«TURKISTAN INVESTMENT AND TOURISM FORUM – 2024» халықаралық инвестициялық форумы шеңберінде Түркістан қаласының әкімі инвесторлармен кездесті

Бүгін Түркістан қаласында өтіп жатқан халықаралық инвестициялық форумға әлемнің алпауыт компания өкілдері қатысуда. Форум аясында қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы түрлі саладағы инвесторлармен келіссөз жүргізді.

Халықаралық инвестициялық форумға Қытай Халық Республикасынан 120 компания және Қазақстанның өңірлерінен 100-ден астам ірі компания өкілдері қатысты.

Бүгінгі келіссөзге қатысқан инвесторлар қатарында лифт зауыты – «Giant Intelligent Elevator Co», механика және электр құралдарын өндіретін – «Sichuan Hongji Engineering Management Co» компаниясы, жолдар, абаттандыру, сумен жабдықтау саласындағы құрылыс өнімдерін шығаратын – «Hubei Xiaode Engineering Co» және өзге де басқа компания өкілдері бар.

Келіссөздер аясында ынтымақтастық танытқан компаниялармен екі жақты меморандумға қол қойылды.

Жалпы, осыған дейінгі ҚХР тарапынан Түркістан қаласының негізгі каптиталына тартылған инвестиция көлемі 78,2 миллиард теңге болатын және 1910 жұмыс орнымен қамту мүмкіндігі бар 3 жоба іске асырылуда. Оның ішінде жүзеге асырылған «Golden Camel» ЖШС бар.

Ал алдағы уақытта тартылатын инвестиция құны 141,5 миллиард теңге болатын және 790 жаңа жұмыс орнымен қамту мүмкіндігі бар 6 жобаның іске асырылуы жоспарланып отыр.

Естеріңізде болса, Түркістан шаһарында «TURKISTAN INVESTMENT AND TOURISM FORUM – 2024» халықаралық инвестициялық форумы кеше басталды. Іс-шараға отандық және шетелдік инвесторлар мен жергілікті атқарушы билік органдарының өкілдері қатысып жатыр.

Ең алдымен халықаралық форумға келушілер назарына көрме ұсынылды. Онда инвесторларға Түркістан өңірінің қолөнері, туристік дестинациялары таныстырылып, таза табиғи ауыл шаруашылығы өнімдері көрсетілді. Сондай-ақ облыста жүзеге асырылып жатқан жаңа жобалар да таныстырылды.

Форум аясында «Түркістан – Ұлы Жібек жолындағы халықаралық ынтымақтастықтың орталығы» тақырыбында мемлекеттік органдар, бизнес және халықаралық ұйым өкілдерінің қатысуымен пленарлық отырыс өтті. Онда Орталық Азия тарихи-дипломатиялық қоғамдастығының төрағасы Серік Нарысов модератор болды.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды форумға арнайы келген шетелдік инвесторларға алғысын айтты.

– Түркістан қаласында ұйымдастырылып отырған халықаралық инвестициялық форумға қош келдіңіздер! Бүгінгі форум жаңа бастамаларды және инвестициялық жобаларды іске асыруға арналған маңызды алаң. Халықаралық инвестициялық форумға Қытай Халық Республикасынан 120 компания және Қазақстан өңірлерінен 100-ден астам ірі компания өкілдері қатысуда. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев пен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин осы күнге дейін бірнеше рет кездесіп, екі жақты қатынастарды дамытуға бағытталған аса маңызды құжаттарға қол қойған. Екі ел арасындағы экономикалық байланыс нығая түсуде. Соңғы 20 жылда Қытайдан тартылған инвестициялардың жалпы көлемі 44 миллиард АҚШ долларын құрады. Түркістан облысы құрылғаннан бастап, Қытай капиталының қатысуымен жалпы құны 110 миллион АҚШ долларын құрайтын 4 инвестициялық жоба іске қосылды. Түркістан облысының әлуеті өте жоғары. Ауыл шаруашылығы, өндіріс, туризм және барлық салаларда инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік мол. Өңірде инвесторларға дайын инфрақұрылымы бар ғимараттарды ұсынатын индустриалды аймақтар және дайын ғимараттар орнатылған шағын өнеркәсіптік парктер бар. Жоғарыда аталған инвестициялық алаңдарда бірлескен жобаларды жүзеге асыруға шақырамын, – деген Дархан Сатыбалды өңірдің инвестициялық әлеуеті туралы кеңінен баяндады.

