«Туған елге тағзым» өлкетанулық-зерттеу экспедициясының алғашқы күні Түркістан тарихын тануға арналды

Түркістан НЗМ-де «ТЕТ-2022» жобасы алғаш рет бастау алды. Экспедицияның алғашқы күні түркі елдерінің рухани астанасы атанған тарихи шаһар Түркістанның тарихын тануға арналды.
Бағдарлама бойынша оқушылар орта ғасыр сәулетінің жауһары, ЮНЕСКО-ның әлемдік мұра тізіміне енген – Қожа Ахмет Яссауи кесенесімен, кесене маңындағы түрлі сәулет өнерінің ескерткіштерімен танысты. Экспедицияға қатысушы «Тайқазан» шаңырағы өз шаңырақ атауымен бірдей, кесенедегі алты ғасырлық тарихы бар қасиетті, алып қазан «Тайқазанның» тарихымен тереңінен танысып, айрықша мағлұматтар алды.
Сонымен қатар, кесенеден оңтістікке қарай 120 км қашықтықта орналасқан, ХІІ ғасырда салынған ортағасырлық діни сәулет құрылыстарының бірі «Қылует» жер асты мешіті мен кесене маңындағы айрықша архитектуралық ескерткіш, жартылай жер астына салынған көп күмбезді құрылыс, күйдірілген шаршы кірпіштен қаланған – «Шығыс моншасының» құрылыс барысымен толықтай танысты.
Экспедиция барысы тарихи жәдігерлерге толы «Ұлы дала елі» орталығында жалғасты.
Аталмыш орталық, Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласын көрнекті түрде ұсынуға және Ұлы Дала Елі Ұлттық брендін танымал етуге бағытталған жәдігерлер орны болып табылады. 9 экспозициялық аймақтан тұратын орталықтың кіреберісінде ең бірінші көзге түсетін «Өмір ағашы — Бәйтерек» экспозициясы оқушыларға ерекше таңданыс тудырды. Себебі көне түркі халықтарының наным сенімі бойынша өмір ағашы Бәйтерек үш әлемді байланыстырушы, яғни ағаштың тамыры жер асты әлемін, ағаштың өзі, діңі жер бетін, ал тәжі көкті байланыстырушы деп сенетін болған.
Зияткерлер тек тарихи-мәдени жерлерді аралап қана қоймай, өңірдегі кәсіпорындарды аралауда зерттеу жұмыстарын жүргізді.
Түркістан облысындағы ірі өндіріс орындарының бірі «Grand Miks» жиһаз фабрикасы бүгінде Қазақстанның барлық өңірлерінде өз тауарларын өндіруде. Аталмыш фабрика 2020 жылы елімізде үздік өнімдерді өндіруде Елбасының «Алтын сапа» сыйлығымен марапатталған.
Экспедиция барысында оқушыларымыз фабрикадағы қайнаған жұмыс ортасында жиһаз өндіру жұмыстарымен тікелей танысып, өндіріс орнын таныстырып жүрген жауапты маманға өздерінің туындаған сұрақтарын қойды.
Айта кетейік, кәсіпорын бүгінде Қазақстанның барлық өңірлерінде өз тауарларын өндіріп қана қоймай, көрші елдерге өз тауарларын экспорттайды. Қырғызстан мен Тәжікстан мемлекетінде өз филиалдары да бар.
Экспедициясының алғашқы күнін қорытындылаған зерттеу нысаны «Ботаникалық бақ» болды. Бақта зияткерлер түрлі өсімдіктердің түрлерімен танысып қана қоймай,олардың даму сатысын бақылап,керекті мәліметтерді өздеріне түртіп алды. Мектебіміз «Ботаникалық бақпен» серіктестік орнатып,зияткерлер киелі Түркістанды абаттандыруға сөз берді.
Айта кетейік, «Туған елге тағзым» экспедициясының алғашқы күні Түркістан қаласының мәдени ошақтары мен өндіріс орындарын аралаумен өтті. Бұл өлкетанулық саяхат 5 күнге созылатын болады.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.