«Таза Қазақстан»: Түркістан облысы аумағында аудан, қалаларда жасыл желектерді күтіп ұстау және тазалау іс-шаралары тұрақты түрде атқарылып келеді

Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сүйенсек, облыс аумағында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында аудан һәм қалаларда жасыл желектерді күтіп ұстау және тазалау іс-шаралары тұрақты түрде атқарылып жатыр. Биыл облыс аумағында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында 7 263 тазалық іс-шара жоспары бекітіліп, бүгінгі таңға толық орындалыпты. Жыл басынан іс-шараға 1 миллионнан астам тұрғын қатысып, 6 998 арнайы техника жұмылдырылып, көшелерде һәм қоғамдық орындарда, аулалар мен саябақтарда тазалау жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 1 миллионнан астам көшет отырғызылып, 16 624 тонна қоқыс шығарылды.

Сондай-ақ насихаттау жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. Бүгінгі таңға бұқаралық ақпарат құралдарында 609 арнайы бейнеролик, телеарналарда — 175, пабликтерде 13 379 ақпарат жарияланып, 101 дана билборд орнатылды. Бүгінгі күнге «TazaQazBot» ақпараттық жүйесіне 3 423 өтінім түсіп, оның 3 420 өтінімі орындалып, 3-еуі — орындалу барысында. Сондай-ақ қоғамдық орындарда санитарлық талаптардың сақталуын бақылау мақсатында тиісті іс-шаралар жүргізілуде. Бүгінгі таңға бұл бағытта санитарлық талаптарын сақтамаған тұлғаларға 27 137 хаттама толтырылып, жалпы 554,1 миллион теңгеге айыппұл салынды (өндірілген қаржы: 317,9 миллион теңге). Сонымен қатар 505 бап бойынша жергілікті атқарушы органдар тарапынан 4 745 хаттама толтырылып, 41,9 миллион теңгеге айыппұл салынған. Бұндай бұзушылықтардың алдын алу мақсатында тұрақты түрде түсіндіру және профилактикалық шаралар жүргізілу үстінде.

«Таза Қазақстан» бастамасы аясында облыстық «EcoAction» челленджі ұйымдастырылды

Сөзіміз құрғақ шықпасын, «Таза Қазақстан» шеңберінде жақын күндері өткен шаралардың бірқатарына тоқтала өтейік. Түркістан облысының жастары экологиялық тәрбие мен табиғатты қорғауды насихаттау мақсатында «EcoAction» челленджін ұйымдастырды. Іс-шара облыстағы аудан-қалалық «Жастар ресурстық орталықтарының» қатысуымен өтті. Бұл бастама Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының қолдауымен, «Жастар ресурстық орталығы» КММ ұйымдастыруымен жүзеге асырылып, өңірдегі 17 аудан мен қалаларға жолданды. Челлендж аясында облыс орталығының жастары сенбілік ұйымдастырып, оны аймақтарға әлеуметтік желі арқылы жолдады. Кейін өзге өңірдегі жастар челленджі жалғастырды.

Түркістан облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-ның басшысы Ернар Бектаевтың сөзінше, бұл бастама экологиялық мәдениетті нығайтуға, жастар арасындағы ынтымақтастық пен жауапкершілікті арттыруға бағытталған.

«Табиғатты қорғау мақсатында ұйымдастырылған «EcoAction» челленджі экологиялық мәдениеттің жаңа деңгейге көтерілуіне жол ашып, өңірлік жастар қауымдастығына үлгі болуда. Сондай-ақ, жастардың қоғамдағы маңызды мәселелерге бейжай қарамайтынын, табиғатқа деген жауапкершілігін және болашаққа деген қамқорлығын көрсетеді. Мұндай игі шаралар өңірде алдағы уақытта да ұйымдастырылады», — дейді орталық басшысы.

Түркістан шаһарында Халықаралық сыбайлас жемқорлықпен күрес күніне орай ағаш отырғызу шарасы өтті

Тағы бір шара хақында. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» бағдарламасы Түркістан облысында жүйелі жалғасуда. Аталған бастама аясында 9 желтоқсан – Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа күрес күніне орай ағаш отырғызу шарасы өтті. Шара барысында «Бірлік аллеясы» ашылып, 150-ге жуық ағаш егілді.