Пленарлық отырыс барысында Қытай Халық Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулының орынбасары Люй И сөз алып, халықаралық іс-шараның елдер арасындағы достықты нығайтудағы маңызы туралы айтты. Сонымен бірге спикерлер қатарында ҚР Ауыл шаурашылығы министрлігі мен кәсіпкерлік саласының өкілдері де болды.

Форум жұмысы әрі қарай тақырыптық панельдік отырыстарға жалғасады. Халықаралық маңызы бар құжаттарға қол қойылып, ынтымақтастық артады.

Айта кетейік, Түркістан облысында негізгі каптиталға тартылған инвестиция көлемі былтырғы жылдың қорытындысы бойынша 972 миллиард теңгені құрап, триллионға жуықтаған. Бұл көрсеткіштер аймақта өндірістің дамып, өнеркәсіптің дамып жатқанын айғақтайды. Әрі өңірде былтыр өңдеу өнеркәсібінде 20 инвестициялық жоба толық іске қосылып, жаңа жұмыс орындары ашылды.

Халықаралық форумның негізгі мақсаты – Түркістан облысының инвестициялық әлеуетін таныстыру және өңірдің шет елдермен экономикалық байланыстарын нығайту. Инвестиция тартып, өндіріс орындарын көбейту.

Түркі әлемінің туристік астанасында өтіп жатқан «TURKISTAN INVESTMENT AND TOURISM FORUM – 2024» халықаралық инвестициялық форум жұмысы әрі қарай «Өңдеу және өнеркәсіп саласындағы Қазақстан-Қытай инвестициялық ынтымақтастығы», «Қытайдың Қазақстандағы туризм жылы – 2025» және «Цифрлық трансформация» атты тақырыптық панельдік отырыстарға жалғасты.

Жиын барысында жалпы құны 301 миллиард теңгеден асатын 35 ынтымақтастық меморандумына қол қойылды. Бұл келісім аясында өңірде жаңа жобалар жүзеге асырылмақ. Айта кетейік, форум бизнес пен инвесторлар үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, Түркістан облысының халықаралық ынтымақтастықтағы стратегиялық маңыздылығын көрсетеді.

Жалпы Түркістан облысында 2027 жылға дейін жүзеге асатын 145 инвест жобаның пулы қалыптасқан. Бұл жобалар 17 мың жаңа жұмыс орнын ашып, өзіндік кірісті қосымша 100 миллиард теңгеге ұлғайтуға мүмкіндік береді деп күтілуде. Сондай-ақ өңірде 594 гектарды құрайтын 10 индустриалды аймақ және 580 гектардан тұратын арнайы экономикалық аймақтар бар. Онда 49 кәсіпорын жұмыс істейді. Қосымша 39 жобаның құрылысы жүргізіліп жатыр.

Айта кетейік, Түркістанда қазір өңірдің бар әлеуетін пайдаланып, дайын өнім шығаруға басымдық берілген. Осы мақсатта және өңірге инвестиция тарту жұмыстарын күшейту үшін аудан және қала әкімдіктері, бизнес өкілдерімен бірлесе Қытай Халық Республикасына іс-сапарлар ұйымдастырылды. Оның нәтижесінде Қытай Халық Республикасының жаңа технологиясы және қытайлық инвесторлардың капиталымен бірқатар жобалар бастау алды. Ал өңір экономикасына шамамен 1,2 триллион теңге инвестиция бағытталады. Ірі жобалардың қатарында текстиль кластерін құру, күн және жел электростанциясының құрылысы сияқты ірі жобалар бар.

