Түркияның «ORZAX» компаниясы Түркістан облысында жаңа зауыт салмақ

Түркияның жетекші фармацевтикалық компанияларының бірі – «ORZAX» Түркістан облысында биологиялық белсенді қоспалар (ББҚ) шығаратын жаңа зауыт салуға ниетті. Жобаның жалпы құны 40 миллион АҚШ долларын құрайды.

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров пен «ORZAX» компаниясының басшылығы арасындағы кездесуде өндірістік жобаны іске асыру мәселелері талқыланды. Тараптар зауытты Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылған «TURAN» арнайы экономикалық аймағы аумағында салу мүмкіндігін қарастырды. Бұл шешім компанияға жеңілдетілген салықтық және әкімшілік режимдерді пайдаланып, тиімді өндіріс құруға жол ашады.

Өндірістік кешен іске қосылғаннан кейін жылына 35 миллион қорап ББҚ шығарылады деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар 500-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады. Бұл өңір тұрғындары үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін береді.

Келіссөздер аясында құрылыс жұмыстарын 2025 жылдың ішінде бастау, ал зауытты 2026 жылдың соңына дейін іске қосу мәселелері егжей-тегжейлі талқыланды.

Облыс әкімі жобаның маңыздылығын атап өтіп, жергілікті әкімдік тарапынан инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, құжаттаманы рәсімдеу және барлық рұқсат беру рәсімдерін жеделдету бағытында толық қолдау көрсетілетінін мәлімдеді.

– Түркістан – ашық, серіктестікке дайын өңір. Біз – бауырлас елміз. Түркиялық компанияның өңірімізге келіп, осындай ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыруға ниетті болуы – біздің облыс үшін зор мүмкіндік. Жаңа зауыттың құрылысы Түркістан облысының экономикасын дамытуға үлкен үлес қосып, жүздеген азаматты тұрақты жұмыспен қамтамасыз етеді. Біз бұл бастаманы толық қолдаймыз және жобаның табысты іске асуына барлық жағдай жасаймыз. Өздеріңізбен тікелей байланыста боламыз, – деді Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров.

«ORZAX» – Түркияда орналасқан, табиғи ингредиенттер негізінде биологиялық белсенді қоспалар өндіретін халықаралық деңгейдегі жетекші компания. Қазіргі таңда компания 100-ден астам өнім түрін шығарады, оның ішінде пробиотиктер, өсімдік экстрактылары, арнайы формулалар, Омега-3, дәрумендер мен минералдар, коллагендер бар. Компания Түркияда рецептсіз берілетін өнімдер нарығында көшбасшы болып келеді. Өнімдері әлемнің 50-ден астам еліне экспортталады.

Түркістан облысында еліміздегі алғашқы супервизия үйлестіру орталығы ашылды

Айтпақшы, елімізде алғаш рет Түркістан облыстық балалар ауруханасының базасында супервизия үйлестіру орталығы ашылды. Мұнда балалар дәрігерлері мен медбикелер тәжірибе алмасып, кәсіби біліктілігін арттыра алады. Жаңа орталықтың ашылуына Қазақстанның 20 өңірінен келген 70-тен астам медицина маманы, сонымен қатар 6 жоғары оқу орнының өкілдері қатысты.

Супервизия үйлестіру орталығында тек Түркістан облысы емес, еліміздің әр түкпірінен келген медицина мамандары да тәжірибе жинақтай алады. Бұл үшін орталық заманауи материалдық-техникалық жабдықтармен, муляждармен, интеграциялық тақтамен және жоғары технологиялық аппараттармен қамтылған.

Орталық дамудың кешігуі, есту қабілетінің бұзылуы, эмоционалдық және интеллектуалдық бұзылулар, сөйлеу немесе тілдік бұзылулар сияқты ерте араласуды қажет ететін проблемаларды ескере отырып, әрбір баланың салауатты даму әлеуетін барынша арттыруға бағытталған. Сондықтан орталықтың даму стратегиясында Қазақстан Республикасындағы ерте араласудағы негізгі инновацияларға баса назар аударылған. Орталық халықаралық ұйымдармен әріптестікті одан әрі дамытуды көздейді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You