Түркі тілдес елдер географиясының мәселелері талқыланды

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде «Түркі тілдес елдер географиясы» таңдау курсын оқыту мәселелері» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Географиядан республикалық атаулы мектеп жетекшісі, педагогика ғылымдарының докторы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры Ұлжалғас Әмзеқызы Есназарова бастаған география саласын зерттеуші ұстаз-ғалымдар университетімізге арнайы келіп, келелі кеңес өткізді. Басқосуда білікті мамандар ойларын ортаға салып, пікір бөлісті. Республиканың әр аймағынан келген географиядан республикалық атаулы мектеп мүшелері география пәнінің жүргізілуі бойынша атқарылған жұмыстар бойынша өзара тәжірибе алмасты. Республикалық семинар аясында киелі және қасиетті орындарды зерттеу бойынша Түркістан облысы Отырар, Бәйдібек аудандарындағы құнды жәдігерлер мен тарихи орындарға ат басын бұрғандарын тілге тиек етті. Жиында еліміздің табиғатының өте әсем әрі алуан түрлілігін, әркелкі сұлулығы мен Менделеев кестесіне кірген барлық қазба байлықтың аса бай мекені екендігі айтылды.
Ректор өкілі, профессор Женгиз Томар мен Әлеуметтік-мәдени даму вице-ректоры Асқар Тұрғанбаев сөз сөйлеп, университет тарапынан география ғылым саласын жетілдіруге бағытталған игі істі қолдауға дайын екендіктерін жеткізді.
Ұлжалғас Әмзеқызы бүгінгі жиынға арқау болған маңызды саланың өзекті мәселелерін талдап, алда тұрған жоспарды баяндады.
Айта кетейік, жуырда университетіміздің қабырғасында «Географиялық білім берудегі озық ой және заманауи көзқарас» тақырыбындағы география пәні мұғалімдерінің съезі өткен болатын. Басқосу аясында тәжірибелі ұстаздар мен оқу ордамыздағы әріптестер арасында сабақтастық жалғасын тапты.
Ұстаздар қауымы университет кампусын аралап, оқу ордамыздағы ғалымдармен бірлесіп жұмыс жасауға ниетті екендіктерін жеткізді.

Ad Widget

Recommended For You