Бұл халықаралық форум дәл осы сапарлардың ресми жалғасына айналып, мемлекет пен бизнес арасындағы өзара диалогтың маңызды алаңы болып отыр. Форумдағы келісімдер арқылы Түркістан облысында түрлі бағытта маңызды жобалар жүзеге асып, өндіріс орындары көбеймек.

Бүгін Түркістан қаласында «TURKISTAN INVESTMENT AND TOURISM FORUM – 2024» халықаралық форумы әрі қарай панельдік отырыстарға жалғасты. Соның бірі – «Өңдеу және өнеркәсіп саласындағы Қазақстан-Қытай инвестициялық ынтымақтастығы» отырысы.

Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары – Нұралхан Көшеров пен Нұрбол Тұрашбеков, сонымен қатар екі елдің танымал бизнес көшбасшылары мен сарапшылары, инвестициялық компаниялардың басшылары мен қаржы және халықаралық ұйымдардың өкілдері, жергілікті кәсіпкерлер қатысты. Кездесуді «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Тимур Нақыпбеков жүргізіп отырды.

Мұнда Қазақстан мен Қытай елдерінің инвестициялық ынтымақтастығының маңызды аспектілері мен мүмкіндіктері кеңінен талқыланды. Экономикалық өсім мен дамуына септігін тигізетін бірлескен жобалар ортаға салынды. Түркістан облысы тарапынан инвесторларға қай салаға инвестиция жасау тиімді болатыны, сонымен қатар осы бағыттағы ұсынылатын жеңілдіктер, қаржыландыру бағдарламалары түсіндірілді. «Ауыл шаруашылығы – мықты экономиканың негізі» тақырыбында баяндама жасалып, өңірдің осы саладағы жетістіктері таныстырылды. Спикерлер аталған талқылауға өзінің құнды идеялары мен үлестерін қосты.

Панельлдік отырыс аясында ынтымақтастық туралы бірқатар меморандумдарға қол қойылды. Бұл өз кезегінде ынтымақтастықты нығайту және маңызды жобаларды жүзеге асыру жолындағы маңызды қадам болмақ. «Мұндай бастамалар инвестиция мен ынтымақтастық үшін жаңа көкжиектер ашуға және өзара тиімді қарым-қатынастарды дамытуға ықпал етеді. Сонымен қатар аталған келісімдер инвестициялық белсенділік үшін қолайлы жағдай жасап, Қазақстан үшін де, Қытай үшін де пайдалы жаңа бастамаларды дамытуға мүмкіндік береді» дейді қатысушылар. Форум әрі қарай B2B және G2B форматындағы пікір алмасуға ұласты. Онда форум қатысушылары нәтижелі диалог құрып, тәжірибелерімен бөлісті.

Айта кетейік, өңірдегі басты халықаралық оқиғаның негізгі мақсаты да бизнесті дамытуды ынталандыру, жаңа инвестициялық мүмкіндіктер ұсыну, сондай-ақ, Түркістан облысы мен Қытай Халық Республикасының провинциялары арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге және интеграцияны тереңдетуге бағытталған. Бұл іс-шара аймақты жаңа әлемнің негізгі экономикалық және іскерлік орталықтарының біріне, сондай-ақ ірі корпорациялар мен бөлшек саудагерлер үшін стратегиялық нарыққа айналдыруға мүмкіндік бермек.

Бұдан бөлек «TURKISTAN INVESTMENT AND TOURISM FORUM – 2024» халықаралық инвестициялық форумы аясында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды шетелдік инвесторлармен G2В форматында кездесу өткізді. Өңір басшысы аймақтың инвестициялық әлеуеті туралы айтып, әрбір инвестордың облыс экономикасына тиімді жобасы назарға алынатынын, қолдау көрсетілетінін жеткізді.

