Таза Қазақстан: Ордабасы ауданында табиғатты көркейту шарасы ұйымдастырылды

Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» акциясы аясында «AMANAT» партиясының бастамасымен «Таза бейсенбі» шарасы жүйелі түрде жалғасып келеді.

Бүгін дәстүрлі экологиялық шара ауданымыздың орталығы – Темірлан елді мекенінде өтті. Қоршаған ортаның көркін арттыруға бағытталған бұл бастама аясында арнайы қоршалған аумақта тал егу жұмыстары жүргізілді.

Жасыл желекке айналар аумақтағы игі шараға «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбеталиев пен облыстық мәслихаттың депутаты Ғани Райымбеков, аудан әкімінің орынбасарлары Мейрамбек Ақмұратов пен Илияс Тұнияз, зиялы қауым өкілдері мен дербес бөлім қызметкерлері, партияның аудандық филиалы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанатының мүшелері және тұрғындар қатысты. Барлығы 100-ге жуық қатысушы бірлесе еңбек етіп, 200 түп тұя мен арша көшеттерін отырғызды.

Іс-шара барысында «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбетәлиев акцияның қоғам өміріндегі рөлінің маңыздылығын атап өтті. «Президентіміз бастамашы болған «Таза Қазақстан» акциясы – еліміздің экологиялық мәдениетін қалыптастырудағы маңызды қадам. Бұл бастамаға партия да өз үнін қосып, нақты істермен қолдау көрсетіп келеді. Таза орта – салауатты қоғамның кепілі. Әрбір егілген ағаш – келер ұрпаққа аманат. Сондықтан осындай шаралар арқылы адамдардың табиғатқа деген жауапкершілігін арттырып, экологиялық сана қалыптастыруымыз қажет», – деді Алтынсары Дүйсенбекұлы.

Бұл игі шара экологиялық мәдениетті қалыптастырумен қатар, жастарды және жалпы аудан тұрғындарын табиғатты қорғауға, туған жерге сүйіспеншілікпен қарауға шақыратын өнегелі үлгі болды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You