Жолдау-2025: ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақстан міндетті түрде цифрлық ел болуы керек»

Loading

«Жасанды интеллектінің қарқынды дамуы қазірдің өзінде халықтың, әсіресе, жастардың мінез-құлқы мен болмыс-бітіміне әсер етіп жатыр.

Басқаша болуы мүмкін емес. Себебі бұл үрдіс бүкіл әлемде қалыптасқан тәртіпті және адамдардың өмір сүру салтын біржола өзгертуде. Біз бұған дайын болып, батыл әрекет етуіміз керек. Әйтпесе артта қалудың салдары өте ауыр болады.

Сондықтан мен алдымызға өте маңызды стратегиялық мақсат қойдым. Қазақстан үш жыл ішінде міндетті түрде жаппай цифрлық ел болуы керек.

Біз жаппай цифрландыру және жасанды интеллект технологиясын барынша енгізу арқылы экономиканы жаңғыртуымыз қажет.

Ол үшін, ең алдымен, Цифрлық кодексті тезірек қабылдаған жөн.

Бұл заңда цифрландыру үдерісінің негізгі бағыттары, соның ішінде жасанды интеллект, платформалық экономика, үлкен дерекқорларды пайдалану және басқа да мәселелер айқындалуға тиіс.

Жаңа технологиялық қалыптың ажырамас бөлігіне айналу үшін бүкіл мемлекеттік басқару жүйесін қайта құрып, оның азаматтар мүддесіне сай болуын қамтамасыз ету, сондай-ақ ашықтығы мен тиімділігін еселеп арттыру керек.

Сондықтан қазіргі құзырлы министрліктің негізінде Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құру қажет деп санаймын. Жаңа министрлікті Премьер-министрдің орынбасары деңгейіндегі маман басқаруы керек.

Үкімет экономиканың барлық саласын жаңғырту үшін жаппай жасанды интеллектіні енгізу қажет. Қазақстанды бәсекеге қабілетті ел ретінде дамытамыз десек, жұмысымызды жаңаша тәсілмен жүргізуіміз керек.   

Жасанды интеллектіні жаппай енгізу және жаппай цифрландыру еліміздің барлық саладағы әлеуетін еселеп арттырады. Біздің стратегиялық бағдарымыздың ең басты қыры осы болуға тиіс.

Әрине, елімізде суперкомпьютердің іске қосылуы – зор жетістік. Бірақ мұны Үкімет те, бүкіл қоғам да Қазақстанды, шын мәнінде, цифрлық мемлекетке айналдыратын жан-жақты және қарқынды жұмыстың бастауы ретінде қабылдауға тиіс.

Осы міндетті тиімді орындау үшін Үкіметке цифрландыру ісі мен жасанды интеллектіні дамытуға арналған «Digital Qazaqstan» атты біртұтас тұжырымдамалық құжат әзірлейді. Онда бастамалар мен жобалардың бәрі жалпыұлттық стратегия аясында біріктірілетін болады.

Түптеп келгенде, еліміздің түбегейлі цифрлық жаңғыруын халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бастайтын жол дей аламыз.

Мемлекет әр азаматтың лайықты табыс тауып, сапалы әлеуметтік қызмет алып, ертеңгі күніне сенімді болуы үшін барынша жағдай жасай береді.

Себебі қолға алынған барлық реформа бір ғана мақсатты көздейді. Бұл – халықтың әл-ауқатын арттыру және елдің жан-жақты өрлеуін қамтамасыз ету. Еліміздің халықаралық беделін арттыру жолындағы күш-жігеріміздің түпкі мәні де – осы.

Цифрландыру және жасанды интеллект дәуірінде мемлекетіміздің ұлттық стратегиялық мүддесіне сай келетін теңгерімді әрі сындарлы сыртқы саясаты әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан орнықты дамуымызға зор ықпал етеді деп сенемін».

 «ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You