«Заң мен Тәртіп»: Шымкент қаласында ерекше фотокөрме ұйымдастырылды

Шымкент қаласындағы «Shymkent Plaza» ойын-сауық орталығында полицейлердің күнделікті қызметі мен жанқиярлық еңбегіне арналған «Заң мен Тәртіп» атты фотокөрме ұйымдастырылды.

Көрмеде құқық қорғаушылардың күнделікті көшелерді патрульдеуінен бастап, барынша зейін мен батылдықты, кәсібилікті талап ететін сәттеріне дейінгі жұмысын шынайы бейнелейтін жарқын әрі әсерлі фотосуреттер қойылды.

Әрбір сурет полицейлердің қиын да абыройлы еңбегі туралы баяндайтын тірі құжат іспетті. Іс-шараның ерекше атмосферасын Ұлттық ұлан оркестрінің өнері толықтыра түсті.

«Біз бірнеше ондаған фотосуреттерді жинадық: онда жас офицерлер қызметін қалай бастайды, полиция қызметкері балалармен қалай жұмыс істейді, бәрі көрініс тапқан. Балалардың тәртіп сақшыларынан қорықпауы, керісінше оларды көмекші және қорғаушы ретінде көруі өте маңызды. Полиция қызметкерлерінің күнделікті жасайтын көптеген әрекеттері қарапайым азаматқа әрқашан мәлім бола бермейді. Автокөліктегі өртті сөндіруге көмектесіп жатқан патруль қызметкерлерінің әрекеті түсірілген фотосурет бар. Бұл кәдімгі үйреншікті оқиға сияқты көрінуі мүмкін, бірақ біздің көптеген отандастарымыз қиналып тұрған жүргізушіні айналып өтіп кетті. Ал бұл шұғыл әрекет етуді және көмектесуге дайын болуды талап ететін жағдай еді», — дейді фотосуреттерді таңдау туралы айтып өткен Шымкент қалалық ІІолиция департаменті баспасөз қызметінің аға лейтенанты Ғазиза Ғаниқызы.

Фотокөрмені жүздеген адам, оның ішінде ересектер мен балалар да тамашалады. Қонақтардың қатарында арнайы «Жас сақшы» сыныптарының оқушылары да болды. Бұл олар үшін жауапкершілік пен қоғамға қызмет етудің көрнекі әрі шабыттандыратын үлгісі болды. Жастар фотоэкспозициямен танысып, сұрақтар қойып, өз әсерлерімен бөлісті.

– Бұл көрме арқылы полиция қызметкерлерінің қоғам тыныштығын күзету жолындағы еңбегімен жақынырақ таныстық. Мұндағы суреттерден олардың табандылығы мен өз ісіне адалдығы көрінеді. Әр адам көрмеден өзіне қажетті ой түйеді: біреу үшін – бұл үлгі алатын мамандық, енді біреу үшін – құрметке лайық еңбек, ал кейбіреулерге – шабыт беретін оқиға, – деп бөлісті келушілердің бірі.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, шараның басты мақсаты – халықтың сенімін арттыру мен полицейдің бейнесін Заң мен Тәртіптің қорғаушысы ретінде қалыптастыру.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You