Түркістан қаласындағы «Парасат» саябағында өткен шараға Түркістан облысының мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов пен облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы, әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Абылайхан Наурызбаев, басқарма және департамент басшылары, мемлекеттік қызметшілер мен ерікті жастар қатысты.

– Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күнін ағаш отырғызу арқылы атап өту үлкен символдық мәнге ие. Себебі, жемқорлыққа қарсы күрес те дәл осы табиғат сияқты табандылықты, тазалықты және жаңаруды талап етеді. Ағаш отырғызу арқылы біз қоғамда жаңаруға деген ұмтылысты бекітіп, келешек ұрпаққа аманат қалдырамыз, – дейді Нұралы Әлмаханұлы.

Өз кезегінде облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Әбдісаттарұлы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 5 жыл ішінде 2 миллиард түп ағаш отырғызу жөніндегі тапсырмасы аясында облыста нақты жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті. Ол табиғатты аялау мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте бірлесе жұмыс істеуге шақырды.

Шара соңында концерттік бағдарлама ұсынылды. Жалпы ағымдағы жылдың күзгі маусымында өңірде 500 мыңнан астам ағаш отырғызу жоспарланған. Қазіргі таңда орман шаруашылығы мекемелерінен 400 мыңнан аса көшет босатылып, егілуде. Олардың қатарында қарағай, терек, қарағаш және үйеңкі сынды ағаш түрлері бар. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады.

Ал 11 желтоқсан күні «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында «Түркістан Ахмет Ясауи» кәсіби колледжінде қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне арналған кездесу ұйымдастырылды. Іс-шараға Түркістан облысы бойынша экология департаменті басшысының орынбасары Н.Садыков, колледж директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ш.Надирбаев және оқу ордамыздың белсенді студенттері қатысты. Кездесудің мақсаты – студенттермен тиімді кері байланыс орнату, экологиялық мәселелер бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу және жастардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру.

Іс-шара барысында Нұрбек Садыков қоршаған ортаны қорғауға бағытталған экологиялық заңнама талаптары туралы кең көлемде ақпарат берді, азаматтардың экологиялық құқықтары мен міндеттері жайлы түсіндірме жасады, студенттер тарапынан қойылған өзекті сұрақтарға нақты және толық жауаптар ұсынды. Кездесу барысында жастардың экология саласына деген қызығушылығы мен белсенді ұстанымы байқалды. Аталған іс-шара қоғам мен мемлекеттік органдар арасындағы сенімді нығайтуға, жастардың экологиялық жауапкершілігін арттыруға, сондай-ақ табиғатқа ұқыпты қарауды дәріптеуге бағытталған маңызды қадам болды.

«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында биыл республика бойынша 2,8 миллионнан астам ағаш отырғызылды, 1 миллион гектардан астам жер тазартылды, шамамен 800 мың тонна қалдық жиналды

Желтоқсанның 4-інде Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасын жүзеге асыру мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың табиғатты қорғау іс-шараларын жүргізу, ағаш отырғызу, заңсыз қоқыс алаңдарын жою, ҚТҚ өңдеу жобаларын жүзеге асыру туралы баяндамасы тыңдалды. Сондай-ақ Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова халық арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру мәселелері бойынша сөз сөйледі.

«Президентіміздің “Таза Қазақстан” бастамасы кең ауқымды жалпыұлттық қозғалысқа айналды. Мәселе тек ағаш отырғызу және қоқыс тазарту туралы болып отырған жоқ. Табиғатты қорғау идеясына бүкіл қоғамды біріктіру, жайлы да таза қоршаған орта қалыптастыру ісіне әрбір адамның белсенді қатысуы – біздің жұмысымыздың басты нәтижесі болуға тиіс. Табиғи байлықты сақтау, ауа мен судың тазылығын қамтамасыз ету, ресурстарды ұтымды пайдалану – біздің алдымызда тұрған басым міндеттер. Мемлекет басшысының бастамасы бір күндік науқан емес, жаңа экологиялық мәдениетті, сондай-ақ азаматтарымыздың күнделікті өмір салтын қалыптастыруға бағытталған тұрақты жұмыс», — деп атап өтті Премьер-министр Олжас Бектенов. 

