
«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында бүгін кезекті рет жалпықалалық сенбілік өткізілді. Қала әкімдігінің басқармалары мен құрылымдық бөлімдерінің қызметкерлері белгіленген аумақтарда санитарлық тазалау жұмыстарын жүргізді.
«Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында қалада сенбілік іс-шаралары тұрақты өткізіліп келеді. Бүгін де қаланың аудан аумақтарында басқарма қызметкерлері, қала тұрғындары тағылымды іс-шарадан шет қалмай, жақсы іске жұмыла кірісті. Атап айтқанда, мәдениет басқармасына қарасты мекеме қызметкерлері Сырым батыр көшесі (А-2 тас жолынан Қайнарбұлақ саяжайына дейін) бойын қоқыстан арылтты. Жұмат Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театры ұжымы Сырым батыр көшесінің басынан ортасына дейінгі аумақта сенбілік жұмыстарын атқарып, жалпы 100-ге жуық қызметкер тазалыққа үлес қосты.
Сондай-ақ бүгін “Таза Қазақстан” республикалық экологиялық акциясы аясында Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының қызметкерлері де жалпықалалық сенбілікке шықты. Акцияның басты мақсаты қаланың тазалығын сақтап, экологиялық мәдениетті арттыру болып табылады. Сенбілік барысында басқарма қызметкерлері Еңбекші ауданы аумағындағы көпқабатты тұрғын үй аулаларын тазарту жұмыстарын жүргізді. Олар аумақты қоқыстан тазалап, жасыл желектерді күтіп-баптап, таза әрі жайлы орта құруға өз үлестерін қосты.
«Бұл шара экологиялық жауапкершілікті қалыптастыру мен табиғатты қорғауға деген тұрғындардың санасын оятуға бағытталған. Қызметкерлер өз іс-әрекеттері арқылы қоғамның экологиялық санасын көтеруге ықпал етті», — дейді ішкі саясаттағылар.
Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ұжымы да “Таза Қазақстан” республикалық экологиялық акциясының аясында жалпықалалық сенбілікке шықты. Акция барысында мекеме қызметкерлері Төлеген Айбергенов көшесінің бойындағы ирригациялық арықтар мен тұрғын үй аулаларын, жолдарды қоқыстан тазартты.
Мекеме мамандары бекітілген аумақты қоқыстан тазалап, жасыл желектердің айналасын ретке келтіріп, қаланың көркін арттыруға бағытталған жұмыстарды атқарды. Бұл іс-шара қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастыру мен тұрғындар арасында экологиялық жауапкершілікті арттыруға бағытталған маңызды қадам болып табылады.
«Аталған бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта жалғасын табатын болады», — дейді жауаптылар.
Аталған іс-шара аясында қала аумағын қоқыстан тазарту мақсатында мәдениет мекемелері мен басқарма қызметкерлерінен құралған 900 адамдық флешмоб ұйымдастырылды.
Қаланың тазалығы — баршаға ортақ міндет. Аудан ардагерлері мен белсенді азаматтар оң бастамаға үнемі қолдау көрсетіп, ұйымшылдығын танытып келеді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
