
Болгарияның төрағалығымен Париж қаласында ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұра комитетінің 47-сессиясы өтті. Оған үкіметаралық органның мүшесі ретінде Қазақстан делегациясы да белсенді түрде қатысты. Отандық делегацияның құрамында Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов арнайы жұмыс сапарымен барып, облыс тұрғындарын таза ауызсумен қамтамасыз етуге қатысты жобаларға тоқталды.
– Біз ЮНЕСКО мамандарының 2024 жылы өңірімізге жасаған мониторингтік миссиясының ұсыныстарын, соның ішінде Түркістан облысының халқын таза ауызсумен қамтамасыз етуге қатысты пікірлерін мұқият қарастырдық. Бұл – біздің өңір үшін аса өзекті мәселе. Бүгінгі таңда қолжетімді су көздері жеткіліксіз әрі олардың сапасы қойылатын талаптарға сай емес. Бұл жағдай халық денсаулығына кері әсер етіп отыр. Егер алдағы уақытта осы мәселені шешуге бағытталған жоба қаралатын болса, онда бірінші кезекте халықтың таза ауызсуға қол жеткізуіне басымдық беріледі. Біз бұл өлкеге жауапты тарап ретінде Батыс Тянь-Шань ЮНЕСКО Дүниежүзілік мұрасы нысанының ерекше әмбебап құндылығын сақтау жөніндегі Комитеттің ұстанымын толық қолдаймыз, – деді Зұлпыхар Сансызбайұлы.
Естеріңізге салсақ, Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан бірлесіп, 2016 жылы ЮНЕСКО тізімін Батыс Тянь-Шань атауымен енгізілген Дүниежүзілік табиғи мұрасына «Ақсу Жабағылы» және «Қаратау» мемлекеттік табиғи қорықтары және «Сайрам-Өгем» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумақтары енген. Бұл мәртебе мемлекетіміз бен Түркістан облысының аталған аймақтардың әлемдік дәрежедегі бірегей табиғатын қорғауға жауапкершілігін білдіреді. Сондай-ақ аймаққа отандық және шетелдік туристерді тарту үшін жақсы мүмкіндік береді.
Сессия қорытындысымен Комитет Дүниежүзілік мұра тізіміне 26 жаңа нысанды енгізіп, 248 тіркелген нысанның сақталу жағдайы бойынша есептерді қарастырды. Олардың ішінде Қазақстанға тиесілі 4 нысан қамтылды: Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Батыс Тянь-Шань, Тұран шөлдері және Жібек жолының Чанъань-Тянь-Шань дәлізінің бағдарлар желісі.
Комитет Қазақстан Республикасының «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Заңының қабылдануын ресми түрде құптады. Сондай-ақ аталған заңда мәдени мұраны қорғау, туризмді орнықты сипатта қадалағалау және қала дамуындағы қағидалар қамтылғаны, кесененің күзет аймағының шекарасынан 100 метр қашықтықта биіктігі жеті метрден асатын объектілер салуға жол берілмейтіні аталып өткен.
Қазақстан делегациясы өз баяндамасында осы заң актісінде 1972 жылғы Конвенцияға бірнеше рет сілтеме жасалғанын және Түркістан қаласының дамуы осы халықаралық құжатпен сәйкес екенін атап өтті.
Еске салайық, биыл 3 наурызда Мемлекет басшысы «Түркістан қаласының ерекше мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.Заңда еліміздің рухани, тарихи-мәдени, туристік орталығы және сәулет мұрасы ретіндегі Түркістан қаласының ерекше мәртебесі бекітілген.
Құжат:
- қаланың тарихи-мәдени ескерткіштері мен нысандарын басқарудың, сақтаудың және тұтастығын қамтамасыз етудің тиімді жүйесін құруға;
- Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен оның қорғау аймағындағы ескерткіштерге археологиялық және ғылыми-реставрациялық жұмыстарды жоспарлауға және басқаруға;
- тарихи-мәдени мұраны сақтауға, дамытуға, қайта жаңғыртуға және ұлттық қолөнерді дәріптеуге;
- қаланың тарихи-мәдени нысандарын қорғау және пайдалану жөнінде қабылданған шешімдерді ғылыми тұрғыдан қамтамасыз етуге бағытталған.
Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің бірегейлігін сақтап қалу үшін Түркістан қаласының аумағында тарихи нысандарға айтарлықтай қауіп төндіруі мүмкін жұмыстарды жүргізуге тыйым салынады. Сонымен қатар кесенені қорғау аймағында биіктігі 7 метрден асатын және оның шекарасынан 100 метр қашықтықта ауқымы, түсі мен құрылыс материалдары бойынша ескерткіштермен үйлеспейтін нысандар салуға рұқсат етілмейді.
Шаһар аумағында археологиялық ескерткіштердің резерваты құрылады.
Қалада жайлы орта құру, соның ішінде мүгедектігі бар адамдарға инфрақұрылымдарды қолжетімді ету және инклюзивті туризмді дамыту маңызды бағытқа айналады. Бұл жергілікті тұрғындар мен туристер үшін қаланы қолайлы әрі тартымды етуге мүмкіндік береді.
Қаланың дамуын тиімді басқару үшін Түркістанның әкімдігі мен мәслихаты қосымша өкілеттікке ие болады. Сол арқылы шешімдерді қабылдау үдерісі жеделдейді, тарихи-мәдени нысандарды сақтауға бақылау күшейеді және қаланың бірыңғай дизайн коды енгізіледі. Өз кезегінде мемлекеттік бақылау қолөнер шеберлерін қолдауға, көлік транзитін реттеуге және қаланың тарихи бірегейлігін сақтауға ықпал етеді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.