Жалпы жиырмаға жуық инвестормен кездесу өткізілді. Қытайлық инвестор жеделсаты шығаратын зауыт ашу ұсынысын жеткізді. Қазақстандағы және көрші елдердегі нарықты зерттеп, Түркістан облысында жұмысын бастағысы келетінін айтты. Ал келесі инвестор аймақта кілем, перде және түсқағаз шығаратын өндіріс орнын ашуға ниетті. Халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілетті өнім шығаруға қауқарлы компания өкілдеріне тиісті қолдау көрсетілетіні айтылды.

– Біз бірлескен жобаларға, жұмыс орнын ашып, өңірдің өндірістік әлеуетін көтеретін бастамаларға әрқашан қолдау көрсетеміз. Мемлекет басшысының инвесторларды қолдау, отандық өндірісті дамыту жөніндегі тапсырмасы бар. Осында зауыт ашып, отандық өнім көлемін арттырсаңыздар мемлекет тарапынан жергілікті кәсіпорындардың өнімдерін алуға басымдық беріледі. Жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндіктер қарастырылған. Арнайы экономикалық аймақ, индустриалды аймақтар және өндірістік парктер бар. Бірлесе жұмыс істеуге дайынбыз, – деді Дархан Сатыбалды.

Бетпе-бет жүздесуде сиыр және тауық етін өндіріп, экспорттау, тауық жемін шығаратын цех ашу, электр қуатын өндіру, үлкен музыкалық субұрқақтар, жарық пен көлеңке шоулары, ғимараттарды сыртқы жарықтандыру жобалары ұсынылды. Сондай-ақ құрылыс, логистика, тұрмыстық заттар шығару және өзге де салалар бойынша келіссөздер жүргізілді.

Айта кетейік, Түркістан облысында негізгі каптиталға тартылған инвестиция көлемі былтырғы жылдың қорытындысы бойынша 972 миллиард теңгені құрап, триллионға жуықтаған. Бұл көрсеткіштер аймақта өндірістің дамып, өнеркәсіптің дамып жатқанын айғақтайды. Өңірде былтыр өңдеу өнеркәсібінде 20 инвестициялық жоба толық іске қосылып, жаңа жұмыс орындары ашылды. Облыста өндіріс орындарын ашу, инвестиция тарту бағытындағы жұмыстар жалғасады.

Түркістандағы халықаралық форумда туризмді дамыту жолдары да сараланды. Келелі басқосуға отандық және шетелдік инвесторлар мен жергілікті атқарушы билік органдарының өкілдері қатысты.

Форумның пленарлық сессиясы әрі қарай тақырыптық панельдік отырыстарға жалғасты. «Қытайдың Қазақстандағы туризм жылы – 2025» тақырыбында өткен сессияда Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов форумның маңыздылығына тоқталып, Түркістан облысы туризм саласында жоғары әлеуетке ие екенін атап өтті.

– Түркістан облысы – Ұлы Жібек жолының тарихи, әрі мәдени орталығы. Аймақтың мәдени, тарихи және табиғи байлықтары шетелден келетін туристердің қызығушылығын жылдан-жылға арттырып келеді. Бүгінгі форумды пайдалана отырып, біз Қытай Халық Республикасымен инвестициялық және туристік әріптестікті дамытуға үлкен үміт артып отырмыз. Өткен жылы екі елдің Мемлекет басшыларының «Визасыз режимді» қабылдаған сәтінен бастап туризм саласындағы байланыстар нығая түсті. Қытайдағы Қазақстанның туризм жылы аясында бірқатар туристік көрмелерде, роуд-шоуларда облыстың туристік әлеуеті таныстырылды және бірқатар келіссөздерге қол жеткізді. Келесі жылы Қазақстандағы Қытайдың туризм жылы аясында туризм және авиация салаларында көптеген бірлескен жобаларды іске асыруға дайынбыз. Жаңа туристік бағыттарда рейстерді ашу, бірлескен туристік маршурттарды жүзеге асыру, туризм және авиация саласындағы инвесторларға қолдау көрсетуге дайынбыз. Әрбір жоба біз үшін маңызды және сіздермен бірге жаңа бастамаларға қол жеткіземіз деп үміттенемін, – деді Зұлпыхар Сансызбайұлы.

