістігі де аз емес. Спортта ел намысын қорғап жүрген дарынды өрендер халықаралық және республикалық жарыстарда топ жарып келеді. Шахматтан Сұлтанхан Нұрислам Бабырұлы мен Асылхан Әсия Талғатқызы, үлкен теннистен Дауранова Дурдана Муслимқызы, әйелдер күресінен әлем чемпиондары Райымова Нилуфар Қахарқызы мен Шұғыла Өмірбек, дзюдодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Дидар Хамза – соның айқын мысалы.

Білім мен ғылым саласында да түркістандық жастардың ізденісі нәтижелі. Сүлей Әли республикалық ғылыми жобада жеңімпаз атанып, Абай мұрасын жаңа медиа арқылы насихаттап жүр. Балтабай Айару Саматқызы түрлі білім сайыстарында жүлдеге ие болды. Таеквондо, сурдо дзюдо, белбеу күресі сынды спорт бағыттарында да жастар биіктен көрініп келеді. Мұның бәрі Түркістан жастарының мүмкіндігі мол екенін көрсетеді.

Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы да жастардың әлеуетін шаһардың басты мүмкіндіктерінің бірі ретінде бағалайды. Оның айтуынша, жас буынға сенім артып, олардың бастамаларын қолдау – болашаққа салынған инвестиция.

«Бір толқында болу – елдік мұрат жолындағы үндестік деп білемін. Білімге құштарлық, жаңа идеяға ұмтылыс пен елге деген жауапкершілік – Түркістан жастарының басты қасиеті болуы тиіс. Қаламыздың келешегі – сіздердің қолдарыңызда», – деді қала әкімі.

Бұл ұстаным жастардың өз ойын еркін білдіріп, қабілетін шыңдауына мүмкіндік берудің маңызын айқындай түседі. Өйткені қазіргі жас буын – өзгерісті сырттай күтетін емес, оны өз қолымен жасауға ұмтылатын ұрпақ. Оларға ең керегі – бастамасына қолдау, біліміне мүмкіндік және еңбегіне сенім.

Осы идея Халықаралық жастар күніне орай «Жібек жолы» саябағында өткен «Түркістан жастары: бір толқында!» атты мерекелік кеште де кеңінен көрініс тапты. Қала жастары бас қосқан шарада олардың өнері, шығармашылығы мен спорттағы жетістіктері көпшілікке ұсынылды.

Мерекелік бағдарламаның мазмұны да жастардың жан-жақтылығын аңғартты. Кеш барысында би және музыкалық қойылымдар, сән көрсетілімі, акробатикалық шоу, түрлі ойын-сауық бағдарламалары ұйымдастырылып, мерекелік отшашумен қорытындыланды. Әрбір қойылымнан жас буынның таланты мен шығармашылық ізденісі байқалды.

Жастар мерекесінде айтылған басты ой – олардың қоғамдағы рөлін айқындап, әлеуетін ел игілігіне бағыттау. Қала басшысының өзі де жастар қатарынан шыққанын айтып, бүгінгі буынның талап-тілегін жақсы түсінетінін жеткізді.

«Өзім де жастардың қатарынанмын. Сондықтан бүгінгі буынның талабын, ізденісін және мүмкіндіктерге деген көзқарасын жақсы түсінемін. Жастарға ең керегі – сенім мен мүмкіндік. Өз идеясын жүзеге асырып, білімін жетілдіріп, спортта, ғылымда, өнерде немесе кәсіпте өзін көрсетуіне жол ашуымыз керек. Біз әр жақсы бастамаға қолдау көрсетуге дайынбыз», – деді Әзімбек Пазылбекұлы.

Шын мәнінде, Түркістанның бүгінін көркейтіп, ертеңін қалыптастыратын үлкен күштің бірі – осы жас буын. Бірі ғылымда жаңалыққа ұмтылса, бірі спортта ел мерейін үстем етіп, енді бірі өнерімен көрерменін тәнті етіп жүр. Кәсіпке бет бұрып, қоғамдық жұмыстарға белсенді араласатын жастар да аз емес. Сондықтан 78 мыңнан астам жастың әлеуетін тиімді пайдалану – Түркістанның келешегі үшін маңызды міндет. Ал олардың әрқайсысына мүмкіндік беру, бастамасына сенім арту және өз жолын табуына жағдай жасау – қала дамуының ұзақ мерзімді негіздерінің бірі.

«Түркістан жастары: бір толқында!» кеші де осыны аңғартты. Бір кеңістікте бас қосқан мыңдаған жас өзара қуаныш бөлісіп қана қоймай, ортақ арман мен мақсаттың бар екенін көрсетті. Бір толқындағы жастар – бір бағыттағы қоғамның, ал өз болашағына сенімді жастар – ел болашағының берік негізі.

“ANYQ.KZ”-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You