Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Еуропа қайта құру және даму банкінің Орталық Азия бойынша басқарушы директоры Харгитай Жужаннамен кездесті. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Кездесуде Қазақстан Республикасының жасыл экономикаға көшу шеңберінде Шымкент қаласын дамыту, Қазақстанның «Жасыл қалалар» бағдарламасын енгізу және дамыту арқылы 2060 жылға қарай Париж келісімінің мақсаттарына және көміртегі бейтараптығына қол жеткізуі, ЕҚДБ-ның Қазақстандағы энергетика, көлік және коммуналдық инфрақұрылым және жасыл экономика саласындағы көрсеткіштері жайлы сөз қозғалды. Сондай-ақ, Шымкент қаласы мен ЕҚДБ арасындағы ынтымақтастықтың одан әрі басымдықтары талқыланды.
ЕҚДБ тарапынан Шымкент қаласында шағын және орта бизнес өкілдеріне қолдау білдіру жұмыстарының жалғасы табылатындығы жеткізілді.
Кездесу барысында қала әкімі ынтымақтастықты нығайтуға ниетті ЕҚДБ өкілдеріне алғысын білдіріп, тараптар өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Естеріңізге сала кетейік, жылдың басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропалық қайта құру және даму банкінің президенті Одиль Рено-Бассомен бейнебайланыс режимінде кездесу өткізген болатын. Кездесу барысында транзиттік тасымал, экономиканы декарбонизациялау, қаржы секторы салаларындағы бірқатар инвестициялық жобаны Қазақстанда жүзеге асырудың перспективалары талқыланды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропалық қайта құру және даму банкімен арадағы тиімді әрі ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың оң қарқынына көңілі толатынын атап өткен еді.
Еуропалық қайта құру және даму банкінің басшысы Қазақстанның көміртегіне бейтараптыққа қол жеткізу жөнінде мәлімдеген мақсаттары аясындағы ынтымақтастықты дамытуға дайын екенін нақтылады.
«Anyq.kz» — ақпарат