Республика бойынша Түркістан облысы туристер үшін маңызды TOP туристік әлеуетке ие. Атап айтсақ, республикалық маңызы бар ескерткіштер бойынша бірінші орында, емдік-сауықтыру туризмі нысандарының саны бойынша бірінші орында тұр. Республика бойынша туризм саласына тартылған инвестициялар көлемі бойынша үшінші орынды алады. Облыста ЮНЕСКО-ның үш бірдей нысаны бар.

Туризм саласын дамыту мақсатында өңірге соңғы 5 жылда 800 млн. доллар инвестиция тартылды. Жылдан-жылға жаңа туристік жобаларды іске қосу арқылы шетелдік туристердің санын арттыру көзделіп отыр. Ол үшін, Түркістан қаласында ұлттық қолөнерді насихаттау және туристерге бірегей кәдесыйларды ұсыну мақсатында алаңы 2,5 гектарды құрайтын «Қолөнер қалашығы» жобасын келесі жылы іске қосу жоспарлануда.

Облыс әкімдігі туризмді дамыту және туристік инфрақұрылымдарды жақсарту үшін қолдау көрсетіп келеді. Сондай-ақ өңірдің халықаралық көлік логистикасына баса назар аударылып отыр. Өңірдегі жаңа халықаралық әуежай өз қызметін көрсетуде. Қазіргі әуежай – әлемдік стандарттарға сәйкес, ИКАО-ның 1-санаты бар жаңа нысан.

Облысқа келетін шетелдік туристер үшін халықаралық әуежайдың ұшу географиясын кеңейту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Қазір уақытта туристік чартерлік рейстерді ашу бойынша да келіссөздер жүргізілді.

Сессияда «Dalaman Airport» халықаралық әуежайының директоры Хамди Гювенч, Түркістан облыстық туризм басқармасының басшысы Нұрдәулет Медеуов, «Kazakh tourism» ұлттық компаниясы жобаларды сүйемелдеу департаментінің директоры Тұрсын Әлішер, Hubei miaoshang Group Industrial Co Ltd. төрағасы У Цзяньмяо, Wuhan Xinyatu International Travel Agency Co. Ltd. бас директоры Ван Ся баяндама жасап, өз ұсыныстарын айтты. Отырыста спикерлер өңірдің туристік әлеуетін арттыру, заманауи инфрақұрылымды құру және екі ел арасындағы туристік қарым-қатынасты нығайту бағытында бірге жұмыс істеуге дайын екендерін жеткізді.

Бұдан бөлек маңызды шарада салалық тақырыптар бойынша панельдік сессиялар ұйымдастырылды. Форумға қатысушы ҚХР және еліміздің бизнес сапаршылары мен көшбасшылары өздерін қызықтырған сала бойынша сессияларға қатысып, тәжірибе бөлісті. Өзара пікір алмасып, ұсыныстарын жеткізді.

«Цифрлық трансформациялар» тақырыбында өткен панельдік сессияда қатысушылар Түркістан облысының цифрлық дамуы туралы өз ойларын ортаға салды. Отырысты «Techno Woman» коммерциялық емес ұйымының басқарма төрайымы Азиза Шужеева жүргізіп отырды.

Кездесуде алғысөз алған Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов форумға қатысушыларға алғысын жеткізіп, өңірдің инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырды. Жаңа идеялар мен бастамалар Түркістан қаласын инновациялық дамыған қала ретінде қалыптастыруына елеулі үлес қосатынына сенім білдірді. Өңірде цифрландыру саласын дамыту үшін инвестициялық алаңдарда бірлескен жобаларды жүзеге асыруға шақырды.

