Түркістан облысында өндіріс орындарын ашу бойынша келіссөздер жүргізілді

Түркістан қаласында өткен «TURKISTAN INVESTMENT AND TOURISM FORUM – 2025» халықаралық инвестициялық форумы аясында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров шетелдік инвесторлармен кезекті рет кездесу өткізді. Кездесуге Қытайдың ірі компаниялардың өкілдері қатысып, оларға өңірдің экономикалық әлеуеті мен инвестициялық мүмкіндіктері кеңінен таныстырылды. Әкім инвесторларға Түркістан облысының стратегиялық артықшылықтарын, инфрақұрылымдық дамуын және бизнес жүргізуге қолайлы жағдайлар жасалғанын атап өтті.

– Интеграция мен экономикалық ынтымақтастықты одан әрі тереңдету аясында біз өңіріміздің өндіріс саласына шетел компанияларының қатысуын арттыруды жоспарлап отырмыз. Сіздер, Орталық Азия, Қытай, Ресей және Еуропаны жалғайтын транзиттік дәліздің стратегиялық қиылысында орналасқан Түркістан облысына инвестиция құю арқылы үлкен нарыққа жол ашасыздар. Облысымызда индустриалды аймақтар, арнайы экономикалық аймақтар бар. Өндірісті дамытып, жаңа зауыттар ашуға қолдау көрсетіледі, – деді Нұралхан Көшеров.

Инвесторлар күн және су электр станциясын салу, көлік-логистикалық сала мен құрылыс, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу мен туризм бағыттары бойынша ұсыныстарын айтты. Сонымен бірге дайын жобалар болса, қаржы салуға да дайын екенін жеткізген компаниялар да болды. Кездесуде облыста жүзеге асып жатқан жобаларға қатысты мәселелер де тыңдалып, инфрақұрылымға қатысты түйткілдерді шешу бойынша тапсырмалар берілді.

Айта кетейік, Түркістан облысында инвестиция тарту, өндіріс орындарын көбейтуге басымдық берілген. Жалпы өңірде 2025-2028 жылдар аралығында жүзеге асатын 111 инвестжобалар пулы қалыптасқан. Жоба толық іске асқан жағдайда 23 915 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Биыл 58 инвестициялық жоба қолға алынып, нәтижесінде 8 250 тұрақты жұмыс орны ашылады. Бүгінде 34 инвестжоба іске қосылып, 4889 адам жұмыспен қамтылды. Сонымен қатар биыл 10 айдың қорытындысына сәйкес, облыстың капиталына 1 178,4 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылған. Облысқа 2025 жылға 475 миллион АҚШ доллары көлемінде тікелей шетелдік инвестициялар тарту индикаторы бекітілген. II тоқсанның қорытындысына орай тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 543,5 миллион АҚШ долларын құрап, жылдық жоспар артығымен орындалды.

Тағы бір атап өтер жайт, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров халықаралық инвестициялық форумға келген шетелдік инвесторларға өңірдің тарихи-мәдени нысандарын таныстырды. ҚХР-дың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хань Чуньлинь бастаған ресми және бизнес делегация сапарын қазақ руханиятының жауһары – Қожа Ахмет Ясауи кесенесінен бастап, киелі қаланың тарихымен кеңінен танысты. Өңірдің тарихи-мәдени нысандарын аралап, Түркістанның туристік мүмкіндіктеріне қанықты.

Содан кейін меймандар «Этноауыл» кешеніне барып, ұлттық дәстүр, қолөнер және халықтық өнердің ерекшеліктерін тамашалады. Дәстүрлі әншілер мен күйшілер өнерін ұсынып, жас спортшылар бөрене көтеру, қазақ күресі, асық ату сияқты ұлттық спорт түрлерінен сайыс көрсетті. «Алқоңыр» фольклорлық ансамблі мен «Жаңа леп» тобының орындаушылық шеберлігі қонақтардың ерекше ықыласына бөленді.

Алпауыт компания басшылары Түркістанның мәдени әлеуетін, туристік мүмкіндіктерін және инфрақұрылымдық мүмкіндіктерін жан-жақты зерделеді.

Сапар барысында делегация қолөнершілер орталығында болып, жергілікті шеберлер жасаған ұлттық нақыштағы бұйымдармен танысты. Инвесторлар өңірдің қолөнер саласына деген әлеуетін жоғары бағалады.

Айта кетейік, Түркістанда өткен халықаралық инвестициялық форумға әлемдік компаниялардың өкілдері қатысты. Форум аясында өңірдің экономикалық дамуына серпін беретін бірнеше жоба бойынша ынтымақтастық меморандумдары жасалып, оларды жүзеге асыру бағыттары талқыланды.

Халықаралық форумның негізгі мақсаты – Түркістан облысының инвестициялық әлеуетін таныстырып, шетелдік компаниялармен экономикалық байланыстарды арттыру және әртүрлі бағыттағы өндіріс орындарын дамыту.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You