Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының “Арнаулы кәсіптік колледжі” коммуналдық мемлекеттік мекемесі мүмкіндігі шектеулі балаларды оқуға қабылдайтынын хабарлайды.
Оқуға 9-шы және 11-ші сыныптан кейін ІІ-ІІІ топтағы мүгедек балалар қабылданады. Сондай ақ бөгде адамның көмегінсіз жүріп-тұра алатын І топтағы балалар қабылданады.
Инклюзивті білім беру – бұл барлық бала өздерінің физикалық, ақыл-ой, интеллектуалды және басқа ерекшеліктеріне қарамастан, жалпы білім беру жүйесіне енгізілген және мүмкіндігі шектеусіз құрдастарымен бірге оқытылатын оқыту және тәрбиелеу процесі.
ҚР «Білім туралы» заңында инклюзивті білім беру ерекше білім беру қажеттіліктері мен жеке-дара мүмкіндіктерін ескере отырып, барлық білім алушылар үшін білім алуға тең қолжетімділікті қамтамасыз ететін процесс екені көрсетілген.
Инклюзивті білім балаларға қатысты кез келген кемсітушілікті жоққа шығаратын, барлық адамдарға бірдей қарым-қатынасты қамтамасыз ететін, бірақ ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға ерекше жағдай жасайтын идеологияға негізделген.
Айта кетейік, ерекше білім беруді қажет ететін балалардың шамамен 50 пайызы ерте жаста оңалтылуы мүмкін.
Мұндай санатқа кіретін балаларды оқытумен, тәрбиелеумен қамту мектепке дейінгі ұйымдардан ЖОО-ларға дейін жүргізіледі. БҒМ-нің мәліметінше, мектепке дейінгі балабақшаларда 37 970 астам бала тәрбиеленеді. Орта білім беру ұйымдарында 95 497 бала оқиды. Колледждерде 2 900 бала және ЖОО-ларда 3 520 бала оқиды.
Сонымен қатар, бүгінгі таңда жергілікті атқарушы органдар мемлекеттік емес ұйымдармен бірлесе мектептердің базасында 177 ресурстық орталық ашылған.
Сонымен қатар, БҒМ министрі Асхат Аймағамбетов Үкіметтің отырысында елімізде 46 ПМПК және 25 түзету кабинетін құру қажеттігін айтты. Бұл ерекше балалар үшін ауадай қажет шара. Бүгінгі таңда ПМПК-ға ең үлкен қажеттілік Түркістан, Алматы, Қарағанды, Атырау облыстарында және Нұр-Сұлтан қаласында бар.