Сессия барысында «Hikvision» компаниясының директорының орынбасары Тимон Ма, «Hikvision» компаниясының «Қауіпсіз қала» бағытының басшысы Алмас Құмбасов, «Intelligent flight technology» компаниясының Басқарма төрайымы Данся Сю, «Hainan business» компаниясының Басқарма төрағасы Цай Тунсин, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Мемлекеттік қызметтер комитеті төрағасының орынбасары Надир Құрымбаев,«Astana Hub» компаниясының бас директорының кеңесшісі Данабек Қалиаждаров, Өзбекстан Республикасындағы «School 21» мектебінің бас директоры Зарина Лухманова, «Alaqan technologies» компаниясының басқарушы директоры Аслан Төлегенов өз тәжірибелерімен бөлісті. Облыстық цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Марат Айнабеков өңірде бастау алған «Alaqan» жобасының тиімділігі туралы айтты. Екі елдің бизнес және жергілікті атқарушы билік органдарының өкілдері екіжақты қарым-қатынасты нығайтуға серпін беретін перспективалы жобаларды талқылады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арналған Жолдауында цифрландыру және елімізде инновацияларды енгізу мәселелеріне ерекше назар аударуды тапсырды. IT саласындағы білікті мамандарды даярлау арқылы Қазақстанды IT елге айналдыру стратегиялық міндетінің маңыздылығын атап өтті. Бұл бағытта Түркістан облысында қарқынды жұмыстар жүргізіліп, жаңа бастамалар қолға алынған.

Халық тығыз орналасқандықтан, аймақ үлкен кадрлық әлеуетке ие. Түркістан қаласында «Тurkіstan IT hub» орталығы ашылды. Бұл – IT саласындағы кәсіпкерлердің, жас мамандардың, инвесторлардың ынтымақтастығы үшін жағдай жасалған ашық алаң. Мұнда стартаптарды дамытуға, идеяларды іске асыруға толық мүмкіндік бар.

Бұдан бөлек, Түркістан қаласында кореялық «Вусонг» университетінің филиалы ашылмақ. «Вусонг» университеті жаңа білім беру стандарттарын әкеліп қана қоймай, сонымен қатар аймақ экономикасының дамуына ықпал ететін инновациялық жобаларды құрудың бастамасы болады.

Сонымен қатар, Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалды қытайлық ІТ компания өкілдерімен технологиялық парк ашу туралы келіссөздер жүргізген болатын. Келіссөздер нәтижесінде құрылысы жоспарланып отырған технологиялық парк аймақтың экономикалық және индустриялық дамуы үшін стратегиялық маңызды жобалардың біріне айналмақ. Жоба шеңберінде электроника, компьютерлік жабдықтар, электр жабдықтары, оптикалық кабельдер, тұрмыстық техника және электромобильдерді жөндеу мен техникалық қызмет көрсету орындарын, сондай-ақ электромобильдерге арналған қуаттау станцияларын құру көзделіп отыр.

Мұнан өзге Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды «TURKISTAN INVESTMENT AND TOURISM FORUM – 2024» халықаралық инвестициялық форумына келген инвесторлармен G2В форматында келіссөздер жүргізді. Талқыланған жобалар бойынша Түркістан брендімен шығарылатын тауарларды көбейтуге мүмкіндік мол.

Шетелдік инвесторлар Түркістанда өткен бизнес-форумның әлемдік аренадағы маңызды платформаға айналғанын айрықша атап өтті. Сондай-ақ Түркістан өңірінде жасалған қолайлы инвестициялық климат үшін алғыстарын білдірді. Бірқатар кәсіпорын басшыларымен облыс әкімі осыған дейінгі Қытай еліне жасаған жұмыс сапарында кездескен болатын.

