![]()
Теміржол саласында ұзақ жылдар бойы абыроймен еңбек етіп келе жатқан Айнұра Ибрагимқызы Көшерова – өз ісінің нағыз маманы. Ол 1973 жылы 14 желтоқсанда дүниеге келген. Кәсіби жолын Сарыағаш станциясында тасымалдау құжаттарын өңдеуші оператор лауазымынан бастап, бүгінгі таңда осы қызметтің аға операторы ретінде жұмыс атқаруда.
Айнұра Ибрагимқызының темір жол саласындағы еңбек өтілі 19,5 жылды құрайды. Осы уақыт аралығында ол өзінің жоғары жауапкершілігімен, ұқыптылығы және кәсіби біліктілігімен әріптестері арасында зор құрметке ие болды.
Ол атқаратын қызмет тасымалдау процесін тиімді ұйымдастыру мен құжаттарды уақтылы әрі сапалы рәсімдеуді талап етеді. Айнұра Ибрагимқызы бұл міндетті үлкен жауапкершілікпен атқарып келеді.
Теміржол – мемлекеттің күретамыры болса, осындай өз ісіне адал мамандар саланың дамуына зор үлес қосып келеді. Айнұра Ибрагимқызы Көшерова – соның айқын дәлелі.
Осы салада табандылықпен еңбек етіп, уақыт талабына сай қызмет атқарып жүрген азаматтардың бірі — Ақмарал Абайқызы Пазылова.
Ол 1968 жылдың 7 тамызында дүниеге келген. Ол өзінің еңбек жолын теміржол саласында бастап, осы салада 26 жыл бойы адал қызмет етіп келеді. Жұмыс жолын Шеңгелді станциясында пойыз қабылдаушысы қызметінен бастаған. Бұл жауапты лауазымда жүріп, үлкен тәжірибе жинақтап, кәсіби біліктілігін көрсете білді.
Қазіргі таңда тасымалдау құжаттарын өңдеуші оператор қызметін атқаруда. Ол теміржол тасымалдарының құжат айналымын дәлдікпен, ұқыптылықпен орындайтын жоғары деңгейдегі маман ретінде әріптестері арасында зор беделге ие. Өз ісіне жауапкершілікпен қарап, жылдар бойы жинаған тәжірибесі мен кәсібилігі арқасында талай жас маманға үлгі бола білді.
Ол тек кәсіби маман ғана емес, сондай-ақ еңбекқорлық пен тәртіптіліктің жарқын үлгісі.
Сонымен қатар Оразымбет Жақсыбек те — темір жол саласында ұзақ жылғы тәжірибесімен ерекшеленетін маман. Оның еңбек жолы Сарыағаш станциясындағы жүк және багаж қабылдап тапсырушы лауазымынан басталды. Осы қызметтен бастап, ол пойыздар қабылдаушы ретінде жауапты міндеттерді абыроймен атқарып, кәсіптік шеберлігін шыңдады.
Қазіргі таңда Оразымбет Жақсыбек жүк және багаж қабылдап тапсырушы болып қызмет етеді. Ол өз жұмысында жоғары кәсібилік пен адалдықты ұстана отырып, темір жол саласының дамуына елеулі үлес қосуда. Оның 21 жылдық еңбек өтілі – бұл саланың күрделі міндеттерін тиімді орындап, сенімді қызмет көрсетуге бағытталған табанды еңбектің айқын дәлелі. Оның тәжірибесі мен кәсібилігі жаңа буын мамандарға үлгі болып, темір жол инфрақұрылымының дамуына өз ықпалын тигізуде.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.