«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында биыл республика бойынша 1 250 экологиялық іс-шара өткізілді, оның ішінде аумақтарды жинау, көгалдандыру және экологиялық ағарту жұмыстары жүргізілді. 2,8 миллион-нан астам ағаш отырғызылды, 1 миллион гектардан астам жер тазартылды, шамамен 800 мың тонна қалдық жиналды. Осылайша, «Таза Қазақстан» акциясының нәтижесінде коммуналдық шаруашылықтың жүргізіліп жатқан қызметімен бірлесіп қалалар мен ауылдарда 3,8 миллион ағаш отырғызылды. Бүгінгі таңда 18 миллион-нан астам ағаш отырғызылды, бұл Президенттің 2025 жылға дейін елді мекендерде 15 миллион көшет отырғызу міндетіне жауап береді. 

Заңсыз қоқыс алаңдарын жою жұмыстары жалғасуда. Құқық қорғау органдарымен бірлесе 1 300-ден астам мобилді топ жұмыс істеуде. Биыл ғарыштық мониторинг арқылы 3 833 полигон анықталды, олардың 80%-ы жойылды. 165 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, жалпы 12,4 миллион теңге көлемінде айыппұл салынды. 

Жыл басынан бері @TazaQazBot телеграмм-чат платформасы арқылы 24 мыңнан астам өтінім түсті, оның 23 мыңнан астамы орындалды. Келіп түскен өтініштердің дені аумақтарды тазарту (8524), тұрмыстық қоқыстарды шығару (1709), көшелерді абаттандыру (1675) және жолдарды жөндеу (1480) жұмыстарына қатысты.

«Таза Қазақстан» бастамасындағы негізгі аспектілерінің бірі – қалдықтарды жауапкершілікпен өңдеу. Өңірлердің экологиялық қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін 8 жаңа ҚТҚ полигоны пайдалануға берілді. Қалдықтарын жинау, сұрыптау және қайта өңдеу бойынша, оның ішінде кәдеге жарату алымынан түсетін қаражат есебінен жалпы құны шамамен 89,4 миллиард теңгені құрайтын 22 инфрақұрылымдық жоба жүзеге асыру сатысында тұр. Тағы 40 жоба бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жалпы, Кешенді жоспарда қатты тұрмыстық қалдықтар бойынша 100 полигон салу көзделген.

Сондай-ақ Ерлан Нысанбаев Астана, Алматы және Шымкент қалаларында 3 қоқыс өртеу зауытын салу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады. Биыл жалпы құны 293 миллиард теңгені құрайтын инвестиция туралы тиісті келісімдерге қол қойылды. Сонымен қатар кәдеге жарату қаражаты есебінен құрамында тұрақты органикалық ластаушы заттары бар қалдықтарды басқаруға және сот шешімімен республикалық меншікке берілген иесіз қауіпті қалдықтарды жою көзделеді.

Премьер-министр жұмыс қарқыны баяу Абай және Ұлытау облыстары әкімдерін тыңдады: өңірлерде полигондардың 36% және 53%-ы ғана жойылған. Олжас Бектенов тұрмыстық қатты қалдықтарға қатысты жағдайды түзету бойынша шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды. Сондай-ақ Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай және Жетісу облыстарының әкімдіктері жыл соңына дейін заңсыз қоқыс алаңдарын жою жұмыстарын аяқтауы қажет. Полигондар құрылысын жеделдету тапсырылды.

Биыл шамамен 6,5 миллион қазақстандық экологиялық акцияларға қатысты. Премьер-министр жастарға ерекше көңіл бөле отырып, халық арасында кең ауқымды ақпараттық жұмыс жүргізудің маңыздылығын атап өтті.

Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева экологиялық мәдениет қалыптастырудың жаңа тәсілдері туралы айтты. «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы арқылы өскелең ұрпақ бойына еңбекқорлық, отансүйгіштік, экологиялық жауапкершілік құндылықтарын сіңіруде. Бүгінгі таңда оқушылардың 87,2%-ы қосымша экологиялық біліммен қамтылған. Олар үшін экология, биология, туризм, өлкетану және басқа да бағыттар бойынша клубтар мен үйірмелердің 380-ге жуық түрі жұмыс істейді.

Қазіргі уақытта еліміздегі 35 жоғары оқу орнында экология саласы бойынша мамандар дайындайды. 2025–2026 оқу жылына «Қоршаған орта» бағыты бойынша 2358 мемлекеттік грант бөлінді. Жоғары оқу орындарында да еріктілік белсенді дамып келеді: студенттердің қатысу көрсеткіші 45%-ды құрады.

Сонымен қатар инженерлік экология, экоаналитика және тағы басқа саласында кадрлар даярлау жөніндегі білім беру бағдарламаларын жаңарту жүргізілуде, 2025–2027 жылдарға арналған ғылым желісі бойынша «Экология, қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды тиімді пайдалану» бағыты бойынша 318 жоба жүзеге асырылуда.

***

Президенттің орман қоры аумағында 2 миллиард ағаш отырғызу жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру барысы жеке мәселе ретінде қаралды.

Экология министрінің айтуынша, 2021–2025 жылдар аралығында республика бойынша жалпы ауданы 918,4 мың гектар алқапқа 1 миллиард 470 миллион ағаш егілді, оның ішінде биыл 320 миллион көшет отырғызылды.

«Семей орманы» МОТР жабық тамырлы көшеттер өсіру тәжірибесі 5 өңірде – Алматы, Шығыс Қазақстан, Павлодар және Қостанай, Абай облыстарында кеңейтілуде. Отандық ағаш тәлімбақтарында өсірілген көшеттердің өмір сүру деңгейі 90%-ға жетеді. Келесі жылдың басында сыйымдылығы жылына шамамен 6 миллион көшет егуге жететін орман тұқымын өндіру бойынша жаңа 6 кешеннің құрылысы басталады.

Арал теңізінің құрғаған түбінде табиғи экожүйелерді қалпына келтіру жөніндегі халықаралық жоба шеңберінде Қазалы қаласында қуаттылығы 3 миллион данаға дейін сексеуіл көшеттері бар тәлімбақ салынды. Құрғатылған теңіз түбінде тағы бір тәлімбақ салу және «Арал Орманы» резерватын құру бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Ақмола, Ақтөбе және Қызылорда облыстары әкімдіктері басшылығының есебі тыңдалды, онда ағаш отырғызу және тұқым жинау бойынша кемшіліктер бар.

Премьер-министр Олжас Бектенов әкімдіктер ағаш отырғызуды сапалы қамтамасыз ету және тәлімбақтар құру бойынша тиісті шаралар қабылдауы тиіс екенін атап өтті. Бұл жағдайда егілген көшеттердің санына ғана емес, олардың жерсініп кетуіне де назар аудару керек.

Бақылауды күшейту үшін Премьер-министрдің төрағалығымен «Таза Қазақстан» Президент бастамасының жүзеге асырылу барысына мониторинг жүргізу жөніндегі орталық құрылады. Жауапты мемлекеттік органдар жүргізіліп жатқан жұмыс туралы ай сайын баяндайтын болады.

Түйін: Қалай десек те, Түркістан облысында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы жұмыстар қарқынды. Жыл бойына облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен мәжілістерде осы бағыттағы жұмыстар ауықауық талқыланды. «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы жұмыстар көктем мен жазда ғана емес, жылдың 4 мезгілінде де жалғасады. Әлі де тазалық бойынша мәселелер бар. Оны аудандарға іссапар барысында көріп жүрміз. Жұмысты жүйелей түсу керек, – деген Нұралхан Көшеров жауапты басқарма басшысы мен аудан, қала әкімдеріне нақты міндеттер жүктегенін талай көрдік.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You