Өңір басшысы Түркістан облысының инвестициялық әлеуетін және мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдауларын жеткізді. Сондай-ақ өңдеу өнеркәсібіне негізгі басымдық берілетінін айтты. 50-ге жуық азаматпен кездескен облыс әкімі бірлескен жаңа жобаларды бастаудың жолдарын түсіндірді. Өңір халқының еңбекқорлығын ерекше атап өтті. Жұмыс орындарын көптеп ашудың маңыздылығына тоқалды. Ауыл шаруашылығы дамыған аймақта өндіріс саласына қатысты жобаларға да мән берілетінін айтты. Қытайлық инвесторлармен құрылыс, тыңайтқыш өндіру, күн сәулесінен қуат алу, химиялық өңдеу, газ қазандықтарын жасап шығару, дрон өндірісі, сауда орталықтарын ашу, демалыс аймақтарын дамыту секілді жобалар жан-жақты талқыланды. Жүздесуде халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілетті өнім шығаруға қауқарлы компания өкілдеріне тиісті мемлекеттік қолдау көрсетілетіні айтылды.

– Біздің арнайы шақыртуымызды қабыл алып, еліміздегі халқы ең көп шоғырланған өңірге және тарихы терең Түркістан қаласына келгендеріңізге алғыс білдіремін. Түркістан өңірінде зауыт, фабрикалар ашып, жаңа бастамаларды жүзеге асыру үшін арнайы экономикалық аймақ, индустриалды аймақтар және өндірістік парктер бар. Бірлескен жобалалар үшін мүмкіндік мол. Біз бірлескен жобаларға, жұмыс орнын ашып, өңірдің өндірістік әлеуетін көтеретін бастамаларға әрқашан жан-жақты қолдау көрсетеміз, – деді Дархан Сатыбалды.

Сөз соңында тағы бір атап өтерлігі, Түркістан қаласының мәдени-рухани орталығында «TURKISTAN Sky auto fest – 2024» іс-шарасы басталды. Түркістан қаласының туристік әлеуетін арттыру мақсатында ұйымдастырылған шара аясында автокөліктер көрмесі, әуе шарларын ұшыру, қолөнершілердің шеберлік сағаттары, гасторномиялық шоу, концерттік бағдарлама ұсынылды. Іс-шараға Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды қатысып, қолөнершілер көрмесін аралады.

Авто фест – бірегей автокөліктер көрмесінде 200-ге жуық ретро және тюнингтелген автокөліктердің эксклюзивті модельдері қойылды. Қонақтар әртүрлі дәуірлер мен стильдердегі машиналарды тамашалап, автошоулар мен байқауларға қатысты. Автокөліктердің ерекше дизайндары, аудиожүйесі мен тюнинг жұмыстарына арналған байқау өтті. Көрермендердің дауыс беруі арқылы ең үздігі анықталып, мараратталды.

Сонымен қатар фестивальде әуе шарларының шоуы, параплан және дельтаплан көмегімен әсерлі түтіндер шоуы ұйымдастырылды. Жаппай аспанға көтерілген шарлар қонақтарға ерекше сезім қалдырғаны анық. Әуе шарын тек тамашалап қоймай, ұшу мүмкіндігі де қарастырылды.

Қоленершілер керамика, ағаш және былғарыдан ұлттық бұйымдар жасау, кілем тоқу, қыш құмыралар дайындау бойынша интерактивті сабақтар өтті.

Тағамдар көрмесінде жергілікті дәмханалар мен мейрамханалар өздерінің тағамдарын ұсынып, аспаздар тамақ пісіруден мастер-класс көрсетті.

Аниматорлар, акробаттар мен от шоуы туристік шараны әсерлендіре түсті. Келушілер түрлі ойындарға, викториналарға қатысып, уақытты қызықты өткізді.

Іс-шара концерттік бағдарламаға жалғасты. Концертті танымал DJ Shami, DJ Macarella және хэдлайнер Adil жандандырды. Фестиваль екі күнге жоспарланған.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin